Бейсенбі, 16 Қараша 2023 18:32

ШЫМКЕНТТЕГІ ҚАРАТАУ АУДАНЫ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН 100% ҚАМТЫЛАДЫ

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі Рақымберді Мүлкеманов айтты.

«2023 жылы Сайрам және Қызылсу елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары атқарылуда. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстарының аяқталуына орай, аудан аумағындағы барлық елді мекендер сапалы ауыз сумен 100% қамтылатын болады», - деді Р.Мүлкеманов.

Сонымен қатар, 2023 жылы Бозарық саяжайының жаңақұрылыс аумағын (1200 абонент) электр жарығымен қамту жұмыстары атқарылатын болады. Одан бөлек, ОЖТ тарапынан инвест бағдарлама аясында Тассай, Таскен, Қайтпас және Сайрам елді мекендерінде электр желілерімен трансформаторлар алмастырылуда.

Сонымен қатар елді мекендерді табиғи газбен қамту бойынша бүгінде Тұран ш/а құрылыс жұмыстары аяқталып абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Ал Тассай т/а, Нұртас ш/а құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталатын болады. Бүгінде ауданда табиғи газбен қамту көрсеткіші - 96% құрайды. 2025 жылға дейін елді мекендерді табиғи газбен қамту көрсеткішін 100% жеткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, Халық қатысатын бюджет шеңберінде 2023 жылы 92 жобаны жүзеге асыру жопарланған. Бүгінде 92 жобадан 62 жобаға мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, 52 жобаның құрылыс жұмысы аяқталды.

Айта кетейік, 2023 жылы 41 балалар және 12 спорт алаңшасын салу мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, бүгінде 34 балалар және 7 спорт алаңшасы пайдалануға берілді. Қалған орындарда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, аудан аумағында су басу және көлдеу қаупі бар 30 мекенжай анықталып, 2022 жылы 22 орынға ұзындығы 13,7 шақырымды құрайтын ирригациялық жүйелер салу жұмыстары атқарылды. 2023 жылы 17 орынға 15,1 шақырымды ирригациялық арық жүйелерін салу мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде.

2025 жылға дейін аудан аумағындағы 150-ге жуық көшені жарықтандыру жоспарланып отыр. Аудан аумағындағы тұрғындардың өтініштері негізінде 240 орынға бейнебақылау камераларын орнату жоспарланған. Аталған жұмыстар жыл соңына дейін атқарылатын болады.

Оқылды 346 рет