Дүйсенбі, 16 Қазан 2023 17:55

Түркістан облысында көгалдандыру, санитарлық тазалық және балық шаруашылығы қатаң бақылауға алынды

Түркістан облысының аудан, қалалары мен елді мекендерін көгалдандыру, облыс аумағындағы құрылыс қалдықтарын тастайтын орындар және балық шаруашылығы, сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасының 4-ші бағыты бойынша балық шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша облыс әкімінің тапсырмасымен жиын өтті.

Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, Түркістан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, аудан, қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары қатысты. Отырыста Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша баяндама жасады.

–Үкіметтің хаттамалық тапсырмасымен министрлік тарапынан әзірленген Жол картасына сәйкес құрылыс қалдықтарын тастайтын алаңша ашып, қайта өңдеуді дамыту қажет болатын. Осы орайда құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту бойынша барлық аудан, қала әкімдіктерінде ешқандай жұмыстар атқарылмай отыр. Қалдықтарды жинауға, тасымалдауға арналған тарифтерді Арыс, Кентау қалалары мен Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Төлеби, Шардара аудандары әлі күнге дейін бекіткен жоқ, – деді басқарма басшысы.

Елді мекендерді көгалдандырудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспарына сәйкес, аудан, қала әкімдіктеріне орман шаруашылығы мекемелерінен 2022 жылдың күз айларында 251 685 дана, ал 2023 жылдың көктем айларында жалпы 532 682 дана әртүрлі көшет аудан, қалаларға босатылып, отырғызылды. 2023-2025 жылдары аудан, қала әкімдіктеріне басқармаға қарасты орман шаруашылығы мекемелерінен босатылатын көшеттердің жоспары жасалған. Іс-шара жоспарына сәйкес, босатылған көшеттерді тасымалдау, егу және күтіп баптау жұмыстарын атқару аудан, қала әкімдіктеріне жүктелген. Жиында осы жоспарға сәйкес жұмыс істеу тапсырылды.

Бұдан өзге отырыста балық шаруашылығына ерекше мән берілді. Алайда басқарма мен Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы қызметкерлерімен бағдарламаның IV бағыты бойынша жеңілдетілген несие рәсімдеудің механизмдері туралы барлық аудан, қала әкімдіктерінде түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, оң шешімін таппай отырғандығы сөз етілді. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасының IV «Балық шаруашылығын дамыту» бағыты бойынша аудан, қала әкімдіктерімен кәсіпкерлерге құжат тапсырту, жұмыстары төмен деңгейде жүргізіліп жатқандығы айтылды.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары күздік ағаш егу маусымына босатылатын көшеттердің жоспарына сәйкес аудан, қалалар көшеттер көлемін мүмкіндігінше алып, егу жұмыстарын жүргізу керектігін атап өтті. Сондай-ақ балық шаруашылығын дамыту, құрылыс қалдықтарын тастайтын арнайы орындар ашу және құрылыс қалдықтарын қайта өңдеумен айналысатын инвесторларды айқындап, жұмыстарды жандандыру бойынша нақты тапсырма берді.

Осы ретте айта кетерлігі, Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың тапсырмасына сәйкес, базарларды қолданыстағы заң талаптарына сәйкес ретке келтіру бойынша арнайы жұмысшы топ құрылып, бүгінде жұмысшы топ өкілдері қала аумағында жұмыс істеп жатқан базарлардың ішкі тәртібі, сауда, санитарлық, өртке қарсы ережелерін, сәулет, құрылыс, ветеринарлық және басқа да талаптардың сақталуын зерделеу мақсатында мониторинг жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде. Атап айтқанда, базарлар мен кәсіпкерлік нысан иелеріне сауда нысандарының санитариялық талаптарға сәйкестендіруін және дүкендер алдында ретсіз сауда жүргізуге болмайтындығы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Яғни, сауда қатарлары жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмеуі керек және барлық санитариялық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Сондай-ақ, базар иелеріне бақылау таразысы орнатылуы керектігі ескертілді. Ал, мал еті мен балық сатушыларға лас сулар мен қалдықтарды лотоктар мен қоқыс жәшіктеріне тастамау керектігі баса айтылды. Себебі, санитариялық талаптарға сәйкес, ондай қалдықтар арнайы «Беккери» шұңғырына төгілуі тиіс.

Бұдан бөлек, заңсыз тасымалдаудың алдын алу, жүргіншілер қауіпсіздігін сақтау бойынша да түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ескертулер берілуде. Сондай-ақ, дүкендер мен дүңгіршектер, сауда үйлері иелеріне өзіне іргелес жатқан аумаққа қоқыс жәшігін (урна) қою керектігі айтылды. Түсіндірме жұмыстары барысында ескертулерге қарамай, қолданыстағы заң талаптарын қайталама бұзған жағдайда айыппұл салынатындығы қатаң ескертілді. Жұмысшы топтың рейдік шаралары әлі жалғасын табатын болады.

Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын полигондар реттеліп, талапқа сай болуы қадағаланады. Ғарыштан түсірілім жасау арқылы 2022 жылы 408 заңсыз қоқыс орны анықталып тазаланса, биыл түсірілім енді жүріп жатыр. Нәтижесімен анықталған нүктелерді дер кезінде жою бойынша аудан, қала әкімдіктеріне тиісті тапсырмалар беріледі. Облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын 159 полигон орны белгіленіп, құжаттандырылған. Алайда 95 полигон санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Атап айтқанда, полигондар қоршаумен жабдықталмаған, көліктердің дөңгелектерін дезинфекциялаушы бетон ваннасы мен арнайы ерітіндісі жоқ, қалдықтардың көлемін өлшейтін таразы қойылмаған және көгалдандырылмаған. Өткен жылы қоқыстарды қайта өңдеу үлесі бойынша меже толық орындалған. Биыл жылдық жоспар 23% жоспарланған.

Жыл соңына дейін аталған көрсеткішке қол жеткізіледі деп күтілуде. Бүгінгі таңда облыс бойынша 19 мекеме сұрыптаумен, 4 мекеме қайта өңдеумен айналысады. Атап өтсек, Ордабасы, Түркістан, Кентау, Сауран аудандарында тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп кәдеге жарату жұмыстары жүйелі түрде атқарылуда. Басқа аудан, қалаларда қоқыстарды сұрыптау, бөлек жинау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар облыс бойынша Созақ, Мақтаарал, Келес, Жетісай, Отырар аудандары қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару және көмуге арналған тарифтерді бекіткен. Ал қалған аудан, қала әкімдіктері тарапынан бекіту жұмыстары заң талаптарына сәйкес жүргізілуде.

Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін аудан, қала әкімдіктері мемлекеттік, мемлекеттік емес мекемелерді, ұйымдарды жұмылдырып, алдағы уақытта көшет егілетін аумақтарды нақтылап, суғару жүйелері, қоршау жұмыстарына керекті қаржыларын бөліп, аталған абаттандыру жұмыстарын жеке бақылауына алып, басқарманың келісімімен нақты көшет саны мен түрлерін анықтап, жұмыс жүргізудің кешенді іс-шарасын дайындау жөнінде ұсыныс беріледі.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 535 рет