Тұрғындардың бірқатары еңбек заңдылығының сақталмауына, құқықтарының бұзылғанына байланысты шағымданған. Сонымен бірге жұмысқа орналастыру жөнінде өтініштер тыңдалды. Мәселен, Түркістандағы бір мектеп пен балабақшада осындай еңбек даулары тіркелген. Құрылыс компаниясынан айлығын ала алмай жүрген жұмысшының да өтініші назарға алынды. Сонымен бірге балабақшадағы азық-түлік сапасына қатысты да шағым айтылды. Облыс әкімі жауапты басқарма басшыларына аталған түйткілдерді зерделеуді ұсынды. Құқық қорғау органдары басшыларына да нақты ұсыныстар берілді.
Жеке қабылдауда Ордабасы, Сауран аудандарындағы жер мәселелері, Созақтағы мал ұрлығы, Бәйдібектегі мектепті күрделі жөндеу, каналды тазалау, Төлеби ауданындағы апатты жағдайдағы мектепті жаңарту, көпірді жөндеу, Түркістан қаласында студенттер компусын салуға жер телімін беру ұсынысы да айтылып, хаттамаға енгізілді.
– Әкімдік тарапынан әрбір өтініш бойынша жұмыс жүргізіледі. Құқық қорғау органдары да өздеріне қатысты мәселелерді назарға алғаны жөн. Мектеп, инфрақұрылымды жақсартуға қатысты өтініштер заң шеңберінде зерделеніп, тиісті шешім қабылданады. Әрбір тұрғынның өтініші мен ұснысы маңызды, – деген Дархан Сатыбалды басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді. Айта кетейік, тұрғындар облыс әкімінің қабылдауына egov.порталы, е-otinish бірыңғай базасы арқылы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш қалдырып, жазыла алады.
Өздеріңіз білетіндей, былтыр түрлі деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесіп тұруын міндеттейтін президент жарлығы шыққан болатын. Жыл басында Ашық Үкімет порталында «Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулер өткізу туралы» құжатының жобасы жарияланды. Құжатта Президент Жарлығы бойынша әкімдер кездесулерге қалай дайындалып, оларды қалай жариялап отыру керектігі, халықпен жергілікті басшылар қанша уақыт аралығында кездесіп тұруы керектігі, есеп беру жиындарында неше уақыт сөйлеп, не мәселелерді талқыға салу керектігі айтылған.
Естеріңізде болса, мұндай құжат бұған дейін де болған. Атқарушы билік өкілдері бұған дейін сол нұсқаулықтар негізінде жұмыс істеп келді. Алайда, қаңтардағы жағдай бұндай шоу сипатындағы есеп берулердің заманы өткенін, әкімдердің тек сандарға ғана сүйенетін сала құлаш баяндамаларын оқып кететін кезеңдерінің келмеске кеткенін көрсетті. Қоғамды одан әрі демократияландыру, халықты елде жүргізіліп жатқан реформалардан хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін арттыруды мақсат ететін құжатта «Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттарын және нақты мерзімдерін көрсете отырып, өзекті проблемаларды шешудің жолдарын түсіндіру» міндеті жайлы айтады. Және бұл міндетті онлайн платформалар арқылы, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде өңірлік баспа басылымдарында, радиода, ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында, ашық деректер интернет-порталында, сондай-ақ, әкімдіктердің (әкімдер аппараттарының) ресми аккаунттарында және әкімдердің жеке аккаунттарында» әкімдер мен әкімдік қызметкерлері атқаруы керектігі нақтыланған.
Бұл құжаттың негізгі ерекшеліктерінің бірі деп атқарылуы тиіс іс шаралар мерзімінің белгіленіп, регламенттелуін және нақты нәтижеге жұмыс істеу тапсырылғанын айтуға болады. Талап көпке ортақ. Жергілікті басқару органдары ісінің нәтижелі болуы қоғамдық сенімге ие болудың төте жолы. Бұл ретте жобадағы мынадай талаптардың орындалуы маңызды:
«Тоқсан сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 25-і күніне қарай кездесулерде халық көтерген проблемалық мәселелерді шешу барысы туралы ақпаратты (проблемалық мәселе, орындалу барысы) ресми интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырсын.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері:
1) жыл сайын 15 қаңтарға дейінгі мерзімде өңірдегі әлеуметтік жағдайды ескере отырып мыналарды көздейтін әкімдердің шығулары мен халықпен кездесулерінің икемді жылдық күнтізбесін әзірлесін және оны мәслихатпен келісу бойынша бекітсін:
– жарты жылда бір рет облыс әкімдерінің әр ауданға және облыстық маңызы бар қалада кемінде бір көшпелі кездесу;
– тоқсан сайын республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің қаланың әр ауданына (шағын ауданына) кемінде бір көшпелі кездесу;
– тоқсан сайын аудан әкімдерінің әр ауылға, кентке, ауылдық округке, аудандық маңызы бар қалаға кемінде бір көшпелі кездесу;
– тоқсан сайын облыстық және аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округ әкімдерінің қаланың, ауылдық округтің құрамына кіретін әр ауданға (шағын ауданға), ауылға, кентке кемінде бір көшпелі кездесу;
– ай сайын ауылдар, кенттер, қаладағы аудандар әкімдерінің кемінде бір кездесу өткізуін.
Қажет болған жағдайда мәслихатпен келісім бойынша күнтізбені түзетуге жол беріледі:
2) халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде күнтізбеден тыс халықпен кездесулер өткізсін;
3) жыл сайын 20 қаңтарға дейінгі мерзімде бекітілген күнтізбені Үкіметке ұсынсын:
Әкімдіктер мен әкімдер аппараттары кездесулерді ұйымдастыруға мүдделі тұлғалардың, мәслихат депутаттарының, сарапшылардың, заңгерлердің, партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сындарлы оппозиция өкілдерінің кең аудиториясын тартатын болсын.
Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу кезінде барлық деңгейдегі мәслихаттар:
республикалық маңызы бар қалалар, астана мәслихаттарының депутаттарын қаланың нақты аудандарына (шағын аудандарына);
облыстардың мәслихаттарының депутаттарын нақты аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларға;
аудандар мәслихаттарының депутаттарын нақты ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге және аудандық маңызы бар қалаларға;
облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттарын қаланың нақты аудандарына (шағын аудандарына), сондай-ақ, қаланың құрамына кіретін ауылдарға, кенттерге бекітуді қамтамасыз етсін.
Жарты жылда бір рет тиісті деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сессиясында ауыл, кент, ауылдық округ және аудандық маңызы бар қала әкімдерін қоспағанда, әкімдердің күнтізбеге сәйкес өткізілген кездесулерінің қорытындылары және халық көтеретін проблемалық мәселелерді шешу үшін іс-шараларды қаржыландыру бойынша ұсыныстар бойынша есептері тыңдалады» – делінген жобада. Сарапшы мамандар «егер бұл әдеттегі науқандық сипатын жойып, осы нұсқау реті бойынша жүзеге асатын болса әкімдердің жұмысынан нәтижелі іс күтуге болады» – дейді.
Бұдан бөлек, жобада әкімдердің жергілікті оппозиция өкілдерін де тыңдау қажеттігі, олардың да талабын зерделеу керектігі айтылған. Бұған дейінгі әкімдердің есеп беру жиынының көп бөлігін олардың баяндамалары алатын. Аталмыш жобада осы мәселеге өзгеріс енгізіліп, «әкімнің есеп беру жиынындағы баяндамасы жиын уақытының төрттен бірін» ғана қамту қажеттігі айтылады. Қалған уақыт тұрғындармен тікелей сұрақ жауап форматын қамтуға тиіс.
Бұл қадам ең әуелі қоғамдық өміріміздің ашықтығын, әкімнің бюрократиялық барьерлерден аулақ болуын, халықпен етене жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Және тек есеп беретін белгілі бір кезеңде ғана емес, жыл бойы атқаруы тиіс міндеттерді ұдайы назарда ұстауға жол ашады. Сосын өңірлердегі қордаланған мәселелер бойынша әкімдер әр топтың мәжілісіне жеке-жеке қатысып, халықтың талап-тілектеріне байланысты нақты мәселелерді талқылап, ұсыныстар мен шешу жолдарын қоғам өкілдерімен бірге қарастырса сыбайлас жемқорлықтың, таныс-тамырдың, түрлі саладағы қиындықтардың азаюына қосар үлесі орасан болмақ.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат