Сәрсенбі, 08 Қараша 2023 21:31

ШЫМКЕНТ: ҚАЙНАРБҰЛАҚ ТҰРҒЫН АЛАБЫННЫҢ ЖАҢАҚҰРЫЛЫС АЙМАҒЫНДА АУЫЗ СУ ҚҰБЫРЛАРЫН ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ТОЛЫҒЫМЕН АЯҚТАЛДЫ

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Абай ауданы әкімі Бұқарбай Парманов айтты.

«Бүгінде Абай ауданы аумағы бойынша 27 елді мекеннің 26-сы сапалы ауыз сумен қамтылған, пайыздық көрсеткіш 96,2% құрап отыр.

Қазіргі таңда Қайнарбұлақ тұрғын алабының Жаңақұрылыс аймағына ауыз су құбырларын тарту жұмыстары толығымен аяқталып, абоненттеу қызметтері жүргізілуде», - деді Б.Парманов.

Сонымен қатар, жеке меншіктегі электр жарығын пайдаланып отырған Асар-2 шағын ауданының тұрғындары, 2024 жылдың 2 тоқсанына дейін толығымен мемлекеттің сапалы электр жарығымен қамтамасыз етілетін болады.

Ал, Қайнарбұлақ тұрғын алабында тұрғындардың 76 %-на сапалы электр жарығын тарту бойынша құрылысы толық аяқталып, тұрғындарды жаңа жарық жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі таңда ауданда 23 елді мекен көгілдір отынмен қамтылып, көрсеткіш 82,5% құрап отыр. Жыл соңына дейін Нұршуақ шағын ауданының 493 абонентіне табиғи газ берілсе, 2024-2025 жылдары Ынтымақ-2, Қайнарбұлақ саяжайы, Қайнарбұлақ тұрғын алабы, Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекенінің тұрғындарына табиғи газ құбырлары жүргізілетін болады деп жоспарлануда.

Абай ауданына қарасты 27 елді мекеннің 7-і кәріз жүйесімен қамтылған. Биылғы жылы 5 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде:

Достық шағын ауданының ішкі жүйелерінің құрылыс жұмыстары мен Бозарық шағын ауданында 74 га. жерге орналасқан көп қабатты тұрғын үйлер аумағына кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталды.

2025 жылы Жайлау, Қатын көпір, Тельман, Ақниет, Қызылжар, Жиделі, Батыс, Ынтымақ елді мекендерін орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу жұмыстарын бастау жоспарлануда.Нәтижесінде 2025 жылы Абай ауданында кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 18 пайыздан 55,5 пайызға дейін өсетін болады.

 

Оқылды 472 рет