Сенбі, 28 Қазан 2023 15:44

Түркістан: Сайрам ауданында сауықтыру туризмі дамып келеді

Сайрам өңірі өзінің тарихи маңыздылығымен қатар, емдік-сауықтыру орталықтарымен де танымал. Соның бірі - Манкент санаториясы. Онда елімізден ғана емес, алыс-жақын шет елдерден де ем алушылар көп келеді. Орталық мамандарының мәліметінше, 420 адамға арналған шипажайға жылына 15 мыңнан астам адам келіп ем алады.

Емдік-сауықтыру орталықтарының жұмыстарымен танысқан аудан басшысы Арман Сәбитов сондай-ақ, 2020 жылы іргетасы қаланған «Sairam Thermal Resort» шипажайына барды. Орталық бүгінде 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Шипажай жылына 3 000 адам қабылдайды. Онда ем-домға қажетті барлық шаралар мен аппараттар бар. Суы шипалы, ауасы таза.

 

Аудан әкімдігінің баспасөз деректеріне қарағанда, Түркістан облысының және Шымкент қаласының жұртшылығы Сайрам ауданындағы Ақсу өзенінің бойынан орын тепкен жазғы демалыс орындарына жиі келетіні рас. Қазіргі таңда ондай орындардың 14-і маусымдық үлгіде жұмыс істеп келеді.

Ауданда туристік маршрут дайындалған. Аталған маршрутқа «Манкент» шипажайы, «Сиқым баба» және «Жаныс баба» кесенелері енгізіліп отыр. Туристік маршруттардың бойында инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында Сайрам ауданы бойынша «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында 11 қызмет көрсету нысаны орналасып, қызмет көрсетуде. Сайрам ауданында жалпы, туризм саласын екі бағытта дамыту жоспарланып отыр.

Біріншісі - сауықтыру туризмі. Аудан Шымкент қаласына жақын орналасқандықтан және «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі аудан орталығына жақын болуына байланысты, емдік-сауықтыру туризмі жақсы дамып отыр. Осы жылы Ақсу ауылдық округіне қарасты «Ақсукент 2» ауылында 3 қабатты оңалту, сауықтыру орталығын іске қосу жоспарланған. Жобаның құны - 500 млн.теңге.

Екіншісі - мәдени тарихи ескерткіштер. Халық арасында «Сайрамда бар сансыз баб, Отырарда отыз баб, Түркістанда түмен баб, баптардың бабы Арыстан баб, ең үлкені Хален баб» деген тәмсіл кең тараған. Осыған орай, 2017 жылы туристік маршрут дайындалып, оған жоғарыда аталған үш нысан енгізілген. Осы бағытқа Қарамұрт ауылдық округінде орналасқан Қытай тарихнамасында «садағы мен семсері» қолынан түспеген қаһарман қолбасшы болған «Хален бап» және Көлкент ауылында орналасқан Қазақ ханы Абылайханның бекінісі болған «Ханқорған төбесін» туристік маршрут тізіміне енгізіп, оларды жан-жақты дамыту, насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Түркістан облысында туристік саланы дамыту өңірлердің дамуында жаңа серпілісті қалыптастыруға, халықтың әлеуметтік-мәдени белсенділігін ынталандыруға, бірегей табиғи орындар мен тарихи ескерткіштерді ел ішінде және халықаралық деңгейде танымал етуге бағдарланған кешенді мемлекеттік саясаттың перспективалы бағыттарының бірі болып табылады. 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Түркістан Қазақстанның ТОП-10 туризмді дамытудың негізгі туристік дестинацияның қатарына қосылды. Түркістан облысы тарихи және мәдени мұраға бай және ашық аспан астындағы өзіндік мұражай болып табылады. Облыс аумағында 1754 тарих және мәдениет ескерткіші, оның ішінде 1 халықаралық маңызы бар объект (Қ.а. Ясауи кесенесі), 31 Республикалық маңызы бар ескерткіш, 421 жергілікті маңызы бар ескерткіш және 1301 объект алдын ала тізімде бар.

Сондай-ақ, облыста 225 орналастыру орындары (қонақ үйлер, хостелдер, демалыс аймақтары, балалар лагерлері) және 68 санаториялық-курорттық ұйымдар жұмыс істейді. Бұдан басқа, облыс аумағында ЮНЕСКО биосфералық объектілерінің тізіліміне енгізілген 4 Ерекше қорғалатын табиғи объект – «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі орналасқан.

Түркістан облысы Республиканың сауықтыру туризмі дамыған өңірлерінің бірі болып табылады. Қазіргі уақытта облыс аумағында 68 емдеу-сауықтыру орны жұмыс істейді. Емдеу-сауықтыру ұйымдарының нөмірлік қоры 6271 төсек-орынды құрайды. Айта кету керек, Түркістан облысындағы емдеу-сауықтыру туризмі әлеуетінің басым бөлігі Сарыағаш ауданы Көктерек ауылында орналасқан. Облыс аумағындағы 68 емдеу-сауықтыру орнының 53-і немесе 77,9% көктерек кентінде жұмыс істейді. Жыл сайын елді мекендегі емдеу-сауықтыру ұйымдарының саны өсуде. 2 Сонымен қатар, жыл соңына дейін 2 емдеу-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарлануда.

Бүгінде жоғарғы көрсеткішке қол жеткізу мақсатында Түркістан облысының әкімдігі жергілікті кәсіпкерлермен және әлеуетті инвесторлармен жүйелі жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта облыс аумағында іске асырылатын туристік инвестициялық жобалар пулы әзірленді. Облыс аумағындағы жобалар пулына сәйкес 2023-2024 жылдарға жалпы сомасы 41,691 млрд. теңгеге 18  туристік инвестициялық жобалар құрылысы жоспарлануда.

Түркістан облысының әкімдігі облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар пулын әзірледі. Пулға жалпы сомасы 34,7 млрд.теңгеге 10 жоба енгізілді. Инфрақұрылымдық жобалардың аяқталуы 2023-2024 жылдарға жоспарланған. Түркістан облысының әкімдігі ағымдағы жылдың тамыз айында туристік объектілердің аумағындағы және оларға баратын жолдағы санитариялық-гигиеналық тораптарға түгендеу жүргізді. Облыс бойынша барлығы 88 санитарлық-гигиеналық тораптар орналасқан, оның ішінде 51 СГТ облыс аудандары мен қалалары әкімдіктерінің балансында. Бүгінгі таңда ұлттық стандарттарға сәйкес келетін, Мемлекеттік мекемелердің балансында тұрған 33 СГТ заңды және жеке тұлғаларға (ЖК) сенімгерлік басқаруға беру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Сонымен қатар, Түркістан облысының сыртқы және ішкі туризмін дәріптеуге, шетелдіктер үшін өңірдің тарихи – мәдени құныдылықтарын насихаттауға, Түркі тілдес мемлекеттер арасындағы қарым – қатынастарды, мәдени байланыстарды нығайту мақсатында Түркістан қаласында «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» атты халықаралық туризм додасы» жобасы іске асырылды. Жобағы түркітілдес 5 мемлекеттің шығармашылық өкілдері қатысты.

Атап айтқанда, Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі – Мирбек Атабеков, өзбекстандық танымал актриса, әнші әрі тележүргізуші – Ситора Фармонова, атақты әншілер – Амиль Мамедов (Әзірбайжан), Серен Узун (Түркия) және қазақтың ұлттық өнерін насихаттап жүрген азамат Алексей Лодочников қатысты. Жобаның қорытындысымен «Керуен – Сарай» туристік кешенінде әншілердің қатысуымен галаконцерт ұйымдастырылып өткізілді. Жалпы шараға қатысушылар саны шамамен 9000 жуық адамды құрады.

Өз кезегінде, арнайы туристік нысандарын қамтитын 5 туристік маршрут әзірленіп turkistantravel.com туристік порталына және туроператорлар мен гид-экскурсоводтарға сондай-ақ Туристерге қызмет көрсету орталығының «ресепшн» бөліміне қолданысқа берілді.

Сондай – ақ, еліміздің көрнекті орындарына баруға ынталандыру арқылы ішкі туризмді насихаттау мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен ұйымдастырылып отырған «Neo Nomad – 20» акциясы аясында туристер тізімдегі орындарға барып, фотосуреттерін #NeoNomad20 тегімен әлеуметтік желіде орналастыру үшін Түркістан облысының Сауран қалашығында арнайы Фото жиектеме орнатылды.

Туристік маусымның ашылуына 01-05 мамыр аралығында  Түркі елдерінің туристік компаниялары үшін Түркістан облысының дестинациялары бойынша ақпараттық туры, 18-20 мамыр аралығында  облыс делегациясының “Qazaqstan Life Fest” халықаралық көрмесі, 20-21 мамыр күндері Түркі әлемі дизайнерлерінің ашық күнін қоса алғанда, халықаралық этно подиумы, 24-28 мамыр аралығында «Түркістанды көргім келеді» шоу бағдарламасы ұйымдастырылды. 4-7 қыркүйек Түркістан облысының туристік өнімін Өзбекстанның негізгі аймақтарында ілгерілету іс-шарасы, 13-15 қыркүйек Оқыту семинарлары, 27-28 қыркүйек Сауықтыру туризмі бойынша конференция ұйымдастырылғанын айта кетейік.

Түркістанда бұған дейін де ауқымды іс-шаралар өткізілген және бұл іс-шаралар өңіріміздің туристік әлеуетін арттырады және бұдан кейін де жыл сайын өтіп тұратын ауқымды іс-шаралар қатарын толықтыру жоспарланған. Жыл сайынғы іс-шаралар экономиканың түрлі салаларында мультипликативті әсер береді, өңірдің туристік әлеуетін арттырады және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етпек.

 «AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 377 рет