– Саябақтар мен гүлзарлар жалпы қолданыстағы нысандар болғандықтан, сыртқы көрінісімен қатар, сапасына да аса көңіл бөлген дұрыс. Ондағы әрбір орнатылған нысан, ойын алаңшасы халыққа ұзақ мерзім бойы қызмет ету керек. Жобаны алып, жұмысты бастаған соң, соңына дейін абыроймен атқарыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістанды одан әрі дамыту бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатыр. Әкімшілік-іскерлік орталығындағы мектеп аумағындағы 1,75 гектар жерге түрлі ағаштар отырғызылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылған. 1072,0 м2 жерге ойын және спорт алаңшалары салынып жатыр. Сонымен қатар Б.Саттарханов даңғылынан әуежай бағытындағы 10,15 гектар аумаққа жайғасқан желілік саябақтың абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Аумаққа 836 ағаш егіліп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылуда. Мұнда арка, субұрқақ және шатырлар қарастырылған. Ал 159 м2 аумаққа ойын алаңдары салынады.
«Отырар» мөлтек ауданын абаттандыру жұмыстарының басым бөлігі аяқталды. Мұнда 2,34 гектар аумақты алып жатқан субұрқағы бар гүлзар мен Яссы көшесі бойын жағалай орналасқан гүлзар құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда тұрғын үй аулаларын абаттандыру жұмыстары қарқын алды. Жоспар бойынша мөлтек аудандағы 3 аулаға ойын алаңшалары, 3 аулаға спорт алаңшалары салынады. Қозғалмалы орындықтар мен түрлі дизайндағы мафтар аула ажарын аша түспек.
Еліміздің рухани орталығы – Тұран жұртының астанасы саналатын Киелі де қасиеттті Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде қалыптаса бастағанына міне биыл 5 жыл толып жатыр. Осы уақыт ішінде қала өмірі, қала тұрғындары мен қонақтарының тарихқа, туризмге деген көзқарасы және мәдени мұраларға деген қатынасы едәуір өзгерді. Түркістанды түлетуге құштар жандар көбейді. Түркістан күн санап өзгере бастады. Қаншама жаңа әкімшілік ғимараттар, тарихи-мәдени орталықтар, зәулім-зәулім тұрғын үйлер, ойын-сауық алаңдары, саябақтар, су бұрқақтар бой көтерді. Осындай мәдени ғимараттардың бірі де, бірегейі «Ұлы Дала Елі» орталығы.
Аталмыш ғимарат Атырау облысының Түркістанға жасаған сыйы. Ғимараттың құрылысы 2019 жылдың сәуір айында басталып, 2020 жылдың қазан айында аяқталған болса, 2021 жылдың наурыз айынан бастап орталық халыққа қызмет көрсете бастады. Ғимараттың жалпы ауданы 6128,7 шаршы метрді қамтиды. Бас мердігер «BI Construction Tukestan» ЖШС, ал жобаны жасаушы «NS Group» ЖШС.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанды «Ұлы Дала елі» деп атауды ұсынып, бұл ұсыныс ұлтымызды тарихи белеске шығарса, Түркістанның әкімшілік-аумақтық жаңаруы Елбасының мұрасын түркі бірлігінің заманауи тұжырымдамасын қалыптастыру тұрғысынан таныстыруға арналған «Ұлы Дала Елі» орталығы – болашақ көрнекті орындар арасында жаңа объектілердің белсенді салынуына серпін берді.
Орталық Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын көрнекті түрде ұсынуға және Ұлы Дала Елі Ұлттық брендін танымал етуге бағытталған. Ұлы даламыздың тарихын өзіндік дизайнерлік безендіру, өзіндік көркемдік пайымдау және бірегей режиссерлік шешімдер көмегімен оның мәдени қырлары арқылы жаңғырту жолға қойылған. Кинетикалық, интерактивтік, анимациялық және аудиовизуалды технологиялардың арқасында «Ұлы Дала Елі» орталығы Қазақстандағы жоғары технлогиялық нысандардың біріне жатады. Бұл реттежәдігерлер ғылыми негізделген материалдар, шынайы археологиялық олжалар негізінде түпнұсқалықты қолдана отырып қайта жасалған, технологияны топтастыру экспозиция тақырыптық белгілері бойынша әртүрлі жәдігерлерді ұйымдастыруды көздейтін кешенді тақырыптық негізінде жүзеге асырылған.
«Ұлы Дала Елі» орталығы экспозициясына «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақала арқау болса, тәуелсіздік алған сәттен бастап Елбасы алға тартқан «Түркі әлемінің генезисі» туристтер мен отандастарымызға насихатталып кеңінен таратылатын болады. Орталық 9 экспозициялық аймақтан тұрады.
Орталық Азиядағы ең ірі туристік кешен саналатын «Керуен Сарайдың» жалпы аумағы 20,5 гектар жерді алып жатыр. Мұнда адам жанына керектінің бәрі де бар. Заманауи дүкендер мен ойын-сауық орталықтары, орта ғасыр стиліндегі сарайлар мен «ұшатын театр» көздің жауын алады. «Керуен Сарай» кәдуілгі кілт пішінінде соғылған. Төбесінен қарасаңыз тап солай. Кілттің ұшы (кешеннен шығып кететін тұсы) Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне барып тіреледі. Яғни, турист сараймен толық танысып болған кезде тарихымыз туралы білім жиып, Ясауи бабамыздың кім болғанынан жеткілікті мағлұмат алады. Сөйтіп, әрі қарай мавзолейді аралауға рухани тұрғыдан дайын болады.
Кешеннің кіре берісінде және шыға берісінде бесжұлдызды қонақүй орналасқан. Жалпы, кешеннің концепциясы мынадай: адам қыдырып келіп, қонақүйге орналасады, одан кейін су үстіндегі шоуды көреді, ол жерде «Қыз Жібек – Төлеген» фонтан шоуы қойылады. Одан шығып аттар шоуын көру үшін амфитеатрға барады. Одан бөлек түрлі концерттер бар. Сауда жасаймын дегендерге де ерекше жағдай жасалған. «Ұшатын театр» да адамға бұрын-соңды сезінбеген әсер сыйлайды. Бәрін аяқтаған соң мейрамханаға немесе фуд-кортқа барып тамақтана алады. «Керуен Сарай» кешенінің ерекшелігі – ескі тарихымызды жаңа заманауи технологиялармен үйлестіре отырып халыққа жаңа форматта көрсетеді.
Altyn Samuryk «ұшатын театрының» ғажабын сөзбен сипаттап жеткізу тіпті қиын. Кешен ұйымдастырушылары бұл жобаны 8D соңғы технологиясымен жарақталған Орталық Азиядағы бірегей театр деп бағалайды. Арнайы креслоға отырған соң-ақ алтын самұрық сізді көне тарих тереңіне тартып әкетеді. Байырғы тарихи шаһарларды аралатып, одан заманауи Астана шаһарының төбесімен ұшырып, соңында түрік дүниесінің темірқазығына айналған Түркістан қаласына қайтып алып келеді.Кешен туристер үшін тынығып, демалып, көңіл көтеретін мекен болса, кәсіпкерлер үшін – табыстың көзі. Әсіресе, жаз маусымы кезінде бұл жерде күніне мың доллардан асырып сауда жасауға болады.
Сондай-ақ, бүгінде Түркістан қаласының «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының аумағын абаттандыру, Күлтөбе қалашығына күмбез орнату жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.Аталған жұмыстарды жүзеге асыру 2021 жылы басталған. Жоба бойынша түзету жұмыстары жүргізіліп, сараптама қорытындысы алынған. 2022 жылғы республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, толық игерілген.Бұл нысан биыл қыркүйек айында тапсырылады деп жоспарланып отыр. Алдағы уақытта Күлтөбе қалашығы туристік орындардың біріне айналмақ.2022 жылғы республикалық бюджеттен бөлінген 4 млрд. теңге толық игерілген. Осы арқылы күмбез шатырлары орналасатын жобада қаралған 27 тірек және 303 дана бетон қадаларының бетон жұмыстары толық аяқталған. Күмбездің шет мемлекеттен жеткізілетін металл конструкциялары толық нысанға жеткізіліп, нығайтылған қадалар құрастырылған.
Қалашықтың барлық жағынан Ясауи кесенесі көрінеді. Мұнда биіктігі 17 метр болатын шаңырақ іспеттес қондырғыларды орнату жұмыстары жүргізілген. Қондырғылар жергілікті климатқа төзімді. Болашақта археологиялық парктің қонақтары үшін сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасау мүмкіндігі туады. Күлтөбе қалашығы ежелгі Яссы қаласының бір бөлігі болған.Жоба мемлекетпен айрықша қорғалатын аумақта, ЮНЕСКО ұйымының Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында іске асырылатындықтан, қазіргі археологиялық зерттеулер ЮНЕСКО мен ИКОМОС ұйымдарының дүниежүзілік мұра саласындағы халықаралық сарапшылар қауымдастығымен ынтымақтастықта жүзеге асып жатыр.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат