– Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» бастамасы аясында Түркістан облысында 12 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Биыл өз ішін ашуға ниетті 1688 адамға қайтарымсыз грант ұсыну көзделуде. Бұл бағытқа 2 млрд. теңге бөлінген. Сондай-ақ алғаш рет 594 жасқа 2,5 пайызбен жеңілдетілген шағын несие беріледі. Түркістандық жастар үшін 2,9 млрд. теңге қарастырылды. Жұмыспен қамту және кәсіпкерлікпен айналысуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жергілікті тұрғындар арасында кеңірек насихаттау шаралары да тұрақты жүргізілуде. Әсіресе, ауыл жастарын, NEET санатындағы азаматтарды осы мүмкіндіктерді қалт жібермеуге шақырудамыз. Өйткені, кейбір азаматтар бейхабар болуы мүмкін. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру топтарымыз жұмысты күшейтпесе, бәсеңдетпейді, – деді өңір басшысы Дархан Сатыбалды.
Облыста өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық беріледі. Осы бағытта жоспар түзіліп, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл 2023 жылы Түркістан облысында жұмыспен қамту саласы 4 негізгі стратегиялық бағыт бойынша жүргізілуде. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде «Өңірдің жұмыспен қамту картасын» бекіту, Үкіметтің қаулысы негізінде «Еңбек» бағытының іске асырылуы, Түркістан облысының даму бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті дамыту арқылы өз ісін ашу, Мемлекет басшысының «2050 жылдарға дейінгі даму стратегиясы» бойынша цифрландыруды тереңдету іске асырылады. Осы мәселелерді таяуда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат жиынында да талқыланды.
– Тұрғындарды жұмыспен қамту жоспары жүйеленіп, сапалы орындалуы тиіс. Жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдеріне осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырамын. Әсіресе халық тығыз орналасқан аудандарда жағдай қиын. Тұрақты жұмыс орындары ашылуы керек, – деді облыс әкімі.Биыл ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан 109,7 мың жаңа жұмыс орынын ашу жоспары ұсынылып, өңір басшысының бекітуімен облыстың жұмыспен қамту картасы нақтыланды. Оның ішінде 72,4 мыңы тұрақты болса, 37,4 мыңы – уақытша жұмыс орындары. Осы жылдан бастап 35 жасқа толмаған азаматарға 2,5 пайыздық жеңілдетілген қайтарымды шағын несие беру жоспарлануда. Ал әлеуметтік жұмыс орны, қоғамдық жұмыс, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Күміс жас» жобалары жалпы «Еңбек» бағыты аясында 32,9 мың адамды субсидияланған жұмыс орындарына жолдау жоспарланып, бюджет есебінен 35,6 млрд. теңге қаржы бөлінді. Атап өтерлік, 2023 жылдың 1 айында жалпы 6,8 мың азамат жұмыспен қамту шараларына жолданды.
Түркістан облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, Келес, Сарыағаш және Шардара аудандарының грант алушыларымен пилоттық жобалар жүзеге асырылады. Келес ауданында мал шаруашылығы, Сарыағашта құлпынай өсіру, Шардарада тігін салалары бойынша кооперативтер құрылады. Осылайша, жоба арқылы осал топтағы азаматтарды қамтып, күнкөріс деңгейін арттыру мақсат етілген. Сонымен қатар 2024 жылдан бастап жұмыспен қамту орталықтары түбегейлі форматталады. Республика көлемінде пилоттық режимде Астана қаласы, Қарағанды облысымен қатар Түркістан облысының Бәйдібек, Сарыағаш аудандары, Кентау және Түркістан қалаларының орталықтары трансформацияланады. Басқарма тарапынан ірі кәсіпорындарында 1 мыңға жуық бос жұмыс орындары бар Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарына ұсыныс хат жолданып, еңбек ресурстарын арттыру үшін келіссөздер жүргізілуде.
Өткен жылы басынан бері өңірдегі 6 161 жас тұрақты жұмысқа орналасқан. Биылғы жылы Түркістан облысында жастарды жұмыспен қамту жоспарына сәйкес 29 307 жасты жұмыспен қамту көзделуде. Олардың басым көпшілігі Жастар практикасы және Қоғамдық жұмыс жобаларының аясында жүзеге аспақ. Ал, жыл басынан бері өңірдегі 6 161 жас тұрақты жұмысқа орналастырылған. Түркістан облысында жастар саны 473 110 адамды құрайды. Бұл көрсеткіш Республика бойынша алғашқы орында. Облыс жастарының 82% — ауыл жастары, 18% — қала жастары. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін облыс аумағында 1 067 үйірме қызмет көрсетуде. Биыл 5 мыңнан астам жасты «Жастар практикасы» жобасы шеңберінде жұмыспен қамту көзделіп отыр. Сондай-ақ, жастарға арналған қайтарымсыз гранттардың мөлшері осы жылы 200 АЕК-тен 400 АЕК-ке көтерілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биыл жастарға жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие беріледі. Бұл жұмыстарды үйлестіруге Түркістан облысына 2,9 млрд. теңге қаржы қаралып отыр. Оған облыстың 594 жас азаматы қатыса алады.ҚР Қаржы және Еңбек министрліктерімен үш жақты келісім шарт жасалып, «Аграрлық несие корпорациясымен» сенім білдірілген агент ретінде танылды. Сонымен қатар, облыстық комиссия құрамы нақтыланып, облыс әкімінің шешімімен бекітілген болатын. 2023 жылдың 2 мамырындағы жағдай бойынша Түркістан өңірінің түпкір-түкпірінен 81 жастың құжаты қабылданып, комиссия қарауына тапсырылған.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсібінің нәсібін көріп отырғандар саны күн санап артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленген болатын. Соның бірі — Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы. Аталған жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталған.
Осы орайда, таяуда Түркістан облысының БАҚ өкілдері Созақ ауданындағы мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп ашқан азаматтардың жұмысымен танысты. Шолаққорғандық кәсіпкер Талшын Сатыбалды өткен жылы аталған жоба арқылы 1 млн 225 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған. Ол осы қаржыға аудан орталығынан массаж салонын ашып, онда әйелдер мен балаларға арналған емдік және классикалық массаж қызметтерін көрсетеді. Бүгінде кәсіпкер 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкердің айтуынша, орталықта массаждан бөлек, хиджама, шугаринг, сатху терапевт және маникюр қызметтері бар.
«Қайтарымсыз грант – аудан тұрғындарына кәсіп бастауға үлкен көмек. Бүгінде орталығымызда ауыл тұрғындарына түрлі қызметтер көрсетіліп жатыр. Кейде тіпті тұрғындар алдын ала жазылып келеді. Өзім бұл салада үш жылдан бері еңбек етіп келемін, ал орталықтың ашылғанына бір жыл болды. Мен алдымен арнайы курсты оқыдым, ал қазір массаж сабақтарын өзім өткіземін, 40-қа жуық шәкіртім бар. Орталықтағы қызметкерлердің ай сайынғы табысы 200-300 мың теңгені құрайды. Алдағы уақытта осы кәсібімді дамыту мақсатында қосымша мемлекеттен гранттар бөлініп жатса, тағы да қатысу жоспарда бар. Cондай-ақ, соңғы үлгідегі заманауи аппараттарды алып, кәсібімді одан әрі дамытуды көздеп отырмын», — деді кәсіпкер.
Мемлекеттік грантпен кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі — Зәуре Аманбекова. Ол үйінің іргесінен шағын наубайхана ашқан. Қайтарымсыз грант керекті құрал-жабдықтар сатып алуына үлкен септігін тигізгенін айтады. Оған кондитерлік өнім пісіретін пеш, үлкен тоңазытқыш сатып алыпты. Қазір тапсырыстарды орындап жатыр. Еңбекпен өрнектелген өмірі көпке үлгі боларлық. Бүгінде мұнда дәмі тіл үйіретін түрлі тәтті күлшелер мен кондитерлік тағамдар дайындалады. Мұнда бес адам еңбек етеді.«Бұл кәсіппен отбасымызбен айналысамыз. Себебі жолдасым, ұлым мен келінім маған күнделікті көмектеседі. Ұлым дүкендерге нанды таратып отырса, келінім сол тәтті нандарды пісіруге көмектеседі. Одан бөлек қарамағымда екі адам жұмыс істеп, өз нәпақасын тауып жүр. Өзім Алматы қаласында Нан пісіру макарон және кондитерлік өндіріс технологиясы мамандығында біліп алғанмын. Еңбектің наны тәтті дейді. Еңбексіз адам арманына жете алмайды. Жұмыс істеймін деген адамдарға қуана-қуана үйретемін», — деді кәсіпкер.
Еске сала кетсек, былтыр Созақ ауданында 80-нен аса азамат мемлекеттік гранпен қамтылса, 511 адам «Бизнес бастау» бойынша оқуға жіберілген. Сонымен бірген, биыл Түркістан облысында 600-ге жуық жасқа 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беріледі. Қазіргі таңда құжат қабылдау жүріп жатыр. Қатысушылардың жасы 21 мен 35 аралығында болуы тиіс. Жастар 5 миллион теңгеге дейін несие ала алады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат