Шара барысында Шілік ауыл округінің әкімі Рүстемов Айдархан ел ауызында көптен бері айтылып жүрген мәселеге бей-жай қарамай, көпір салу ісіне қолдау білдірген Гүлсара Сейтжанова мен оның тәрбиесін алған ұрпақтарына елдің алғысын айтса, қоғам қайраткері Әлімжан Құртаев, ауыл имамы Жасеков Әзімхан, ауыл қариясы Әбуов Құрбандар сауабы мол қайырлы істі қолға алып, ел игілігіне қажетті көпір салып берген азаматтың өнегелі ісіне ризашылықтарын білдірді.
Жиында ауыл ақсақалы Тұрысов Хаббибулла - «халық көпірдің игілігін көрсін, еліміз өркендеп, ауылымыз көркейе берсін» - деп ақ батасын беріп, елдің амандығын тіледі. Жиын соңында ауыл әкімі игі іс жасап елдің алғысына бөленген азаматтың иығына зерлі шапан жауып, құрмет көрсетті.
Көпір салудың сауапты іске жататынын исі мұсылманның барлығы біледі десек, қателспейміз. Сауабы үзілмейтін, яғни пайда әкелуі жалғаса беретін садақа жария садақа деп аталатыны да белгілі. Садақа жария дегеніміз, қайырымдылық ретінде көпшілікке арналған, көпшілік қауымның тұтынып, пайдалануы үшін жасалған қайырлы іс, берілген игі садақа. Мысалы, мешіт, мектеп, медресе салу, емхана тұрғызу, жол, көпір салу, құдық қаздырып су шығару, т.б. Осындай қайырлы іске тікелей мұрындық болған кісілерге қол ұшын беріп, демеуші болғандарға, сондай-ақ өз үлесін қосқан әрбір жанға халық пайдаланып тұрғанша тірі кезінде де, дүниеден өткен соң да жасаған ізгі істерінің сауабы үздіксіз жетіп тұрады дейді асыл дініміз.
Хадистерде айтылатын «жүріп тұратын садақа» – адамдар алғыс айтып, күнделікті пайдаланатын көпір көтеру, жол салу, мешітпен бірге құдық қазу, су құбырын жүргізу, қайырымдылық мақсатта емхана, асхана, мектептер салу. Адамдар бұл ғимараттарды пайдаланған сайын, сауабы солардың көтерілуіне демеушілік қылған азаматтарға, иелеріне, құрылысшыларға, жалпы соған себепші болған кісілерге жетіп отырады. Бұлардың сауабы мен марапаты бұл дүниеде һәм ақыретте беріледі. Бұл дүниеде адамдар олар үшін рақмет айтып, БАҚ құраларында аттары атталып, алғыс хаттар берілсе, ақыретте сауабы Жаратушының құзырында. Сонымен қатар, сауап еш азаймайды. Пайғамбардың (с.ғ.с.) былай деп айтқан мәшһүр хадисы бар: «дәлун ғалал хаир ка фағилиһи» (Жақсылық жасауға себепші болған адам, сол ізгі амалды жасаушымен тең). Сол сияқты дін исламда жамандыққа себепші болсаңыз, сіздің артыңыздан жамандық жасаған барлық адамдардың күнәсі сізге жазылады. Өйткені, сол нәрсеге себепші болған өзіңіз. Сонымен, халықтың жақсы өмір сүруі үшін су құбырын жүргізу, балаларға жақсы мен жаманды, обал мен сауапты, оқып, жазу сауатын үйрететін білім ордаларын салу, әлеуметтік жағдайлары төмен отбасылары үшін жеңілдетілген немесе қайырымдылық емхана, асхана, дүкен салу, тіпті, ағаш отырғызу, көгалдандыру сияқты т.б. жұмыстар жасау – сауабы ақыретке дейін жетіп тұратын амалдарға жатады. Бастысы – ниеттің шынайы болуы.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»