Шымкентте өтеусіз гранттар бөлу жөніндегі комиссия жұмысқа кірісті. Мемлекеттік өтеусіз гранттың үшінші ағымында "Business.enbek.kz" порталға барлығы 1780 өтініш келіп түсті. Бүгін кандидаттардың өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның отырысы басталды.
25 қыркүйектен 5 қазанға дейін өтеусіз қаражат алғысы келетін азаматтар өздерінің бизнес-жобаларын комиссия алдында қорғайтын болады. Қоғамдық белсенділерден, БАҚ өкілдерінен, қоғамдық бірлестіктерден, кәсіпкерлерден тұратын комиссия өкілдері бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай критерийлер бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.
Осылайша, комиссия грант беру туралы шешімді үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылдайды.
Комиссияның шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету үшін комиссия отырысы қалалық "еңбек ұтқырлығы" орталығының Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында тікелей эфирде көрсетіледі.
Жалпы, Шымкентте биыл халықтың әлеуметтік осал топтарынан 447 азаматқа 400 АЕК көлемінде гранттар беру жоспарлануда. Жыл басынан бері бірінші және екінші лектің қорытындысы бойынша 228 азамат грант иегері атанды. Бұл жолы 219 азаматқа грант беру жоспарлануда. Қаражат шикізатты, материалдарды, техниканы сатып алуға жұмсалады.
Естеріңізге сала кетейік, комиссия оң шешім қабылдаған жағдайда үміткер банктік деректемелерді ұсынады, шартқа қол қояды және қаражатты пайдалану туралы есептерді тоқсан сайын ұсынады. Мұның бәрі халықты жұмыспен қамту орталықтарына бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.