Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков 1 қазан – халықаралық Қарттар күніне орай тыл ардагерлерінің шаңырақтарына барып, мерекелерімен құттықтады. Қазыналы қарияларға құрмет көрсеткен қала басшысы ақсақалдардың өсиетін тыңдап, ізгі тілегін жеткізді.
– Мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін еселі еңбек етуді сіздерден үлгі-өнеге еттік. Халқының тілеуін тілеп, ақ батасын берген өздеріңіздей қадірлі қарияларымыздың жол көрсетуімен өсіп-өніп келеміз. Ұрпақтар сабақтастығымен алған тәлім-тәрбиемізді өзімізден кейінгі буынға жеткізсек, үміттеріңізді ақтағанымыз болар. Әрдайым ортамызда аман жүріңіздер! – деді қала әкімі.
Қала басшысы құрмет көрсеткен Ағабек Сүгірәлиев қарияның Шымкент қаласының дамуына қосқан үлесі орасан. Ал Жолдыбай Еңдібаев ақсақал – елімізге еңбегі сіңген құрылысшы.
Арнайы құттықтау барысында қарияларға естелік сыйлықтар тарту етілді. Осынау құрмет-қошеметке ризашылықтарын білдірген ақсақалдар ақ батасын берді.
Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша ай сайын 80 жастан асқан жалғызілікті қарттарға 2 АЕК яғни, 6900 теңгеден әлеуметтік көмек төленуде.
9 Мамыр Жеңіс күніне орай 3 ҰОС ардагеріне 360 АЕК (1 242 000) теңгеден және 2 мыңнан астам тыл еңбеккеріне 12 АЕК, (41 400) теңгеден әлеуметтік көмек төленді.
Сондай-ақ соғыс ардагерлеріне ай сайын 5 АЕК (17 250) теңгеден берілуде.
Сонымен қатар, әлеуметтік қызметкерлер 500-ден астам зейнеткерге үйлеріне барып қызмет көрсетуде. Арнаулы әлеуметтік қызмет алушы қариялардың қала аумағында ұл-қыздары жоқ немесе балалары еңбекке жарамсыз. Сала мамандары қызмет алушыларға аптасына екі рет барып азық-түлік пен дәрі-дәрмектерін жеткізеді, әлеуметтік-психологиялық, медициналық және тұрмыстық қызмет түрлерін көрсетеді.