Сәрсенбі, 11 Қазан 2023 00:41

Сауран ауданында ардагер ұстаздармен кездесу өтті

Сауран аудандық мәдениет үйінде ішкі саясат бөлімі және Шорнақ ауылдық клубының ұйымдастыруымен «Ардагерлердің тәлімі – ұрпаққа өнеге» тақырыбында ардагер ұстаздармен кездесу өтті.

Кездесудің мақсаты – оқушыларды ұстазды құрметтеуге, сыйлауға үйрету, ұстаз мамандығының қыры мен сырларын түсіндіру. Ұстаз еңбегін әрқашан бағалай білуге үйрету.

Кездесуге ардагер ұстаздар Өтеген Ашенов, Балымхан Байтенова, Фарида Ереханова, аудандық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Қалеке Марат, ішкі саясат бөлімінің мамандары, мәдениет үйінің өнерпаздары, мектеп оқушылары мен мұғалімдері, жастар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кездесуде ардагер ұстаздар, білім саласының ардагерлері Өтеген Ашенов, Балымхан Байтенова, Фарида Ереханова апайлар бұрынғы өткен еңбек жолы мен бала тәрбиелеудегі еңбектері жөнінде айтып, ұстаздық етудің қиындықтары мен қызықтары туралы сыр шертті.

Шара барысында ардагер ұстаздарға оқушылар көкейдегі сұрақтарын қойды. Кездесуге қатысушыларға мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты. Кездесу соңында ардагер ұстаз Ашенов Өтеген ақсақал жастарға ақ батасын берді. Кездесуді ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Қалекеев Марат қорытындылап, ардагер ұстаздарға алғысын білдірді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 663 рет