Бейсенбі, 12 Қазан 2023 19:38

Түркістан: агросектордың дамуы – тұрғындардың жұмыспен қамтылуына үлкен септігін тигізіп отыр

Түркістан қаласында агроөнеркәсіп саласын дамыту үшін көптеген жұмыстар істелінуде. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін және өндіретін бірнеше кәсіпорындар салынып, өңір экономикасын дамытуға өзінің сүбелі үлесін қосуда. Сонымен бірге, агросектордың дамуы – тұрғындардың жұмыспен қамтылуына үлкен септігін тигізіп отыр.

Бұл туралы Түркістан қаласы тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді. Кездесуде облыс әкіміне тұрғындар түрлі ұсыныстары мен пікірлерін айтты, өтініштерін жеткізді. Атап айтқанда, сапалы электрмен қамту, жол салу, мектеп салу, көгалдандыру және өзге де түйткілдер тарқатылды. Сонымен бірге жеке қабылдауда да өзекті мәселелер көтерілді. Әрбір сұраққа жауап беріліп, мәселелер хаттамаға енгізілді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды ең маңызды мәселе – жұмыссыздықпен күрес, агроөнеркәсіпті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту, индустриалды аймақтардағы жобаларға инвесторлар тарту мәселелеріне көбірек сөз етті. Осы туралы кеңірек айтып өтсек.

Түркістанда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылған. «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының барлық қосалқы аймақтарының аумағында 340 млрд. теңгеге 64 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде Әкімшілік іскерлік орталығының аумағында 313 млрд. теңгеге 50 жоба және Тарихи орталық қосалқы аймағында 22,6 млрд. теңгеге 9 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар шеңберінде 4,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Өңір басшысы атап өткендей, индустриалды аймақта 18 инвестициялық жоба іске асырылған. Қазіргі уақытта қосымша 10 жобаның іске асырылуы пысықталуда. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда тартылған инвестициялардың көлемі 16 млрд. теңгеге жетеді, 1,3 мыңнан астам жұмыс орындары құрылады.– Бұдан бөлек, Ұлттық жобалар бойынша осы жылы 337 адам жұмыспен қамтылды. «Еңбек» бағыты бойынша 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табады, – деді Дархан Сатыбалды.

Шет елдерден және еліміздің аумақтарынан келетін туристердің саны өсуде. Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдан былтыр Ыстамбул және Кувейт бағытына тікелей рейстер ашылды. Қазан айында Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Даби қаласына тікелей рейстер ашылады. Қазіргі уақытта Мәскеу, Анталья, Тбилиси, Самарқанд қалаларына рейстер ашуға Үкіметке ұсыныс енгізілді. Ішкі бағытта Астана мен Алматыға рейстер саны көбейтілді.

– Түркістан қаласын дамыту мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жеке бақылауында. Былтыр өңір тұрғындарымен кездесуде Президентіміз Түркістан қаласына арнайы мәртебе беруді тапсырды. Қазіргі уақытта облыс әкімдігі тиісті министрліктермен бірлесіп, «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасын дайындап жатыр. Осы заң қабылданған соң, қала әкімдігі мен мәслихатына қосымша құзыреттер берілетін болады, бұл тұрғындардың күрделі мәселелерін тез арада шешуге мүмкіндік береді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы, сауда және қызмет көрсету бағытындағы мәселелер қала деңгейінде дербес шешіледі, – деді облыс әкімі.

Жалпы, Түркістан қаласында ғана емес, Түркістан облысында жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше мән берілуде. Бұл орайда бірқатар басқарма басшылары жуық арада инвестиция тарту, кәсіпорындарды көбейту, жұмыс орындарын ашу бойынша ұсыныс дайындауға тиіс. Аудан, қала әкімдері өңірден шыққан ірі кәсіпкерлерді шақырып, елге пайдалы жобаларды жүзеге асыруға көмектесуі керек. Сондай-ақ облыстың миллионға жуық тұрғыны бар оңтүстік аудандардың инфрақұрылымын реттеп, жастарды тартатын жұмыс орындарын ашу қажет. Әкімдерге, басқарма басшыларына халықтың әл-ауқатын көтеру бағытындағы жұмыстарды күшейту бойынша индикаторлар әзірленбек.

«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі» кешенді жос­па­ры­ның Түркістан облысы бойынша орын­далу барысы облыс әкімінің үнемі қадағалауында екенін айта кеткен жөн. Кәсіпкерлік саласын дамыту жұмыстары да Түркістан облысында қарқынды жүзеге асуда. Шағын және орта биз­несті дамыту арқылы өңірде жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылуда. Мысалы, «Еңбек» бағдарламасы бойынша өткен жылы 67 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылып, жылдық жоспар 96,8 пайызға орындалған. Сегіз айдың қорытындысымен жеке бастамалар бо­йынша 11 773 жұмыс орны ашылған. Жұ­мыспен қамту бойынша аудандарда да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мысалы, Келес ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастырумен «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде былтыр 5 407 азаматты жұмыспен қамту шарасына қатыстыру жоспарланып, 8 айда 2 890 азамат қатыстырылған. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Н.Темірбаеваның мәлімдеуінше, бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 57 мекемеден 30 тұрақты бос жұмыс орны, жастар практикасына – 86, «Күміс жас» жобасына – 6, қоғамдық жұмыстарға 67 бос жұмыс орны ұсынылған. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту үшін аудандағы 8 жұмыс берушіге 8 квота бекітіліп, 2 аза­мат жолданыпты. Ал «Пробация есе­бінде тұрған» азаматтар үшін 7 жұ­мыс берушіге 7 квота бекітіліп, 2 аза­мат жолданыпты. Келес ауданы Абай ауы­лының тұрғыны омарташы Қайыр­ғали Жарқынбаев мемлекеттен «Бастау бизнес» арқылы грант ұтып алып, өз кәсібін дамыта түскен. Омартаға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған Қайырғали араны көбейтіп, қазіргі 50 шақты омартасын 500-ге дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Омарташы істеймін деген адамға әрдайым жұмыс табылатынын, сылтау іздеп отырған дұрыс емес екенін айтады.

Халқы тығыз орналасқан өңір тұр­ғын­дарын жұмыспен қамтуда «Еңбек» бағдарламасының алар орны ерекше. Алдыңғы жылы мыңға жуық отбасы аталған бағдарлама аясында Павлодар облысына қоныс аударған болатын. Ал жалпы алдыңғы жылы Солтүстік өңірлерге Түркістан облысынан 847 отбасы, яғни 3 779 тұрғын көшіп барған. Бұл республика бойынша көшкендердің 30 пайы­зын құрайды. Оның ішінде Павлодар облысына – 550 отбасы (2 700 адам), Солтүстік Қазақстан облысына – 206 отбасы (837 адам), Қостанай облысына – 55 отбасы (161 адам), Шығыс Қазақстан облысына 36 отбасы (81 адам) көшкен. Олардың 1 869-ы еңбекке қабілетті, ал тұрақты жұмыспен қамтылғандары – 1 294 адам. Сонымен қатар 397 адам жеке кәсібін ашса, ал қалған 178-і – үй шаруасында.  Былтырғы жылдың алғашқы 7 айында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Солтүстік өңірлерге тағы 270 отбасы қоныс аударған. Яғни 951 тұрғын теріскейге көшіп, жаңа өмір бастады. Ал жалпы былтыр республика бойынша жоба аясында Түркістан облысына 6 424 квота бөлінген. Бұл орайда түркістандықтардың басым бөлігі Павлодар облысын таңдаған. Аталған өңірге 131 отбасы (401 адам) көшіп, бұл қоныс аударғандардың 42,16 пайызын құрап отыр. Солтүстік Қазақстан облысына 109 отбасы (469 адам), Қостанай облысына 23 отбасы (65 адам) көшкен.

Қоныс аударған тұрғындардың тұр­мыстық жағдайымен танысу мақсатын­да, құрамында облыстық жұмыспен қамту­ды үйлестіру және әлеуметтік бағдарла­ма­лар басқармасының қызметкерлері, кәсіпкерлер, әрбір аудан мен қалада көші-қонға жауапты мамандар мен журналистер бар делегация Павлодар облысына барып та қайтты. Жұмыс күші тапшы облыста қоныс аударушыларға қолайлы жағдай жасалуда. Қолдауға ие болғандардың бірі – Түркістан облысы, Сарыағаш ауданынан Заңғар ауылына көшіп келген Шерзат Райымбековтің айтуынша, солтүстікте өмір сүруге, тір­шілік жасауға барлық мүмкіндік бар. Тек ерінбей жұмыс істесең болғаны. Шерзат бау-бақшаның қыр-сырын жақсы меңгергендіктен жылыжаймен айналысуды жөн санапты. Кәсіпкер отбасы қияр мен қызанақтан бөлек қауын, шалғам еккен. Бүгінде 3 соттық жерден 3 млн табыс тапқан.

Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуда өңірдегі құрылыс нысандарының үлесі айтарлықтай. Белгілі бір нысанның құрылысы кезінде жұмысқа алынатындардан бөлек, пайдалануға берілген соң да тұрақты жұмыс орны ашылады. Мысалы, былтыр Сайрам ауданында 5 жекеменшік мектеп ашылды. Оның бірі Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі 300 орындық бастауыш сыныптарына арналған мектеп болса, қалған 1 200 орынға арналған 4 жалпы орта мектеп Манкент ауылдық округінде орналасқан. Мектеп құрылысына кәсіпкер, ауданға бел­гілі азамат Сиқымбай Сағындықов өз есебінен 210 млн теңге жұмсаған. Жаңа білім ұясына негізгі пәндерді оқытуға 20-дан аса мұғалім жұмысқа қабылданған. Ал жеке кәсіпкер Н.Сулаймановтың демеуімен жекеменшік мектептердің құрылыстарына 1 млрд 200 млн теңгеден аса қаржы жұмсалған. Бүгінгі таңда жеке­меншік мектептеріне 40 млн теңге көле­мінде мектеп формасы, 80 млн қар­жыға оқулықтар сатып алған. Кәсіпкер биылзаманауи үлгідегі, типтік, білім стандарттарына сай, үш тілде оқытылатын 1 200 орындық 6 мектептің құрылысын аяқтады. Жалпы, 7 200 баланы оқумен және 660 мұғалімді жұмыспен қамту жоспарлануда.

«AQ-QARA.KZ»

Оқылды 252 рет