Бейсенбі, 05 Қазан 2023 16:07

Сауран ауданындағы 3 елді мекенге жыл соңына дейін көгілдір отын кіргізілмек

Жаңа Иқандықтар көптен күткен көгілдір отынға қосылып, қуаныштары еселенді күні кеше. Мемлекет басшысының Қазақстан аймақтарын газдандыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында аталмыш жоба жүзеге асырылуда. Газды қосу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зулфухар Жолдасов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов пен аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев қатысты.

– Міне, көптен күткен Ибата ауылына көгілдір отын – газ келді. Осы нысанның құрылысы мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында жүргізілді. Ендігі жерде Сіздер қыс басталғанға дейін газ кіргізуді қолға алу қажет деп санаймын. Газ негізінен экологиялық таза отын, алдағы уақытта елді мекен халқының әл-ауқатын дамытуға серпіліс береді деп ойлаймын, – деді Зулфухар Жолдасов.

Ибата және Ойық елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз үшін 2020-2021 жылдары арқылы құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілген. Мердігер мекеме – «Күмбез Констракшн» ЖШС-гі. Жоба бойынша 44 көше газ құбыры тартылған. Ибата елді мекені бойынша жасалынған жобаның құны – 2 031,503 млн теңге. Ал, Ойық елді мекені бойынша жасалынған жобаның құны – 341,982 млн.теңге.

Тұрғындар алдында сөз сөйлеген Санжар Жаркешов: «Биыл ұлттық компания 19 елді мекенді газға қосты. Бүгінгі таңда жобаны жүзеге асырудың арқасында Ибата ауылының 8 мыңға жуық тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізді. Сонымен Түркістан облысында 14 ауданның 13-і газдандырылды. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Сауран өңірінің Ойық, Бершінтөбе және Шоқтас елді мекендерін қосу жоспарлануда», – деді.

Ибата ауылының тұрғыны Дильназа Дилматинованың бүгін қуанышынша шек жоқ. Жаз айын ала бере қысқы отынның қамына кірісетін бұл отбасы биыл көгілдір отынға қосылды. От шағып, күл шығарудың машақатынан құтылды.  «Ауылымызға көгілдір отын келгеніне ерекше қуаныштымыз. Осыған дейін отын жарып, көмір жағып күнелтіп келген ауыл халқы енді газдың игілігін көретін болады. Шаңырағымыздың жылуы артып, түтіннен тазарып қалғаны көңіліге жылулық сыйлайды. Басшыларға үлкен алғысымды білдіремін»,- деді Дильназа.

Сауран ауданында 36 елді мекен болса, оның 8 елді мекені тауарлық газбен қамтылған. Басқа елді мекендерге Президент тапсырмасына сәйкес, кезең-кезеңімен газ құбыры тартылады.

Биыл наурыз айының аяғында Түркістан облысында құрылысы жүргізіліп, бірақ іске қосылмай тұрған газ құбырлары мен газ таратушы станцияларын жөндеп, іске қосу, елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамту мәселесі талқыланған мәжіліс өткені белгілі.

Сол жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды салаға жауапты мекеме басшылары мен аудан, қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырған болатын. Жұмысты сапасыз орындаған мердігерлердің мәселесін заң аясында қарау керектігін атап өтті. Жауапты басқармаларға осы саладағы қаржыны дұрыс жоспарлау, жобаларды қаржыландыруды жүйелеуді жүктеген-ді.

– Аудан, қалаларда халықпен кездесулерде ел инфрақұрылым, соның ішінде газ мәселесін жиі қозғайды. Кейбір жобалар қаржы бөлінсе де, сапасыз орындалған немесе соңына дейін жүзеге аспаған. Мәселені жасыру емес, шешу жолдарын қарастыру керек. Егер газ жүргізуге жауапты мердігер жұмысын келісімшартқа сәйкес атқармаса, заң органдарына ұсынылсын. Бұл түйткілді өзім тікелей бақылауыма аламын. Жұмыс уақтылы атқарылмаған соң қаржыландыру да қиынға соғады. Ондай мысалдар бар. Аймақты газдандыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жоспарға сай жұмыс жүргізген жөн. Газ кіргізу жұмыстарын мейілінше жылдамдату қажет. Әйтпесе, алдағы жылыту маусымына үлгермей қалуы мүмкін. Газды үйлерге кіргізу, құжаттарын реттеу да уақытты алады. Биыл жоспарланған жұмыстар жедел атқарылып, елді мекендерге газ берілсін. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдері жұмысты ширатыңыздар. Инфрақұрылым бойынша әрбір жобаны қатаң қадағалап, соңына дейін жеткізу қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің айтуынша, облыс табиғи газды 2018 жылға дейін «Газли-Шымкент» магистралды газ құбырынан тұтынған. 2018 жылдан бастап отандық «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырынан газ алуда.

2023 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша Түркістан облысында 833 елді мекеннің 465-і табиғи газбен қамтылған, пайыздық көрсеткіші 55,8. Яғни, 1 млн. 538 мың тұрғын немесе тұрғындардың 76,8 пайызы табиғи газды қосу мүмкіндігіне қол жеткізген. Өңірде 2023 жылы 101 нысанның құрылысына 17,6 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 70 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 31 нысан 2024 жылға өтпелі. Қалған қолдау таппаған нысандар 2024-2026 жылдарға республикалық бюджетті қалыптастыруға ұсынылған. Осы саладағы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде бір жылда облыстағы елді мекендердің газбен қамтылу көрсеткішін 62,7 %-ға, яғни, 465-тен 521-ге жеткізу жоспарланып отыр.

Жалпы, ел тұрғындарын газбен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы назар аударып отырған басым бағыттардың бірі. Халық игілігіне айналатын бұл маңызды жоба республика бойынша жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе ауыл-аймақтарды газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әлемдік энергетикада көгілдір отынның маңызы айрықша. Кез келген мемлекеттің де экономикасында стратегиялық мәнге ие. Табиғи газ анағұрлым экологиялық таза отын, оның үстіне өнеркәсіпте құнды шикізат саналады. Сол үшін ол бизнеске де, тұрғындарға да қажет. Әлемдік экономикадағы газға деген зор сұраныс осымен байланысты. Ал оны пайдалану – қай елдің болсын даму деңгейінің көрсеткіші.

Көптеген дамыған елдердің өз энергетикасында көмірден газға дейінгі өрлеу жолын жүріп өткені бекер емес. Бұл негізінен Еуропа, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея басынан кешірген құбылыс. Көмірмен салыстырғанда, газ қоры жер бетінде шашыраңқы орналасқан. Сондықтан оны өндіру мен тұтынушыға жеткізу ірі инфрақұрылымды қажет етеді.

Ал қазақ жері газға бай. Қазіргі табылған көлемінің өзі шамамен 70 жылға жетеді. Қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанда алуға келетін 3,8 триллион текше метр газ қоры бар деп бекіткен екен. Әлеуетті ресурстары 6-8 трлн текше метрге дейін жетеді. Газ қоры жөнінен Қазақстан әлемде 22-орында. Ал ТМД бойынша Ресей және Түрікменстан елінен кейінгі 3-орында тұр. Айта кетейік, тәуелсіздік алған 1991 жылы елде 7,9 млрд текше метр «көгілдір отын» өндіріліпті, ал одан бергі 30 жыл ішінде ол 56 миллиард текше метрге жуықтаған.

Иә, көгілдір отынның қажеттілігі күн санап артуда. Әсіресе көмір бағасының жыл сайын шарықтауы ауылдағы ағайынға ауырлық туғызып жатқаны анық. Қазіргі кезде газбен қамтылмаған аймақтарды газдандыру жұмысы қолға алынып, соған сәйкес қажетті қаржы сомасы да қарастырылып жатыр.

Түптеп келгенде көгілдір отынның жүргізілуі елді мекеннің еңсесін тіктейтіні сөзсіз. Бұл күнді шалғайдағы ауыл халқы тағатсыздана күтіп жүр. Газдың келуі халықты пеш жағу тауқыметінен арылтып қана қоймасы анық. Экологиялық ахуалдың жақсаратынын айтпағанның өзінде, ол аймақ экономикасының қарқынды дамуына пәрмен берері сөзсіз. Әлбетте, мыңдаған шақырымнан құбыр тарту оңай болмасы анық. Бюджеттен бөлінетін қыруар қаржының арқасында келген газдың игілігінен құр қалмай, әр тұрғынның үйінде көгілдір отынның жанғаны екі жақты тиімді. Көгілдір отын – ел өміріне береке, табыс, шуақ алып келеді. Елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайына да үлкен серпін береді. Газ Ұлы Даланың қуаты, сондай-ақ ол мемлекеттік ауқымдағы бірқатар міндеттерді шешуге мүмкіндік туғызады.

«AQ-QARA.KZ»

Оқылды 218 рет