Сәрсенбі, 25 Қазан 2023 22:33

Созақтық кәсіпкер мемлекеттік гранттың арқасында үй іргесінен шағын наубайхана ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр

Таяуда Түркістан облысының БАҚ өкілдері Созақ ауданындағы мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп ашқан азаматтардың жұмысымен танысты. Мемлекеттік грантпен кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі — Зәуре Аманбекова. Ол үйінің іргесінен шағын наубайхана ашқан. Қайтарымсыз грант керекті құрал-жабдықтар сатып алуына үлкен септігін тигізгенін айтады.

Оған кондитерлік өнім пісіретін пеш, үлкен тоңазытқыш сатып алыпты. Қазір тапсырыстарды орындап жатыр. Еңбекпен өрнектелген өмірі көпке үлгі боларлық. Бүгінде мұнда дәмі тіл үйіретін түрлі тәтті күлшелер мен кондитерлік тағамдар дайындалады. Мұнда бес адам еңбек етеді.«Бұл кәсіппен отбасымызбен айналысамыз. Себебі жолдасым, ұлым мен келінім маған күнделікті көмектеседі. Ұлым дүкендерге нанды таратып отырса, келінім сол тәтті нандарды пісіруге көмектеседі. Одан бөлек қарамағымда екі адам жұмыс істеп, өз нәпақасын тауып жүр. Өзім Алматы қаласында Нан пісіру макарон және кондитерлік өндіріс технологиясы мамандығында біліп алғанмын. Еңбектің наны тәтті дейді. Еңбексіз адам арманына жете алмайды. Жұмыс істеймін деген адамдарға қуана-қуана үйретемін», — деді кәсіпкер.

Шолаққорғандық кәсіпкер Талшын Сатыбалды өткен жылы аталған жоба арқылы 1 млн 225 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған. Ол осы қаржыға аудан орталығынан массаж салонын ашып, онда әйелдер мен балаларға арналған емдік және классикалық массаж қызметтерін көрсетеді. Бүгінде кәсіпкер 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкердің айтуынша, орталықта массаждан бөлек, хиджама, шугаринг, сатху терапевт және маникюр қызметтері бар.

«Қайтарымсыз грант – аудан тұрғындарына кәсіп бастауға үлкен көмек. Бүгінде орталығымызда ауыл тұрғындарына түрлі қызметтер көрсетіліп жатыр. Кейде тіпті тұрғындар алдын ала жазылып келеді. Өзім бұл салада үш жылдан бері еңбек етіп келемін, ал орталықтың ашылғанына бір жыл болды. Мен алдымен арнайы курсты оқыдым, ал қазір массаж сабақтарын өзім өткіземін, 40-қа жуық шәкіртім бар. Орталықтағы қызметкерлердің ай сайынғы табысы 200-300 мың теңгені құрайды. Алдағы уақытта осы кәсібімді дамыту мақсатында қосымша мемлекеттен гранттар бөлініп жатса, тағы да қатысу жоспарда бар. Cондай-ақ, соңғы үлгідегі заманауи аппараттарды алып, кәсібімді одан әрі дамытуды көздеп отырмын», — деді кәсіпкер.

Еске сала кетсек, былтыр Созақ ауданында 80-нен аса азамат мемлекеттік гранпен қамтылса, 511 адам «Бизнес бастау» бойынша оқуға жіберілген. Сонымен бірген, биыл Түркістан облысында 600-ге жуық жасқа 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беріледі. Қазіргі таңда құжат қабылдау жүріп жатыр. Қатысушылардың жасы 21 мен 35 аралығында болуы тиіс. Жастар 5 миллион теңгеге дейін несие ала алады.

Өткен жылы 1207, биыл 28 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып, жалпы саны 4792-ні құрады. Осы жылы инвестициялық 7 жоба іске асырылады. Атап айтсақ, өңдеу өнеркәсібі саласындағы «Созақ Фосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар өндірісі, «Састөбе» инновациялық комплексі ЖШС-нің тұз сақтау қоймасы, «Казатомөнеркәсіп» ҰАҚ АҚ күкірт қышқылын өндіру. Осы аталған 3 жоба биыл басталып, 2025 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал агроөнеркәсіп саласы бойынша «Атамекен» ш/қ» мен «Дәмен» ш/қ жаңбырлатып суару, «Қуаныш» ш/қ органикалық тыңайтқыш Биогумус өндіру, ЖК «Б.Исаев» Шағын сүт фермасы биыл аяқталады деп жоспарланған.
Одан бөлек, индустриалды аймақта 5 кәсіпорынға 10 га жер телімі берілген. Яғни «Uko-S Star» Уран тасымалдауға арналған болат бөшкесін шығару, «Uko-S Star» Металл құрастыру зауыты» ЖШС-і техникалық май тасымалдауға арналған болат бөшкесі, «Дархан-Ас» ӨК өз жұмыстарын жүргізіп отыр. 2021 жылдан өтпелі болып іске асырылған 4 нысанның құрылысы 2022 жылы толық аяқталды. Олар - Жуантөбе және Қаратау ауылдарының әкімшілік ғимаратының құрылысы, Шолаққорған ауылындағы Қожанов көшесі бойынан әкімшілік ғимаратына қосымша жай құрылысы, Аққолтық елдімекенінде 75 орынға арналған мәдениет үйінің құрылысы. Сондай-ақ, құрылысы жүргізіліп жатқан Созақ ауылындағы спорт алаңы биыл желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал Қаратау ауылында жабық шағын футбол алаңының құрылысы
аяқталып, қыркүйек айында ел игілігіне тапсырылды.

Жалпы өңірлік өнімінің 92,5 пайызын, 419 млрд. 677 млн. теңгесін өнеркәсіп саласы құрайды. Оның ішінде, 329 млрд. 367 млн. теңгесі тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуға (уран кендерін өндіруге), 85 млрд. 32 млн. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне (уран, алтын өндірісіне) тиесілі.

Енді бір қуанарлық әрі көңіл толатын жағдай аудан экономикасына жарты жылдың көлемінде 40 млрд теңгеге инвестиция тартылған. Аталған инвестицияның басым бөлігі өнеркәсіп саласына, оның ішінде, уран өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуға, электр энергиясымен, газбен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауға бағытталған.

Созақ ауданы еске түскенде ауыл дамуға бет алған шаруашылығы еріксіз еске оралады. Мәселен былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 17 млрд. 638 млн теңге болып, өткен 2020 жылмен салыстырғанда 2 млрд. 61 млн теңгеге артқан. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 378,3 млн теңге инвестиция тартылған. Шолаққорған, Созақ, Жуантөбе, Жартытөбе ауылдық округтері мен Таукент кент әкімдігіндегі шаруалар 25 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды.

Аудандағы барлық санатта 37123 бас мүйізді ірі қара, 256353 бас қой-ешкі, 24684 бас жылқы, 13452 бас түйе, 32594 бас құс өсірілуде. 2020 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 102,2 пайызға (36315 бас), қой-ешкі 100 пайызға (256248 бас), жылқы 109,3 пайызға (22583 бас) өссе, түйе 13650 бас, құстар 32 780 басты құрады.

 «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мүйізді ірі қара аналығын тұқымдық түрлендіруге тарту мақсатында барлығы 40 бас асыл тұқымды бұқалар сатып әкелініп, 2743 бас мүйізді ірі қара аналығы тұқымдық түрлендіруге тартылды. Қарақұр ауыл округінен жеке кәсіпкер Жасұлан Омарбек 70 млн.теңге өз қаржысына Ресей Федерациясының, Алтай өңірінен 250 бас «Калмык» асыл тұқымды мүйізді ірі қара аналығын сатып алды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 1700 бас түйе аналығын сатып алу межесі белгіленіп, азаматтардың өз қаражаты есебінен 885 бас түйе аналығы және қойдың 1230 аналық басы несиелендіру жолымен сатып алынды.

Кәсіпкерлік саласы бойынша аудан көлемінде былтыр 405 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып, кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 3 362-ге жетті. Жобаларды қаржыландыру бойынша «Ырыс» МКҰ арқылы 25 жобаға жалпы сомасы 90,9 млн. теңге; «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Оңтүстік Қазақстан филиалы арқылы 57 жобаға 204,3 млн. теңге; «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ТО бойынша филиалы арқылы жалпы сомасы 8 жобаға 64,0 млн. теңге, барлығы 65 жобаға 268,3 млн. теңге несие берілді. Кәсіпкерлік қызметке баулу, микрокредит алуға қол жетімділікті арттыру мақсатында «Бизнес Бастау» жобасы бойынша 180 адам оқытылып, 174 адам сертификаттарын қорғады. Оның ішінде 70 адам 653 млн.теңге грант иегері атанды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 1 жобаға («Дархан-Ас» ӨК) жалпы сомасы 22 млн. теңге несие берілді.

Әлеуметтік саладағы кешенді жоспарды іске асыру аясында 3409 адамды қамту жоспарланса, 3108 адам қамтылып, жоспар 91,2 пайызға орындалды. Бағдарламаның бірінші бағыты «кәсіби білім беру және кәсіптік оқыту» бойынша – қысқа мер-зімдік курстар бойынша ауылдық округ, кент әкімдіктерінен оқуға ниет білді-рушілер бойынша тізім жасақталып, 60 адамды оқыту жоспарланып, жергілікті бюджеттен   13 млн.   550,0   мың   тенге қаржы   қаралып,   2021   жылы  60  адам қысқа мерзімді оқуға жіберіліп, 59 адам оқуын аяқтап, мамандағы бойынша тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.

Бағдарламаның екінші бағыты «жаппай кәсіпкерлікті дамыту» шеңберінде жеке ісін ұйымдастыру және кеңейтуге 78 адам шағын несиемен қамту жоспарланып, 2021 жылы 65 адам 268 млн. 320 мың. теңге несиемен қамтылды. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 180 адам оқыту жоспарланып, 181 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқуға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы жолданып, оқуды толық аяқтаған 171 адамға сертификаттар табысталды.

Бағдарламаның үшінші бағыты «жұмыспен қамту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» шеңберінде биылғы жылға 1 288 жалпы жаңа жұмыс орындары ашылу жоспарланса, өткен жылдың қорытындысымен 2 145 жаңа жұмыс орыны ашылып, жоспар 166,5 % орындалды. Оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жыл ішінде 144 адам жолдау жоспарланып, 571 адам жолданды (жоспар 405%).

Созақ ауданында 2027 жылға дейін 1 трлн. теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Атап айтқанда, келер жылы жоба құны 100 млрд. теңге болатын «Қазатомпром» компаниясының күкірт қышқылын өндіретін зауыт құрылысы басталады. «Маңғышлақ-Мұнай» компаниясы табиғи газ өндіру кәсіпорнының құрылысы басталады деп жоспарлануда. Жоба құны - 89 млрд. теңге.

Сондай-ақ, 130 млрд. теңгеге «Созақ Фосфат» компаниясының минералды тыңайтқыш өндіру зауыты салынып, 1 мың адам жұмыспен қамтылады. «Састөбе инновациялық комплексі» каустикалық содаға арналған тұз сақтау қоймасы құрылысын бастайды. Қоймада жылына 100 мың тонна тұз сақтауға мүмкіндік болады. «Созақ мұнай және газ» компаниясы қуаттылығы - 2 млрд. текше метр болатын газ өндіру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Жобаның құны 700 млрд. теңгені құрайды.

Жалпы экономикасы дамыған елдер қатарына қосылу үшін ең әуелі әрбір өңірдегі кәсіпорындардың дамуына аса мән берген дұрыс. Себебі өнеркәсіп орындарының жұмысы баяуласа, шет елдік нарықта бой көрсету екіталай. Осыған байланысты Түркістан облысында биыл жыл басында өңдеу өнеркәсібі саласының өндіріс көлемі 97034,6 млн. Теңгені, ал өнеркәсіптік өндірістің индексі өткен жылдың тиісті кезеңіне 110% құрайды.  Бүгінгіде аталған қызмет түрі өндірісінің үлесі облыстың өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінің   46,4%  құрады. Ағымдағы жылдың қаңтар-наурызында тамақ өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемі 24964,8 млн.теңгені құрады, өткен жылдың тиісті кезеңінен 5,3% төмендеді, бұл  ірі қара мал, шошқа, қой, ешкі, жылқы және жылқы тектес жануарлардың жас немесе тоңазытылған ет өндірісінің  13,5%, үй құсының жас немесе тоңазытылған еті  47,2%, ірімшік және сүзбе  39,4%, өзге де сүт өнімдері  4,3%, дәнді және өсімдік дақылдарынан жасалған ұн; олардан майда  тартылған ұн қоспаларының  9% кемуінен орын алды. Сонымен қатар, басқа тәсілмен дайындалған немесе консервіленген балық өндірісі  27,8%,  жеміс және көкөніс шырындар өндірісі  12,5%, сары май және сүтті спредтер  2,5 есеге жоғарлады.

Сусындарды өндіру саласында өндіріс көлемі өткен жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда  74,9% артты, ал өндірілген өнім көлемі 4256,2 млн. Теңгені құрады, бұл коньяк спирттің өндірген өнімнің 3,5 есе жоғарлауынан орын алды. 2023 жылдың қаңтар-наурызында тоқыма бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар  15405,8 млн. Теңгенің өнімін өндірді және  өткен жылдың тиісті кезеңінен 3,3 есеге жоғары болды, бұл  мақта талшығы  өндірісінің  3,4 есеге  артуынан орын алды. Кокс және мұнай өнімдерін өндіру өнеркәсібінде  2945,6 млн. теңгенің  өнімі өндірілді, бұл 2022 жылдың тиісті кезеңінен  2,5 есеге жоғары, өндірістің өсуі негізінен мұнай жол битумдар өндірісінің  2,6 есе артық өндірілуінен болды. Өзге де металл емес минералды өнімдер өндірісі өткен жылдың тиісті кезеңіне  23,1% жоғары болды, ал өндірілген өнім көлемі 4466,5 млн.теңгені құрады. Аталған салада өндіріс көлемінің негізінен отқа төзімсіз құрылыс кірпіштердің  35,8%, құрылыс ерітінділердің  5,8 есе өсуінен болды.

Машина өнімдерін жасау өндіріс көлемі 2023 жылдың қаңтар-наурызында 11210,5 млн.теңгені құрады, өнеркәсіптік өндіріс индексі 2022 жылдың тиісті кезеңіне  113,8% құрады, бұл өзге де злектронды және электр сымдар мен кабельдер өндірісінің  2,3 есе, кернеуі 1000 В артық электр тізбектерін ажыратуға, ауыстырып қосуға немесе қорғауға арналған аппаратура (жоғары вольтты аппаратура) өндірісінің  2 есеге өсуінен орын алды. Сонымен бірге, резеңке және пластмасса бұйымдар өндіру өндірісінде өндіріс көлемі 1408,1 млн.теңгені құрады, 2022 жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда  36,8% төмендеді, өндірістің төмендеуі пластмасса құбырлар, түтіктер, жеңдер мен шлангілер және олардың фитингтер өндірісінің  59,8% кемуінен орын алды. Алдыңғы жылдың тиісті кезеңінде киім өндіру саласы бойынша ерлерге арналған жұмыс киімі өндірісінің 11,7% кемуінен, өнеркәсіптік өндірістің индексі  10,9% төмендеді, ал өндіріс  көлемі  438,2 млн.теңгені  құрады.

Жалпы, Түркістан облысында алғашқы жарты жылдықта 55 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін 109 мың адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылады. Бұл туралы Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасында облыс әкімі Дархан Сатыбалды айтты. Облыс әкімі жұмыспен қамту бағыты бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.

– Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» бастамасы аясында Түркістан облысында 12 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Биыл өз ішін ашуға ниетті 1688 адамға қайтарымсыз грант ұсыну көзделуде. Бұл бағытқа 2 млрд. теңге бөлінген. Сондай-ақ алғаш рет 594 жасқа 2,5 пайызбен жеңілдетілген шағын несие беріледі. Түркістандық жастар үшін 2,9 млрд. теңге қарастырылды. Жұмыспен қамту және кәсіпкерлікпен айналысуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жергілікті тұрғындар арасында кеңірек насихаттау шаралары да тұрақты жүргізілуде. Әсіресе, ауыл жастарын, NEET санатындағы азаматтарды осы мүмкіндіктерді қалт жібермеуге шақырудамыз. Өйткені, кейбір азаматтар бейхабар болуы мүмкін. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру топтарымыз жұмысты күшейтпесе, бәсеңдетпейді, – деді өңір басшысы Дархан Сатыбалды.

Облыста өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық беріледі. Осы бағытта жоспар түзіліп, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл 2023 жылы Түркістан облысында жұмыспен қамту саласы 4 негізгі стратегиялық бағыт бойынша жүргізілуде. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы негізінде «Өңірдің жұмыспен қамту картасын» бекіту, Үкіметтің қаулысы негізінде «Еңбек» бағытының іске асырылуы, Түркістан облысының даму бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті дамыту арқылы өз ісін ашу, Мемлекет басшысының «2050 жылдарға дейінгі даму стратегиясы» бойынша цифрландыруды тереңдету іске асырылады. Осы мәселелерді таяуда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат жиынында да талқыланды.

– Тұрғындарды жұмыспен қамту жоспары жүйеленіп, сапалы орындалуы тиіс. Жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдеріне осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырамын. Әсіресе халық тығыз орналасқан аудандарда жағдай қиын. Тұрақты жұмыс орындары ашылуы керек, – деді облыс әкімі.Биыл ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан 109,7 мың жаңа жұмыс орынын ашу жоспары ұсынылып, өңір басшысының бекітуімен облыстың жұмыспен қамту картасы нақтыланды. Оның ішінде 72,4 мыңы тұрақты болса, 37,4 мыңы – уақытша жұмыс орындары. Осы жылдан бастап 35 жасқа толмаған азаматарға 2,5 пайыздық жеңілдетілген қайтарымды шағын несие беру жоспарлануда. Ал әлеуметтік жұмыс орны, қоғамдық жұмыс, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Күміс жас» жобалары жалпы «Еңбек» бағыты аясында 32,9 мың адамды субсидияланған жұмыс орындарына жолдау жоспарланып, бюджет есебінен 35,6 млрд. теңге қаржы бөлінді. Атап өтерлік, 2023 жылдың 1 айында жалпы 6,8 мың азамат жұмыспен қамту шараларына жолданды.

Түркістан облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, Келес, Сарыағаш және Шардара аудандарының грант алушыларымен пилоттық жобалар жүзеге асырылады. Келес ауданында мал шаруашылығы, Сарыағашта құлпынай өсіру, Шардарада тігін салалары бойынша кооперативтер құрылады. Осылайша, жоба арқылы осал топтағы азаматтарды қамтып, күнкөріс деңгейін арттыру мақсат етілген. Сонымен қатар 2024 жылдан бастап жұмыспен қамту орталықтары түбегейлі форматталады. Республика көлемінде пилоттық режимде Астана қаласы, Қарағанды облысымен қатар Түркістан облысының Бәйдібек, Сарыағаш аудандары, Кентау және Түркістан қалаларының орталықтары трансформацияланады. Басқарма тарапынан ірі кәсіпорындарында 1 мыңға жуық бос жұмыс орындары бар Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарына ұсыныс хат жолданып, еңбек ресурстарын арттыру үшін келіссөздер жүргізілуде.

Өткен жылы басынан бері өңірдегі 6 161 жас тұрақты жұмысқа орналасқан. Биылғы жылы Түркістан облысында жастарды жұмыспен қамту жоспарына сәйкес 29 307 жасты жұмыспен қамту көзделуде. Олардың басым көпшілігі Жастар практикасы және Қоғамдық жұмыс жобаларының аясында жүзеге аспақ. Ал, жыл басынан бері өңірдегі 6 161 жас тұрақты жұмысқа орналастырылған. Түркістан облысында жастар саны 473 110 адамды құрайды. Бұл көрсеткіш Республика бойынша алғашқы орында. Облыс жастарының 82% — ауыл жастары, 18% — қала жастары. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін облыс аумағында 1 067 үйірме қызмет көрсетуде. Биыл 5 мыңнан астам жасты «Жастар практикасы» жобасы шеңберінде жұмыспен қамту көзделіп отыр. Сондай-ақ, жастарға арналған қайтарымсыз гранттардың мөлшері осы жылы 200 АЕК-тен 400 АЕК-ке көтерілген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биыл жастарға жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие беріледі. Бұл жұмыстарды үйлестіруге Түркістан облысына 2,9 млрд. теңге қаржы қаралып отыр. Оған облыстың 594 жас азаматы қатыса алады.ҚР Қаржы және Еңбек министрліктерімен үш жақты келісім шарт жасалып, «Аграрлық несие корпорациясымен» сенім білдірілген агент ретінде танылды. Сонымен қатар, облыстық комиссия құрамы нақтыланып, облыс әкімінің шешімімен бекітілген болатын. 2023 жылдың 2 мамырындағы жағдай бойынша Түркістан өңірінің түпкір-түкпірінен 81 жастың құжаты қабылданып, комиссия қарауына тапсырылған.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсібінің нәсібін көріп отырғандар саны күн санап артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленген болатын. Соның бірі — Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы. Аталған жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталған.

 «AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 295 рет