Сенбі, 11 Қараша 2023 12:57

ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚҚА САПАЛЫ ЖӘНЕ УАҚЫТЫЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ МАҚСАТЫНДА 20 МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМ АККРЕДИТТЕУДЕН ӨТТІ

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков айтты.

Шымкент қаласында халықтың медициналық мекемелер ұсынатын медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі бойынша халыққа сапалы және уақытылы медициналық қызмет көрсету мақсатында 20 медициналық ұйым аккредиттеуден өткен. Жыл соңына дейін медициналық ұйымдарды ұлттық аккредитациядан өткізуді 35 %-ға жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, қалалық диагностикалық орталық дәріханасы GPP стандартына сәйкес сертификатталған.

Сондай-ақ медициналық мекемеде GPS навигациясы базасында аймақтық медбикелердің қызмет көрсету аумағына байланысты аула аралау жұмысын қадағалауға арналған бақылау жүйесі енгізілді.

№ 1, 3, 7 қалалық емханаларда үздік практика орталықтарын ашу бойынша жол картасы бекітілді, қазіргі таңда оқыту жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында 3 мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымы, 14 емхана, 15 аурухана, 4 оңалту орталығы, медициналық колледж, ЖИТС орталығы, қан орталығы, залалсыздандыру орталығы, жедел медициналық жәрдем станциясы, бөбектер үйі және диагностикалық орталық қызмет көрсетеді.

Қала халқының өсуіне байланысты 2019-2022 жылдар аралығында 12 жаңа емхана ашылған. Бүгінде 2019 жылмен салыстырғанда емханалардың орташа жүктемесі 34 мыңнан 22 мыңға азайса, ауруханалардың төсек орын саны 3376 дан 4383-ға артқан. Нормативке cәйкес емханалардың орташа жүктемесі 30 мың халық. Денсаулық сақтау саласында медициналық қызмет көрсететін дәрігерлер саны - 4 974, орта медициналық қызметкерлер саны - 10 697 құрайды.

«Шымкентте қалалық балалар клиникалық ауруханасында эпилепсия ауруына шалдыққан балаларға нейростимулятор отасы жасалған. Қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері 14 жастағы балаға алғаш рет «Эпилепсияның құрылымдық фармакорезистентті формасында VNS орнату» арқылы үлкен күрделі операция жасады. Баланың қазіргі жағдайы бірқалыпты, жақсы. Сондай-ақ 2023 жылғы шілде айында Шымкентте алғаш рет жүрек трансплантациясы және 10 LVAD отасы жасалған»,- деді Нұрлыбек Абибуллаұлы.

 

Оқылды 538 рет