Сәрсенбі, 08 Қараша 2023 17:25

Түркістан: Мақтааралда 9 елдімекенге табиғи газ беру жұмыстары басталды

Мақтаарал ауданы, Иіржар ауылдық округіне қарасты 9 елдімекенге табиғи газ беру жұмыстары басталды. Күні кеше аталған округке қарасты Шапағат елдімекеніне газ беріліп, ауыл тұрғындары бұл хабарды үлкен қуанышпен қабыл алды.

Аудан әкімі міндетін атқарушы Бейсенбай Төребеков ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісіп, жыл соңына дейін қалған 8 елдімекенге кезең-кезеңімен газ берілетінін жеткізді. Иіржар ауылдық округіне қарасты Алаш, Наурыз, Азамат, Диқан, С.Рахимов, Шапағат, Азат, Иіржар, Мақтажан елдімекендерінің ішкі газ жүйелерінің құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталып, бюджеттен 1 миллиард 182 миллион теңге бөлінген болатын.

Жалпы Мақтаарал ауданында табиғи газға 18 477 абонент қосылған. Елдімекендердің 51,2 пайызына газ жеткізілген. Иіржар ауылдық округіне қарасты 9 елдімекеннің барлығына газ беру жұмыстары аяқталғаннан соң елдімекендерді газбен қамту деңгейі 65,2 пайызға жетеді. 2021 жылы Жаңажол және Ж.Нұрлыбаев ауылдық округтеріне қарасты жалпы 12 елдімекенге 1,9 миллиард теңге қаралып, қазіргі таңда жеткізуші газ құбырының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 1,3 миллиард теңгеге қуаттылығы сағатына 50 мың куб метрді құрайтын «Мақтаарал» газ жеткізуші станциясының құрылысы да аяқталуға жақын қалды.

Бұдан бөлек, қалған газдандырылмаған 23 елдімекеннің ішкі газ жүйелерінің құрылысына және Мақтарал ауылдық округіне жеткізуші газ құбырының құрылысына жобалық сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 2022 жылы 10 жобаның сараптама қорытындысы алынса, қалған 13 елдімекенге жобалау жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Айта кетейік, жоғарыда аталған жұмыстардың бәрі іске асқан соң Мақтаарал ауданының елдімекендерін газбен қамту 100%-ға жететін болады.

Биыл Түркістан облысында 57 елді мекенге газ құбыры тартылады. Жыл соңына дейін 68 нысанның құрылысы аяқталып, 122 мың абонент көгілдір отынға қосылады. Жыл соңына дейін облыс тұрғындарының 78%-н газбен қамту жоспарланған.Қазіргі таңда облыста 103 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Қалған 35-і келер жылға өтпелі. Сонымен қатар, бүгінде құрылысы жүргізіліп, бірақ іске қосылмай тұрған газ құбырлары мен газ таратушы станцияларын қайта іске қосу жұмыстары қоса атқарылып жатыр. Жалпы Түркістан облысында 1,5 миллионнан астам халық табиғи газбен қамтылған. Яғни өңірдегі 833 елді мекеннің 465-і көгілдір отынға қосылған. Алдағы 3 жылда 200 елді мекенді табиғи газға қосып, облысты газбен қамту деңгейін 87%-ға жеткізу көзделіп отыр.

Сондай-ақ, таяуда облыс әкім Дархан Сатыбалды «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешовпен кездесті.– 2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында қазіргі уақытта газға қатысты бірнеше қордаланған өзекті мәселе бар. Әсіресе құрылыс жұмыстары аяқталған нысандарды газға қосуға «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ТӨФ қаражат сұрауда. Нысандардың жобалау-сметалық құжаттамасында газ толтыруға қаржы қарастырылмайды. Өздеріңізбен бірлескен түрде шешуді көздеп отырмыз. Оң шешімінің табылғаны облыстың әлеуметтік экономикалық дамуына әсерін тигізеді, – деді Дархан Сатыбалды.

Кездесу барысында Түркістан облысында газбен қамтамасыз ету мәселелері бойынша Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Руслан Мұздыбеков баяндама жасады. Кездесу барысында «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов облыс әкімдігінің қаулысымен республикалық меншікке берілген 2008-2020 жылдары құрылысы жүргізіліп, пайдалануға тапсырылған 267 нысанның бүгінгі жай-күйімен таныс екенін, осы нысандарды «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ теңгеріміне қабылдауға ықпал жасайтынын жеткізді.

– 298 нысанға қатысты қазіргі таңда бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. 7 нысан «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ теңгерімінде. Ал 267 нысан облыс әкімдігінің қаулысымен республикалық меншікке берілді. 20 нысанға аудан, қала әкімдіктері техникалық құжаттарын толықтырып «ҚазТрансГаз Аймақ» ТӨФ АҚ келісім алу жұмыстары жүргізілуде. 4 нысанды теңгерімге 2023 жылдың соңында өткізу жоспарлануда, – деді басқарма төрағасы.

Бүгінгі таңға Түркістан қаласындағы АГТС 70% жүктемемен жұмыс істеп тұр. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ТӨФ тарапынан бұл жүктемеге 100% техникалық шарттар берілді. Қосымша газға қосылуға техникалық шарт беру мүмкіндігі болмай тұр. Түркістан АГТС-нің «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның теңгерімінде болуына байланысты қуаттылығын арттыру қарастырылып жатыр. Одан бөлек, Түркістан қаласын газбен қамтамасыз ету мақсатында Кентау қаласындағы «Қызыләскер» АГТС-нен (172 000 м3/сағат) жеткізуші газ құбырын, Түркістан қаласындағы диаметрі 500 жеткізуші газ құбырына қосу жұмыстары жүргізілуде.

Ал Ғ. Мұратбаев ГТС-не байланысты «Келес ауданының Бірлік ауылдық округінде ауданы 51,26 га жабық топырақты жеміс-көкөніс өнімін өндіретін жылыжай кешені» нысанын газдандыруға 2020 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тарапынан техникалық шарт (15 120 м3/сағ.) берілген. Алайда, «Интергаз Орталық Азия» АҚ ГТС-ның қуаттылығы жоғарыда айтылған нысанға жетпеуі мүмкін екенін туралы мәселе көтеруде. Қазіргі таңда облыстық басқарма тарапынан берілген техникалық шартқа сәйкес, нысанды газдандыруға жобалау-сметалық құжаттама әзірленген. Осыған байланысты, нысанды берілген техникалық шартқа сәйкес газға қосылу үшін қуаттылығын 50 000 м3/сағат арттыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Таяуда Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалы өкілдері Түркістан облысында биыл 76 елдімекен табиғи газға қосылады деп мәлімдеді. Сондай-ақ, брифингте өңірді газбен қамту жұмыстары мен қауіпсіздік шаралары жайлы айтылды. 

- Түркістан облысы бойынша 833 елді мекен бар. Оның 470-і газдандырылған, бұл 56%-ды құрайды. Қазіргі таңда Түркістан облысында 29 газ тарату станциясы бар болса, оның 9-ы биылғы жылы қайта жаңғыртудан өтті. Жылдың басынан бері 19 елді мекен газ желісіне қосылды. Жыл соңына дейін тағы 57 елді мекенді газ желісіне қосу жоспарлануда. Сонда жалпы биыл 76 елді мекен газға қосылады -деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының бөлім басшысы Ғани Бақытжанұлы.  Сонымен қатар, мекеменің бөлім басшысы Бекнұр Қайратұлы Түркістан облысы бойынша газ тарату станцияларына қысқы дайындық жұмыстары толықтай жүргізіліп, өңір жылыту маусымына 100% дайын екендігін жеткізді. 

Биыл наурыз айының аяғында Түркістан облысында құрылысы жүргізіліп, бірақ іске қосылмай тұрған газ құбырлары мен газ таратушы станцияларын жөндеп, іске қосу, елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамту мәселесі талқыланған мәжіліс өткені белгілі. Сол жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды салаға жауапты мекеме басшылары мен аудан, қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырған болатын. Жұмысты сапасыз орындаған мердігерлердің мәселесін заң аясында қарау керектігін атап өтті. Жауапты басқармаларға осы саладағы қаржыны дұрыс жоспарлау, жобаларды қаржыландыруды жүйелеуді жүктеген-ді.

– Аудан, қалаларда халықпен кездесулерде ел инфрақұрылым, соның ішінде газ мәселесін жиі қозғайды. Кейбір жобалар қаржы бөлінсе де, сапасыз орындалған немесе соңына дейін жүзеге аспаған. Мәселені жасыру емес, шешу жолдарын қарастыру керек. Егер газ жүргізуге жауапты мердігер жұмысын келісімшартқа сәйкес атқармаса, заң органдарына ұсынылсын. Бұл түйткілді өзім тікелей бақылауыма аламын. Жұмыс уақтылы атқарылмаған соң қаржыландыру да қиынға соғады. Ондай мысалдар бар. Аймақты газдандыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жоспарға сай жұмыс жүргізген жөн. Газ кіргізу жұмыстарын мейілінше жылдамдату қажет. Әйтпесе, алдағы жылыту маусымына үлгермей қалуы мүмкін. Газды үйлерге кіргізу, құжаттарын реттеу да уақытты алады. Биыл жоспарланған жұмыстар жедел атқарылып, елді мекендерге газ берілсін. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдері жұмысты ширатыңыздар. Инфрақұрылым бойынша әрбір жобаны қатаң қадағалап, соңына дейін жеткізу қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Ел тұрғындарын газбен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы назар аударып отырған басым бағыттардың бірі. Халық игілігіне айналатын бұл маңызды жоба республика бойынша жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе ауыл-аймақтарды газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 288 рет