Қазіргі таңда облыста 103 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Қалған 35-і келер жылға өтпелі. Сонымен қатар, бүгінде құрылысы жүргізіліп, бірақ іске қосылмай тұрған газ құбырлары мен газ таратушы станцияларын қайта іске қосу жұмыстары қоса атқарылып жатыр.
Жалпы Түркістан облысында 1,5 миллионнан астам халық табиғи газбен қамтылған. Яғни өңірдегі 833 елді мекеннің 465-і көгілдір отынға қосылған. Алдағы 3 жылда 200 елді мекенді табиғи газға қосып, облысты газбен қамту деңгейін 87%-ға жеткізу көзделіп отыр.
Сондай-ақ, таяуда облыс әкім Дархан Сатыбалды «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовпен кездесті.– 2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында қазіргі уақытта газға қатысты бірнеше қордаланған өзекті мәселе бар. Әсіресе құрылыс жұмыстары аяқталған нысандарды газға қосуға «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ТӨФ қаражат сұрауда. Нысандардың жобалау-сметалық құжаттамасында газ толтыруға қаржы қарастырылмайды. Өздеріңізбен бірлескен түрде шешуді көздеп отырмыз. Оң шешімінің табылғаны облыстың әлеуметтік экономикалық дамуына әсерін тигізеді, – деді Дархан Сатыбалды.
Кездесу барысында Түркістан облысында газбен қамтамасыз ету мәселелері бойынша Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Руслан Мұздыбеков баяндама жасады. Кездесу барысында «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов облыс әкімдігінің қаулысымен республикалық меншікке берілген 2008-2020 жылдары құрылысы жүргізіліп, пайдалануға тапсырылған 267 нысанның бүгінгі жай-күйімен таныс екенін, осы нысандарды «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ теңгеріміне қабылдауға ықпал жасайтынын жеткізді.
– 298 нысанға қатысты қазіргі таңда бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. 7 нысан «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ теңгерімінде. Ал 267 нысан облыс әкімдігінің қаулысымен республикалық меншікке берілді. 20 нысанға аудан, қала әкімдіктері техникалық құжаттарын толықтырып «ҚазТрансГаз Аймақ» ТӨФ АҚ келісім алу жұмыстары жүргізілуде. 4 нысанды теңгерімге 2023 жылдың соңында өткізу жоспарлануда, – деді басқарма төрағасы.
Бүгінгі таңға Түркістан қаласындағы АГТС 70% жүктемемен жұмыс істеп тұр. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ТӨФ тарапынан бұл жүктемеге 100% техникалық шарттар берілді. Қосымша газға қосылуға техникалық шарт беру мүмкіндігі болмай тұр. Түркістан АГТС-нің «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның теңгерімінде болуына байланысты қуаттылығын арттыру қарастырылып жатыр. Одан бөлек, Түркістан қаласын газбен қамтамасыз ету мақсатында Кентау қаласындағы «Қызыләскер» АГТС-нен (172 000 м3/сағат) жеткізуші газ құбырын, Түркістан қаласындағы диаметрі 500 жеткізуші газ құбырына қосу жұмыстары жүргізілуде.
Ал Ғ. Мұратбаев ГТС-не байланысты «Келес ауданының Бірлік ауылдық округінде ауданы 51,26 га жабық топырақты жеміс-көкөніс өнімін өндіретін жылыжай кешені» нысанын газдандыруға 2020 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тарапынан техникалық шарт (15 120 м3/сағ.) берілген. Алайда, «Интергаз Орталық Азия» АҚ ГТС-ның қуаттылығы жоғарыда айтылған нысанға жетпеуі мүмкін екенін туралы мәселе көтеруде. Қазіргі таңда облыстық басқарма тарапынан берілген техникалық шартқа сәйкес, нысанды газдандыруға жобалау-сметалық құжаттама әзірленген. Осыған байланысты, нысанды берілген техникалық шартқа сәйкес газға қосылу үшін қуаттылығын 50 000 м3/сағат арттыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Таяуда Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалы өкілдері Түркістан облысында биыл 76 елдімекен табиғи газға қосылады деп мәлімдеді. Сондай-ақ, брифингте өңірді газбен қамту жұмыстары мен қауіпсіздік шаралары жайлы айтылды.
- Түркістан облысы бойынша 833 елді мекен бар. Оның 470-і газдандырылған, бұл 56%-ды құрайды. Қазіргі таңда Түркістан облысында 29 газ тарату станциясы бар болса, оның 9-ы биылғы жылы қайта жаңғыртудан өтті. Жылдың басынан бері 19 елді мекен газ желісіне қосылды. Жыл соңына дейін тағы 57 елді мекенді газ желісіне қосу жоспарлануда. Сонда жалпы биыл 76 елді мекен газға қосылады -деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының бөлім басшысы Ғани Бақытжанұлы.
Сонымен қатар, мекеменің бөлім басшысы Бекнұр Қайратұлы Түркістан облысы бойынша газ тарату станцияларына қысқы дайындық жұмыстары толықтай жүргізіліп, өңір жылыту маусымына 100% дайын екендігін жеткізді.
Биыл наурыз айының аяғында Түркістан облысында құрылысы жүргізіліп, бірақ іске қосылмай тұрған газ құбырлары мен газ таратушы станцияларын жөндеп, іске қосу, елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамту мәселесі талқыланған мәжіліс өткені белгілі. Сол жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды салаға жауапты мекеме басшылары мен аудан, қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырған болатын. Жұмысты сапасыз орындаған мердігерлердің мәселесін заң аясында қарау керектігін атап өтті. Жауапты басқармаларға осы саладағы қаржыны дұрыс жоспарлау, жобаларды қаржыландыруды жүйелеуді жүктеген-ді.
– Аудан, қалаларда халықпен кездесулерде ел инфрақұрылым, соның ішінде газ мәселесін жиі қозғайды. Кейбір жобалар қаржы бөлінсе де, сапасыз орындалған немесе соңына дейін жүзеге аспаған. Мәселені жасыру емес, шешу жолдарын қарастыру керек. Егер газ жүргізуге жауапты мердігер жұмысын келісімшартқа сәйкес атқармаса, заң органдарына ұсынылсын. Бұл түйткілді өзім тікелей бақылауыма аламын. Жұмыс уақтылы атқарылмаған соң қаржыландыру да қиынға соғады. Ондай мысалдар бар. Аймақты газдандыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жоспарға сай жұмыс жүргізген жөн. Газ кіргізу жұмыстарын мейілінше жылдамдату қажет. Әйтпесе, алдағы жылыту маусымына үлгермей қалуы мүмкін. Газды үйлерге кіргізу, құжаттарын реттеу да уақытты алады. Биыл жоспарланған жұмыстар жедел атқарылып, елді мекендерге газ берілсін. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдері жұмысты ширатыңыздар. Инфрақұрылым бойынша әрбір жобаны қатаң қадағалап, соңына дейін жеткізу қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің айтуынша, облыс табиғи газды 2018 жылға дейін «Газли-Шымкент» магистралды газ құбырынан тұтынған. 2018 жылдан бастап отандық «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырынан газ алуда.
2023 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша Түркістан облысында 833 елді мекеннің 465-і табиғи газбен қамтылған, пайыздық көрсеткіші 55,8. Яғни, 1 млн. 538 мың тұрғын немесе тұрғындардың 76,8 пайызы табиғи газды қосу мүмкіндігіне қол жеткізген. Өңірде 2023 жылы 101 нысанның құрылысына 17,6 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 70 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 31 нысан 2024 жылға өтпелі. Қалған қолдау таппаған нысандар 2024-2026 жылдарға республикалық бюджетті қалыптастыруға ұсынылған. Осы саладағы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде бір жылда облыстағы елді мекендердің газбен қамтылу көрсеткішін 62,7 %-ға, яғни, 465-тен 521-ге жеткізу жоспарланып отыр.
Жалпы, ел тұрғындарын газбен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы назар аударып отырған басым бағыттардың бірі. Халық игілігіне айналатын бұл маңызды жоба республика бойынша жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе ауыл-аймақтарды газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әлемдік энергетикада көгілдір отынның маңызы айрықша. Кез келген мемлекеттің де экономикасында стратегиялық мәнге ие. Табиғи газ анағұрлым экологиялық таза отын, оның үстіне өнеркәсіпте құнды шикізат саналады. Сол үшін ол бизнеске де, тұрғындарға да қажет. Әлемдік экономикадағы газға деген зор сұраныс осымен байланысты. Ал оны пайдалану – қай елдің болсын даму деңгейінің көрсеткіші.
Көптеген дамыған елдердің өз энергетикасында көмірден газға дейінгі өрлеу жолын жүріп өткені бекер емес. Бұл негізінен Еуропа, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея басынан кешірген құбылыс. Көмірмен салыстырғанда, газ қоры жер бетінде шашыраңқы орналасқан. Сондықтан оны өндіру мен тұтынушыға жеткізу ірі инфрақұрылымды қажет етеді.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат