Сенбі, 30 Қыркүйек 2023 13:04

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ҮШ «БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР» ОРТАЛЫҚТАРЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Шымкент қаласы бойынша қараусыз қалған қарияларды да мемлекет қамқорлығына алу мақсатында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №10-шы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы жұмыс істеуде.

Қазіргі таңда 50 адамға арналған толық стационарлы мекемеде 40 қария бар.

Мекеменің басты міндеті – қарияларымызға үй жағдайындағыдай қызмет көрсетіп, өмір сүру сапасын жақсарту. Қарияларға тұрмыстық, медициналық, психологиялық, экономикалық, құқықтық, мәдени және еңбек сынды 7 бағыт бойынша әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі. Ғимарат асхана, массаж бөлмесі, бассейн және кір жуу бөлмелерімен жабдықталған.

Сондай-ақ зейнет жасындағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қала бойынша үш «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары қызмет көрсетуде. Күнделікті 700-ге жуық қария мұнда екі ауысым бойынша қызмет алады.

Қалалық мәслихаттың шешіміне сәйкес, зейнет жасындағы азаматтарды санаторлық-емдеумен қамтамасыз ету де қарастырылған.

Айта кетейік, биылдан бастап шипажайларда қызмет алу күндері 6 күннен 10 күнге ұзартылатын болады.

Жыл басынан бері «Денсаулық» профилакториясы, «Ақсу Жабағылы» шипа жайы, Тараздағы Айша бибі, Арыс шипажайы мен Ақсу-демі және Кәусар-бұлақ шипажайларына 3 726 адам жолдама алған. Жалпы, биыл 5280 зейнеткерді шипажайларда оңалту шараларымен қамту жоспарланып отыр.

Қарттардың игілігі үшін қала аумағында қосымша «Ізетті зейнеткер» атауымен шипажай ашылатын болады. Алдағы уақытта зейнеткерлердің шипажайларда емделуге кезекке тұруы автоматтандырылатын болады. Аталмыш мемлекеттік қызмет түрін geo-shym.kz/ порталына тіркеп, жыл соңына дейін пилоттық жоба негізінде іске қосу көзделуде.

ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлері «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан», «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента», «Айқын» газеттері мен «Ардақты ардагер» журналына 1-2 жартыжылдыққа тегін басылымдармен қамтамасыз етілуде.

 

 

 

Оқылды 339 рет