Бейсенбі, 16 Қараша 2023 20:14

ШЫМКЕНТ: АРНАЙЫ ТЕХНИКАЛАРДЫҢ ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҒЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Шымкент қаласында "Қыс - 2023" Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы қарсаңында қысқы кезеңге қалалық коммуналдық қызметтер және азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының дайындығы тексерілді. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, ТЖ департаментінің бастығы, генерал-майор Қуанар Базарбаев қатысып, арнайы техникалардың дайындығын пысықтады.

– Оқу-жаттығу жиынының мақсаты – қыс мезгіліне инертті материалдардың қорын және қыс мезгіліндегі төтенше жағдайларда авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖ департаменті арнайы техникасының дайындығын тексеру, техникалардың жұмысқа жарамдылығын және техникалық жағдайын анықтау, қауіпті метеорологиялық құбылыстардың пайда болуына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу. Қысқа дайындық барысында анықталған барлық кемшіліктер қалалық төтенше жағдайлар комиссиясының отырысында қаралады, – деді ТЖ департаменті бастығының орынбасары Ж.Жабаев.

Қысқы маусымда қаланың автомобиль жолдарында 20 бағытта қалалық коммуналдық-техникалық қызметінің 155 бірлік техникасы және жеке құрамда 1385 адам жұмыс істейтін болады.

Жалпы ұзындығы 891 шақырым, қаланың 443 көшесінде қар тазалау жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда 6990 тоннадан аса тұз, 31594 текше метр құм дайындалған, инертті материалдар қорын толықтыру жұмыстары жалғасуда.

Сонымен қатар, Шымкент қаласы ТЖ департаментінің 29 бірлік техникасы мен 130 адам жеке құрамы дайындалды.

Қажет болған жағдайда қыс мезгіліне 58 жиналу-эвакуациялық пункті дайындыққа келтірілді.

 

Одан соң қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «№ 2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмыс барысын бақылады.

Аталған орталықта 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқуы бар І-ІІ топ мүгедектеріне стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Атап айтсақ, тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық және педагогикалық 8 әлеуметтік қызмет көрсетіледі.

Қазіргі таңда 240 мүгедектігі бар азамат стационарлық режимде ем алуда. Орталықта 55 бейнебақылау орнатылған. Жалпы аумағы 0, 946 гектарды құрайды. Бүгінде арнаулы әлеуметтік орталықты күрделі жөндеуден өткізу мәселесі туындап отыр.

Орталықтың жағдайымен танысқан қала басшысы жауаптыларға мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайластыру мақсатында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және кез келген мезгілде ыңғайлы болу үшін спорт алаңшасының шатырын орнату бойынша нақты тапсырмалар берді.

Оқылды 339 рет