Сәрсенбі, 18 Қазан 2023 16:37

Түркістан: Сайрам ауданында заңсыз мал сою орындары жұмысын тоқтатты

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауыл округінде орналасқан мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекеттерінің жұмыстары жаппай тексерілуде.

Құрылған жұмыс тобы малдың қаны мен сүйегін ретсіз тастаудың жолы кесті. Нәтижесінде 11 мал сою орнының санитарлық талаптар мүлдем сақталмаған үшеуі жабылатын болды. Қалған 8 бекеттің басшыларына мал сою алаңдарын заман талабына сай ретке келтіруге 1 ай уақыт берілді.

Осыған дейін Сайрам ауданында жергілікті кәсіпкерлерімен кездескен облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қарабұлақ ауыл округінде орналасқан мал сою орындарының жұмысын қатаң сынға алып, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берген болатын. Әкім тарапынан заңсыздықты жойып, ауылдан алыс аумақта зауыттар ашу бойынша ұсыныстар берілді. Кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен мал сою орындарынан шыққан қанды төгетін Беккари шұңқырын дайындап, инсинератор пештерін орналастыратын болды.

Мәселені түбегейлі шешу үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалды жергілікті кәсіпкерлерге мал қалдықтарын терең өңдейтін зауыттар салуды ұсынды. Төрт түліктің жүні мен терісін қайта өңдеу және кәдеге жарату туралы жобаларды қолға алуды айтты. Бүгін облыс әкімімен кездесу келген сайрамдық кәсіпкерлер бірнеше ірі жобамен таныстырды. Сайрамда ірі кәсіпорындар бой көтереді. Ауданда 25 гектар жерге мал бордақылау кешені, мал сою алаңы, етті терең өңдейтін цех құрылысы мен қанды өңдеу кәсіпорнының құрылысы басталады. Сондай-ақ ет өнімдерін және малдың қалдықтарын терең өңдейтін зауыт салынады.Облыс әкімі жергілікті инвестор-кәсіпкерлерге белсенді болу керектігін ескертті.

– Көршілес елден малдың қалдығын терең өңдейтін зауыт ашу жөнінде ұсыныспен келіп жатқан инвесторлар бар. Бірақ біз алдымен жергілікті кәсіпкерлерге, сіздердің жобаларыңызға қолдау көрсетеміз. Зауытты өзіміздің азаматтар салғаны тиімді. Алайда бізге нақты жоспар, жұмыстың орындалу мерзімі қажет. Жобаны жүзеге асырудың кезең-кезеңі бойынша мәлімет болуы тиіс. Бүгін сіздер айтқан ұсыныстар зерделенеді. Жұмыс орындарын ашу, өндіріс көлемін арттыру – мақсатымыз, – деді Дархан Сатыбалды.

Кәсіпкерлер ірі малдың қалдықтарын қайта өңдейтін зауыт құрылысына, құрама жем өңдеу зауыты мен жеміс-көкөністі қайта өңдеп, жылына 20 мың тонна томат пастасын, кетчуп және жеміс шырынын шығаратын өндіріс орнының құрылысына мемлекеттен жеңілдетілген несие сұрады. Облыс әкімі жауапты сала басшыларына кәсіпкерлерді қолдау көрсетіп, жаңа бизнесті сүйемелдеуді жүктеді.Сайрам ауданының Қарабұлақ ауыл округінде екі мал базары бар. Аудан бойынша тәулігіне орта есеппен 3 мыңға жуық мал сойылады.

Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылы­ның іргесінде малдың қаны құйы­латын және шайынды сулар жиналатын осындай 8 жасанды көлшік бар екен. Мал шаруашылығы бо­йын­ша облыста ең көп бордақылау ала­ңы осы Қарабұлақта. Сонымен қатар үйлерінде 40-50 ірі қараны бор­дақылайтын жеке кәсіпкерлер де жетерлік. Жергілікті халық бұл сулардың мал соятын орындар мен ауруханалардан, түрлі мекемелер мен көпқабатты үйлерден жиналатынын айтады.

Көлшіктерден аққан су егістік алқаптарға жайылса, қолқаны қа­батын иіс бүкіл ауылға тарайды. Тұрғындардың айтуынша, сарқын­ды су жиналған бұл орынның қызыл түске боялғанына кемі бес жылдай болыпты. Арнасынан асқан көл суы егіс алқабына қарай ағып жатыр. Оған қоса жайылып жүрген мал да ішеді. «Осы маңайға су сіңіп жатқандық­тан, бұлақтан да қып-қызыл су шы­ғып жатыр. Ауыл тұтынатын ауыз суға ба­рып қосылады. Жел тұрса сасық көл­ден демалу мүмкін емес. Мұнда­ғы жұрт қалдық судан денсаулыққа зиян келе ме деп алаңдайды. Ал қан суымен суарылған көкөністер жан-жаққа саудаланып жатыр.

Бұл мәселеден жергілікті билік хабардар. Бірақ олардан қайыр жоқ», дей­ді Қарабұлақ ауылының тұрғы­ны Шухрат Рахманқұлов. Ауданның ком­­муналдық салаға жауапты мамандары қанды мал соятын тұрғындар өз­дері түнделетіп төгіп кететінін айта­ды. Бірқатарына полиция айып­пұл салғанымен, әзірге тоқтам болмай тұр екен. «Қанды әкеліп төгеді. Ол кәдімгі ыстық қан. Ол жерге төккеннен кейін кәдімгі целлофан кленка сияқты қа­лып қалады жердің астына. Содан жер­ге су сіңбейді», дейді Сайрам аудан­дық ТҮКШ бөлімінің басшы­сы Бай­­мырза Бейсенбаев. Ал өңір эко­лог­тары тұрғындардан арыз-шағым түс­пегенін, онсыз тексеру заңсыз еке­нін айтады. «Мәселе бойынша то­лық­тай арыз-шағымдар түскен жағ­дайда біз өз тарапымыздан тексеру жұ­мыстарын жүргізе аламыз. Және де кәсіпкердің жұмысын сотқа беріп тоқтатуға дейін бара аламыз», дейді эко­логия департаментінің бас маманы Қазыбай Шора.

Мамандар кәріз суы құйылатын орынды көшіруге қа­ражат та, мүмкіндік те жоқ екенін айтуда. Яғни бүгінде бұл мәселенің нақты қашан шешілетінін ешкім дөп баса айта алмайды. Ал сарқынды су­ларды сүзгіден өткізетін орталық са­луға қыруар қаржы бөлінгенімен, ол орта­лықтың жұмысы әлі іске қо­сыл­маған. «Мал соятын мекемелер қанды арнайы орталыққа апарып төгу керек. Ол жерге өткізгенде көлікке ақы төлейді. Ал олар бассейндерге рұқсатсыз әрі тегін төгіп отырған. Сал­дарынан қан аралас су жайылып кеткен», дейді Сайрам ауданы әкімдігі­нің баспасөз қызметі.

Сайрам ауданы әкімдігінің хабар­лауынша, осы мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Мадияр Ора­залиев жауапты мекеме басшылары­мен бірге Қарабұлақ ауылдық ок­ругі­не барып, тұрғындармен кездес­кен. Кездесу барысында «Сайрам ауданы Ақсукент ауылының тазарт­қыш имараттарын қайта құру» нысаны­ның мән-жайын және оның сыртқы аумақтарында санитарлық талап­тар­ды сақтау, адам өмірі мен денсаулы­ғы­на зиян келтірмеу, қоршаған ортаны қорғау мақсатында мал сою орын­дарынан шығатын қанды төгіп, сон­дай-ақ мал өлекселерін тастауға рұқ­сат етілмейтіні түсіндірілген. Осы­ған байланысты аталған мәселені қада­ғалау үшін аудандық полиция бас­қармасының қызметкерлері аудан әкім­дігімен бірлесіп жұмыс жүр­гізді.

Жергілікті тұрғын­дар­ға шұңқырдың айналасына бел­гі­сіз азаматтардың қан төгіп, мал қал­дық­тарын тастау секілді жасап тұр­­ған әрекеттерін ұялы байланыс арқылы бейнетүсірілімге түсіріп, құ­­зырлы органдарға жолдауға құ­қы­лы екендері де ескертіліпті. Аудан әкім­дігінің дерегінше, 2016 жы­лы кон­курс нәтижесімен «ХМСУ Шым­кент­мелиорация» ЖШС-ы анық­­та­лып, құны 791,7 млн теңгеге ке­лі­сім­­­шарт жасалған. Ал 2018 жы­лы ны­­сан­ның жобалау сметалық құ­жат­­тамасында көрсетілген құны 531,8 млн теңге тұратын тазарту құ­рыл­ғы­ларын мердігер мекеме келі­сімсіз ауыстырған. Келісімшарт бо­йынша бюджет қаржысының 95%-ы иге­рілген, ал 2021 жылға 39,6 млн теңге көлемінде бөлінген қар­жы иге­ріл­меген.

«Сайрам ауданы Ақ­сукент ауылының тазартқыш имарат­тарын қайта құру» нысаны 2017 жылы мер­дігер мекеме «ХМСУ Шым­кент­ме­лиорация» ЖШС-ы тарапынан бас­талып, 2019 жылы аяқталған. Алай­­да құрылыс барысында жобаға өзге­рістер енуіне байланысты нысан құры­лысының заңдылығын анықтау үшін бүгінгі күнге дейін облыстық экономикалық мамандандырылған аудан­аралық сотында 7 рет екі жақты тараптан сотта қаралып, құзырлы органдар тарапынан 2 рет іс қозғалып, қысқартылған. Нақты айтқанда, атал­ған нысан бойынша тапсырыс бе­руші мен мердігер мекеме арасында сот процедураларының 2018-2022 жылдары 5 жылға созылуына байланысты, нысан аудандық тұрғын үй-шаруашылығы, автомобиль жол­дары және жолаушылар көлігі бөлі­міне қабылданбаған. Түркістан облысы сотының биыл 23 ақпандағы ұйғарымына сәйкес, мердігер мекемеге биылдың 31 мамырына дейін нысанда орналасқан құрылғыны іске қосып, тапсыруға міндеттеді», делінген әкім­дік хабарламасында.

Бүгінде жергілікті атқарушы ор­ган­дардың қызметкерлері аудан­­ның ішкі істер қызметкерлерімен бір­ле­­­сіп 3 механикаландырылған техника­­­­­мен нысанның сүзу алаңдарын ке­ңей­тіп, тереңдетуде екен. Сон­дай-ақ аудан әкімдігі полиция бассейн­дер­ді қадағалауға алғанын, мал қанын төгетіндерге қатаң шара қолда­ныла­тынын хабарлады. Ал облыс­тағы экология департаментінің мәліметін­ше, тексеру нәтижелері бойынша кінәлі­лерге айыппұл салынады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 273 рет