Қызу тазалық жұмыстарына 12 ауыл округтегі барлық мекемеден 311 қызметкер бір кісідей атсалысты. Әр ұжым өздеріне бөлінген аумақтарға, көшелерге тазалық жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде ауылдың кіре беріс аймағынан, орталық көшелер мен әлеуметтік нысандардың айналасынан 2,4 тонна қоқыс қалдықтары шығарылды.
Ауылдардағы бітеліп, ластанған жылғалар да күл-қоқыстан тазартылды. Оған 2 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар, жол жиектері бей-берекетсіз өскен шөптерден тазартылды. «Тазалық тазаланған жерде емес, ласталмаған жерде болады» демекші, тұрғындардың санасына тазалық сақтау мәдениеті орнықпайынша мәселенің тез шешілуі оңай емес. Саурандықтар тұрып жатқан мекенін таза ұстауға атсалысса игі. Сонда ғана аудандағы жауапты мекемелердің жанкешті еңбегі көзге көрінер ме еді?!
Жалпы тазалық жұмыстары, сенбілік жұмыстары тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауына, экологиялық мәдениет қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізері анық. Сенбілік - тазалық кепілі. Әр адам сенбілікке кішкене де болса атсалысып, үлесін қосса тазалыққа деген жауапкершілігі де арта түседі. Олар сенбілікке шығу арқылы тазалыққа деген жауапкершілікті нығайтады. Себебі,өзің тазалаған жерді сен ешқашан шашпайсың, керісінше, ауыл-ды бүлдіріп жүргендерге көз жұмып қарай алмай оларға ақылыңды айтасың. Сенбілік осыған үйретеді.
Ауыл тазалығы, оның көркі мен сәні әрбір тұрғынның өз ауласы мен үйінің маңайынан басталады емес пе? Кейбір тұрғындар аудан орталығында тұратынын көбіне ұмытып кететін болуы керек. Жан-жағыңызға қарасаңыз үй иелерінің жекеменшік баспанасының ауласы мен маңайын абаттандыруға құлықсыздығының, жан-жағына қоқыстарын қалай болса солай лақтыра беретіндігінің куәгері боласыз. Тіпті көршілес тұратындар бір-бірімен санаспайды, ұялмай көршісінің тазалаған аумағына қоқыстарын лақтырумен болады. Міне, осындай тәртіпсіздікке аудан, ауыл басшылары қатаң шара қолдануы керек.
«Тазалығымен ерекшеленген қандайда бір көрініс жанға жылу береді. Жанымызға рахат, көңілімізге шаттық сыйлайтын тазалақ шараларына алдағы уақытта да белсене қатыссақ нұр үстіне нұр болар еді» - дейді саурандық тұрғындар. Ауылдарды гүлдендіріп, көшелерді көркейтеміз десек, санитарлық тазалықты әркім өзінен, үйінің, ауласының маңынан бастауы керек. Туған өлкенің тазалығын қадағалау әрбір тұрғынның азаматтық парызы екенін естен шығармайық!
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»