Жексенбі, 01 Қазан 2023 16:30

Сауран ауданында Қарттар күні кең көлемде аталып өтті

1-қазан Халықаралық қарттар күні ретінде сонау 1990 жылдан бері дүние жүзінде аталып өтіледі. Қазыналы қарттарымызға бұл күні құрмет көрсетіліп, олардың өнегелі жолы мен өмірі насихатталады. Бұл мереке Сауран ауданында да «Қартқа құрмет - ұрпаққа міндет» тақырыбымен жоғары деңгейде аталып өтті.

Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев, аудандық мәслихат депутаты Арслан Рахматуллаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов арнайы қатысып, қарттарды мерекемен құттықтады. -«Қарты бар елдің қазынасы бар» деген асыл сөзді халқымыз бекер айтпаса керек. Қай кезде де елінің тілеуін тілеп, жұртына қамқор болатын үлкендердің орны бөлек. Әсіресе, ардагер ардақтыларымызды құрметтеу – баршамыздың парызымыз. Мерекелеріңіз құтты болсын құрметті қазыналар! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін,- деді Серік Өмірханұлы.

Бірқатар ауданға еңбегі сіңген қарттарға аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттап, сый-құрмет көрсетілді. Аудан бойынша 747 ардагер, 262 тыл ардагері бар. Оның біреуі соғыс ардагері. Оларға тек мереке күні ғана емес, жай күндері де құрмет көрсетіліп жүр. Зейнетке шықса да, ауданның қоғамның саяси өмірінен қол үзген емес. Жастарға ақылын айтып, тәжірибелерімен бөлісіп, жол сілтеп жүр.

Қария – даналық көзі. Қарты бар ауылдың берекесі, бірлігі бар. Себебі, елдің ниеті, сөзі, ойы бір болу үшін, елді бастай білетін, елі қостай білетін қариялар дәйім керек. Ақылы дария қариялардың көкірегі толы өсиет. Көргені көп адамдардың ақылын тыңдап, сөзін санаға түйіп жүргеннен ешкім жаман болмас. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегенді әсте естен шығармағанымыз абзал.

Осынау атаулы күннің тарихына көз жүгірте кетсек, Халықаралық қарттар күні - 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында бекітіліп, жарияланды. Бұл мереке елімізде жыл сайын аталып өтіледі. Және оның аясында қарттарға құрмет көрсетіліп, түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, қарттарға құрмет көрсету акциялары, мемлекет тарапынан біржолғы қаржылай көмек, сондай-ақ, азық-түлік себеті, шипажайларға жолдама және тағы басқа. Сол секілді, егде жастағы жандарға арналып мерекелік концерт те ұйымдастырылады. Одан бөлек, қарттарға арналған ауқымды шараның бірі «Белсенді ұзақ өмір» ұлттық жобасы. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі былтыр қолға алған жоба аясында еліміздің барлық өңірлерінде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу жоспарланған. Жоспарға сай онда егде жастағы жандар бос уақытын өткізе алады. Аталған орталықта ағылшын тілін үйрену, компьютерлік сауаттылық курстарынан өту, емдік дене шынықтыру, би және тағы басқа шараларды өткізу қарастырылған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі берген статистикаға сүйенсек, бүгінде елімізде 2 млн 236 мың қарт жан (зейнет жасындағы) бар. Қазақстан Республикасының Конституциясында қарт адамдардың жалпы азаматтық және арнайы құқықтары мен мүдделері, оның ішінде жасы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру кепілдіктері бекітілген. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес, қарт адамдарға 60 пен 74 жас, кәрілерге 75-89 жас аралығындағылар, ал ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 65 жастан асқандар халықтың 7,5 пайызын құраса, ал 2030 жылы 11,5 пайызын құрайтын болады.

Осы мерекеге орай, елімізде қарттарды қолдаудың айлығы өткізіліп келеді. Бұл акция осыдан бірнеше жыл бұрын ардагерлер ұйымының бастамасымен шыққан еді, содан бері ол дамып, қоғамымызда жаппай қолдауға ие болуда. Қарттарға қайырымдылық көмек берушілердің саны жылдан-жылға көбейіп, әлеуметтік көмек алушылар саны да арта түсуде. Осының өзі қоғамымызда қарттарға деген қамқорлықтың, оларға деген жанашырлықтың арта түскенін айғақтайды. Әсіресе, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккер­леріне деген қамқорлыққа қарттар дән риза. Қазір елімізде Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккерлері көп қалған жоқ. Оларға деген үкімет пен қоғамның қамқорлығы үнемі жасалып тұру керектігін мемлекет басшысы үнемі ескертіп отырады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 362 рет