Білім бөліміне қарасты барлық мектеп асханаларында сыныптардың тамақтану уақытының кестесі құрылып, ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Тағам рационы Ұлттық тамақтану орталығы ұсынған "Мектеп оқушыларының тағам рационы бойынша бірыңғай стандарттар" әдістемелік ұсынымына сәйкес жасалады.Мәзірді әзірлеуде балалардың жас ерекшелігі ескеріледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1-4 сынып оқушыларын мектепте тегін тамақпен қамту туралы тапсырма берген болатын. Президенттің бұл бастамасы балалардың денсаулығына, жақсы дамуына, оқу үлгерімін және әл-ауқатын жақсартуына оң әсер ететіні сөзсіз. Осы мақсатта биылғы жаңа оқу жылында барлық бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Бұл туралы таяуда Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының білім басқармасының басшысы м.у.а. Ардақ Садықова айтып берген болатын.
Ардақ Мәдіханқызы атап өткендей, бүгінгі таңда облыстағы 1-4 сыныпта оқитын 187 832 балалар (оның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысында көрсетілген санаттарындағы 31 577 бала ағымдағы жылы бір реттік ыстық тамақпен қамтылған) 1 қыркүйектен бастап тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.
«1-4 сыныптағы оқушылардың тегін тамақтануына бюджетте қаралған қаржы шегінде 6 196 761 мың теңге бөлінді. Бұған дейінгі талдау барысында, 110 асханасы жоқ деп хабарланған мектептердің 83-інде қосымша бөлмелер ажыратылып, ыстық тамақ беруге жағдай жасалып, балалар тамақпен қамтамасыз етілуде, ал қалған 19-ына ыстық тамақ ең жақын маңдағы мектептерде дайындалып, мердігерлер тарапынан тасымалданып, қамтамасыз етілуде», - деді басқарма басшысы.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей қолдауымен аталған мәселе бүгінде оң шешімін тауып отыр. Бұл жаңалық ата-аналарды да, балаларды да қуантатыны анық. Себебі бұған дейін тегін ыстық тамақ оқушыларға тек әлеуметтік жағдайына қарай беріліп келген. Айта кетерлігі, оқушыларды ыстық тамақпен қамту осы жылдың соңына дейін қарастырылған. 2024 жылы қосымша қаржы бөлуге Адами әлеуетті дамыту басқармасы ұсыныс жасайды.
Айта кетейік, «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушыны, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандырумен қамту жоспарланған», - делінген Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінін мәліметінде. Республика бойынша тегін тамақтану құны орта есеппен 577 теңгені құрайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында барлық өңірлердің оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілген. Осылайша жаңа оқу жылында 100% көрсеткішке қол жеткізіліп отыр деуге әбден болады. Бүгінде министрлік мектептегі тамақтану сапасын арттыру мәселесін пысықтап жатыр.
«AQ-QARA.KZ»