Жеке қабылдауға келген тұрғындар баспанамен қамту, тұрғын үйге кезекке тұру, жер телімін бөлу, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, автомобиль жолдарын жөндеу және т.б әлеуметтік мәселелерді көтерді, ұсыныстарын жеткізді. Облыс басшысы тарапынан жауапты мамандар мен сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Атап айтқанда, Дархан Сатыбалдымен кездескен Сарыағаш ауданының тұрғыны баспана сұрап келді. Мүгедек азамат бірнеше рет аудан әкімінің жеке қабылдауына келіп, тұрғын үй кезегінде тұру мәселесін көтерген. Алайда бұл отбасының екі үйі бары анықталған. Жылжымайтын мүліктерді иеліктен шығарған күннен бастап бес жыл мерзім өткеннен кейін кезекке тұруға қайта өтінім беру мүмкіндігі бары түсіндірілді.
Сарыағаш ауданының тұрғыны Нұржан Артыхов дәрігерлерге алғыс айту үшін келгенін айтты. Сонымен қатар І топ мүгедегі көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп жүрген кей халық қалаулыларына ризашылығын білдірді. Сарыағаштық азамат мүгедектерге арналған пандус мәселесін де көтерді. Тұрғынның өтініші негізінде тексеру жұмыстары басталатын болды.
– Мен ауруханаға түскен сайын дәрігерлердің жанкештілігіне таң қаламын. Екі аяғымнан айрылғанмын, бірнеше ота жасалған. Дәрігерлердің арқасында аман жүрмін. Сол үшін алғыс айтамын. Бүгінде көп жағдайда рахмет айтуды ұмытып жатамыз. Жақсылықты айтуға ұялатын заман болды. Соған жаным ауырады. Жатып ішер жалқауларды көз көріп жүр. Ондайға жай қарап тұра алмаймын. Айтып жүремін. Қоғамда масылдық дендеп, жалқаулық жайлап алмас үшін әрекет керек. Ал әрекетті әдетке айналдыру әркімнің өзінің қолында, – деді Сарыағаш ауданының тұрғыны Нұржан Артыхов.
Қабылдауға келген облыс тұрғыны ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді халыққа қайтару мәселесін көтерді. Облыс бойынша жыл басындағы елді мекендердегі жұртшылық шаруашылығындағы шартты мал басына жайылым қажеттілігі 2122,2 мың гектарды құрады. 2023 жылға ортақ жайылым көлемін екі бағыт бойынша 1015,0 мың гектарға ұлғайту жоспары бекітіліп, аудан, қала әкімдіктері тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 333,2 мың гектар жер учаскесі ортақ жайылымға қайтарылса, қалған 681,8 мың гектарды елді мекендердегі жайылым жүктемесінен төмендету арқылы қол жеткізу көзделген.
Аудан, қала әкімдіктері тарапынан 201,7 мың га жайылым жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Сондай-ақ жалпы облыс бойынша жыл басынан бері пайдаланылмай жатқан немесе заңнама талаптарын бұза отырып пайдаланылып отырған 189 349,72 га жер учаскесі қайтарылған. Оның ішінде 5 686,34 га егістік, 183 125,70 га жайылым, 537,59 га басқа мақсаттағы жер учаскелері бар.
Өңір басшысы халықтың өтініштерін мұқият тыңдап, барлық мәселе заң талаптары аясында шешілетінін атап өтті.– Шын мұқтаж жандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Ел Президенті «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды тапсырды. Бұл ретте тұрғындардың әрбір өтініші ескерусіз әрі жауапсыз қалмауы тиіс. Барлық мәселе заң шеңберінде қаралып, тиісті сала мамандарының талқылауымен жан-жақты саралана отырып шешіледі. Кейбір сауалдардың шешімін бірден тапсақ, кейбірін іске асыру үшін ұзақ мерзім қажет,– деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Аймақ басшысы жеке қабылдауға келген азаматтардың мәселесін сала мамандарымен бірге қарап, заң аясында әрекет ету туралы нақты тапсырмалар берді. Сұрақтар жан-жақты қаралып, заңдылығына қарай шешіледі.
Облыс әкімі бүгінге дейін 100-ге жуық жеке қабылдау өткізіп, 300-ге жуық тұрғынның мәселесін тыңдады. Сондай-ақ аудандарға жұмыс сапары барысында 200-ден астам тұрғынды жеке қабылдады. Облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр.
Иә, билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына келген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Президент Жолдауында айтылған пікірді міне, осы екі ауыз сөзге сыйдыруға болады. Бізді қуантатыны, айтылған сөз іс жүзінде де жүзеге асып жатыр. Оған мысалды көптеп келтіруге болады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін кеңінен сөз етті. Жолдауда қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға жан-жақты, терең талдау жасап қана қоймай, оның шешу жолдарын да көрсетіп берді.
«Азаматтардың, халықтың барлық өтініш-тілектерін жедел түрде әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, барлығымзға ортақ міндет». Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаясси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», делінген жолдауда.
Иә,осы тұжырымдаманың арқасында билік пен қоғамның арасындағы алшақтық, мемлекеттік органдар мен қарапайым азаматтардың арасындағы қарым-қатынас бір жүйеге келіп, еліміздің әрбір азаматының үнін еститін мемлекеттік аппарат қалыптасады деген сенімдеміз.
«Естуші мемлекетте»- ең басты орында халықтың мүддесі тұрады, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өз ара қарым-қатынас механизмі қалыптасқан болуы тиіс, халықтың мемлекеттің қабылдаған шешімдеріне еш кедергісіз қатысуға мүмкіндігі болуы және осы шешімдерді қабылдарда өз пікірлерін де ашық жеткізе алуы тиіс. Естуші мемлекет тұжырымдамасында мемлекеттік органдардың ең басты тапсырмасы- ол азаматтардың сұраныстарын қанағаттарындыра білуі керек. Естуші мемлекеттің мақсаты – ол азаматтардың өтініш-тілектерін жинап, қарастыру ғана емес, сол өтініштердегі мәселелерді шешу үшін азаматтардың өзін іске тарту және болашақта сол олқылықтардың болмауы үшін шаралар қолдану. Бұл тұжырымдама тек елдің астанасы не болмаса ірі қалалар аясында ғана емес еліміздің түкпір-түкпірін қамтиды. Яғни шалғай ауылдардағы әкімдер болсын, мемлекеттік органдардың өкілдері болсын бұдан шет қалмайды.
"Біз цифрлармен, фактілермен, іс - әрекеттермен сендіре отырып, азаматтардың сынына және сындарлы ұсыныстарына жедел ден қоя отырып, олардың сенімін қалпына келтіруіміз керек", - деп атап өткен еді Президентіміз.
Осы «Халық үнінен құлақ асатын мемлекет» - тұжырымдамасын жүзеге асыру мемлекеттік органдар үшін дәл қазіргі кезде қатты қиындықтар тудырмайды деген сенімдеміз. Өйткені қазіргі уақытта, барлығымыз дерлік ғаламторды қолданамыз, әлеуметтік желілерді кең көлемде пайдаланымыз. Мемлекеттік органдар, тіпті сол мемлекеттік органдардың өкілдері, басшылары әлеуметтік желілерде өз парақшаларын ашып, тіркеліп халық пен ашық диалог құруға ешкімде кедергі келтірмейді.
«Халықпен тиімді кері байланыс орнату» - керектігін Президент өз жолдауында да тілге тиек еткен болатын. «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады» - делінген жолдауда.
Қазіргі таңда «Естуші мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің инстаграмм желісіндегі парақшасында аталған департаменттің мемлекеттік қызметшілерінің қатысуымен тікелей эфирлер сериясы басталып кетті.
Президенттің өзінің бастамасымен қолға алынып, жүзеге асып жатқан бұл бастамаға өз үлесін қосу азаматтарға берілген үлкен мүмкіндік болса, шенеуніктер үшін өз біліктіліктерін, кәсібиліктерін ортаға салатын кез.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат