Облыс аумағында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен құрылыс нысандарына бақылау мен қадағалау күшейтілді. Облыс аумағындағы заңсыз, негізгі құжаттарсыз және сапасыз құрылыстардың алдын алу, болдырмау мақсатында кешенді мониторинг жүргізілуде. Оның барысы жайлы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында баяндалды.
Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы саласындағы басты міндеттерінің бірі – құрылыс нысандарының сапалы және қауіпсіз болуын қадағалау. Басқарма басшысы Айдос Исмаиловтың баяндауынша, Сайрам ауданында жеке кәсіпкер өз жер теліміндегі құрылыс нысанын жобалау-сметалық құжаттамасынсыз, сараптаманың қорытындысын алмай, өз бетінше ғимарат салған. Құрылыс жұмыстары аяқталғанан кейін ғана тиісті басқармаға хабарлама жолдаған. Сол секілді Қазығұрт ауданында жеке кәсіпкер тарапынан салынған объектіні қабылдау және пайдалануға беру тәртібі бұзылған. Одан бөлек, Сарыағаш ауданында заң талаптарын сақтамай, құрылысы аяқталған 17 нысанның бірден тіркелгені анықталды. Аталған жайттарға қатысты істер құзырлы органдарға және сотқа жолданған.
Облыс бойынша бюджет және жеке қаражат есебінен салынып жатқан заң талаптарын бұза отырып, жұмыс атқарған 36 нысанның кемшіліктері анықталған. Оларға қатысты тиісті шара көріледі. Бүгінде облыс аумағындағы бюджет қаражаты және жеке кәсіпкерлік есебінен салынудағы құрылыс нысандарының саны мыңнан асады. Оның тең жартысы бюджет қаражаты есебінен салынуда.
– Құрылыс нысандарына 177 техникалық қадағалаушы мекеме инжинирингтік қызмет көрсетеді. Олардың жүзге жуығы айлық есепті кешіктіріп жолдауда. Бұл өз кезегінде, объект құрылысының нақты жай-күйі және барысын білуге кедергі жасайды және техникалық қадағалаушы мекемелер тарапынан өзіне жүктелген міндеттерге немқұрайлықпен қарап, тиісінше орындалып жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарына қадағалау жасамай, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы мен мемлекеттiк нормативтердiң талаптарын бұза отырып, жұмыстардың сапасыз атқарылуына әкеледі. Бұл жөнінде олар ескерту алды. Пайдалануға берілген ныснадарға қатысты да арыз-шағым көп. Басқармамен облыс аумағында 8 тұрғын үй, 2 мектеп және 1 инфрақұрылым желілеріне қатысты шара көрілді, – деді басқарма басшысы.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс барысы қадаң қадағалауда болатынын ескертті. Заңбұзушылыққа барған компаниялар лицензиясын айрылады.– Құрылысты мойнына алған компаниялардың қаражаты тек сол жоспарланған құрылысқа ғана жұмсалуы тиіс. Әр мердігердің бұл бағыттағы жұмысы қатаң қадағалануы керек. Ол үшін екінші деңгейдегі банктермен жұмыс жүргізу қажет. Мемлекеттік тапсырысты алып, алдымен ақшаны жеке бастарына жұмсайтындардың әрекетінен халық жапа шегеді. Құрылысты қадағалауға жауапты мекемелер жұмыстарын адал әрі әділ атқарсын. Әрбір нысанның артында ел үміті, мемлекет бюджеті тұр. Ғимараттар жобалық-сметалық құжатқа сай болып, жұмыстар қатаң қадағалансын. Егер қадғалаушы мекемелер мен құрылысқа жауапты басшылардың өзі бұған жол берсе, заң аясында жауапкершілікке тартылуы тиіс, – деді Дархан Сатыбалды.
Биылғы 8 айда тексеру қорытындысымен құрылыс барысында заң бұзғандарға 70 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. 2023 жылдың тамыз айының өзінде 9 580 375 теңге айыппұл салынған. Заң талаптарын салынған нысандар бойынша Шардара, Бәйдібек, Отырар, Келес, Созақ, Жетісай аудандары және Арыс қаласы әкімдіктерінде жұмыс жүргізу көрсеткіші төмен. Жалпы, өңірде құрылыс нысандарында анықталған ақаулар мен кемшіліктер бойынша заң аясында тиісті шаралар қабылданып, мердігерлер есебінен ретке келтірілуде.
Биыл Түркістанда 100-ден астам көпқабатты тұрғын үй салынады. Түркістан облысында құрылыс қарқыны артқан. Былтырғы жылдың қорытындысымен 100-ден астам нысан пайдалануға тапсырылды. Өткен жылы өңірде білім беру саласында 20,9 млрд. теңгеге 51 нысанның құрылысы жүргізілді. Оның 22-і пайдалануға берілді. Ал, денсаулық сақтау саласында 2,8 млрд. теңгеге 20 нысан іске асып жатыр. Оның ішінде Шардарада 150 келушіге арналған емхана, Түркістан қаласында жедел жәрдем станциясы, Ордабасы ауданында 2 ФАП пайдалануға тапсырылды. Мәдениет саласы бойынша 14 нысанның құрылысына 2,2 млрд. теңге бөлінген. Нысандардың құрылысы 2023 жылы толық аяқталады деп күтіліп отыр. Спорт саласында 13,8 млрд. теңгеге 12 нысан бой көтеруде. Тұрғын үй құрылысына 35,9 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржыға өңірде 129 үй салынады. Облыс орталығы Түркістан қаласында жалпы аумағы 250 мың шаршы метрден асатын 100-ден астам көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүреді. Атап айтқанда, 9 қабатты 36 үй, 7 қабатты 40 үй және 5 қабатты 20 несиелік тұрғын үй салынады. Сонымен қатар «Жаңа қала» аймағында инвесторлар есебінен 14 көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмақ.
Халық санының артуы, әсіресе тұрғын үй, мектеп, әлеуметтік нысандардың салынуын қажет ететіні анық. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы аясында Түркістан қаласында 7 мектеп салынатынын айта кетелік. Оның ішінде 2 мың орынды 3 мектеп екі жылда ел игілігіне берілмек. «Дарын» мектебі мен 4 тілде білім беретін халықаралық білім ордасы да ашылмақ. Түркістан қаласында жалпы аумағы 250 мың шаршы метрден асатын 100-ден аса көпқабатты тұрғын үй салынады. Атап айтқанда, 9 қабатты 36 үй, 7 қабатты 40 үй және 5 қабатты 20 несиелік тұрғын үй бой көтереді. Сонымен қатар «Жаңа қала» аймағында инвесторлар есебінен көпқабатты 14 тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмақ.
Жеке инвесторлар есебінен жүргізілетін көпқабатты үйлердің тізімі артпаса азайған емес. «Nur-Sultan City», «Нұртас», «Сырдария-2» «Караван Сарай», «Yassy Eco Village» деп аталатын түрлі тұрғын үй кешені салынып, өз қызметтерін ұсынып жатты. Бұл үйлердің құнын мердігер өзі белгілеп, халыққа ыңғайлы етіп беріп жатыр. Бюджет есебінен 2020 жылы 7 қабатты 24 үйден соң 9-12 қабатты үйлерге тапсырыс беріліп, сол жылы 65 үйдің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілді. Бүгіннің өзінде 2022 жылдан бері облыстық құрылыс басқармасы салып жатқан 7, 9, 12, 20 қабатты үйлердің (4 мыңнан аса пәтер) құрылысы аяқталуға жақындап, 2023 жылдан бастап қабылдаудан өтетіні белгілі. Оған қоса қалалық құрылыс бөлімі тарапынан 5-7 қабатты 80-нен аса үйдің жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары басталып кеткен.
Құрылыс нысандарының сапасы да – басты назарда. Сапаға қатысты қандай да бір мәселе туындаған жағдайда шұғыл қалпына келтіру жүйелі жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта ашылған жедел әрекет ету бригадалары елге қызмет етіп жатыр. Мысалы, жыл басынан бері жедел әрекет ету орталығының көмегіне 397 қоңырау түскен. Мердігер мекеме тарапынан 136 өтініш бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. «Түркістан жылу» мекемесіне қатысты 124 өтініш қаралып, қажетті жұмыстар мерзімінде ұйымдастырылды. Былтыр әкімдік тарапынан кепілдік мерзіміне сәйкес 52 мердігер мекемеге ескерту берілген. Оның 33-і ұсынылған кемшіліктерді қалпына келтірді.
Киелі шаһардағы құрылыс жұмыстары тек тұрғын үймен шектелген жоқ. Әкімшілік-іскерлік орталығында салтанаты мен сәулеті сай әкімшілік ғимараттары, «Алатау» медиа-орталығы, «Түркістан арена» стадионы, Оқушылар үйі, Конгресс-холл, заманауи теннис орталығы іске қосылды. Мәдени-рухани орталықта Қ.А.Ясауи мұражайы, «Керуен-сарай» кешені, «Фараб» кітапханасы, «Ұлы Дала елі» орталығы, драма театры, неке сарайы, туризм университеті бой көтерді. Құрылыс қарқыны әлі де бәсеңдемей, қаланың бас жоспарына сәйкес жүйелі жүргізіліп келеді.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат