Шымкент қаласында биыл жөндеуді қажет ететін 32 көпқабатты үйде қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Жұмыс барысында 11 үйге күрделі, 21 көпқабатты үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалған.
Ағымдағы жөндеуден өткен үйлердің басым бөлігі Қаратау мен Абай ауданында орналасқан. Олардың ішінде Нұрсәт шағын ауданында 10 көпқабтты түрғын үй және Абай ауданы 189 орамда 11 көпқабатты тұрғын үй бар.
Жөндеу барысында көпқабатты үйлердің кіреберісі әрленіп, шатыры жаңаланған және жертөледегі тозығы жеткен кәріз жүйелері жаңасына ауыстырылған.
Ал, Нұрсәт шағын ауданындағы 3 көпқабатты тұрғын үйдің жедел сатысы істен шығуына байланысты қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, шаһарда 16 көпқабатты тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстарын бюджеттік кредит есебінен тұрғынжай меншік иелерінің келісімімен қайтарымды негізде жүзеге асырылу жоспарланып, қазіргі таңда 11 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. 4 көпқабатты тұрғын үйде жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Айта кетейік, Шымкент қаласында тұрғын үй қорын реновациялау және қайта жаңғырту (модернизация) бағдарламасы қолға алынған еді. Жаңа бағдарлама тозығы жеткен ғимараттарды жойып, мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай зәулім үйлер қатарын арттыруды мақсат еткен.
Қазіргі таңда тұрғындарға реновация бағдарламасы шарттары түсіндіріліп, тұрақты жұмыстар атқарылуда. Авариялық және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу – меншік иелерінің келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Меншік иелеріне құрылыс кезеңінде уақытша баспана немесе пәтер жалдау үшін ақшалай өтемақы беріледі.
Бағдарламаға қатысу үшін жеке инвесторлар тұрғын-жай меншік иелерінің келісімін алып, «Shymkent» ӘКК» АҚ- мен келісімшарт жасасады.