Жексенбі, 19 Қараша 2023 19:00

Созақ ауданы түйе шаруашылығын дамытуда озат аудан атанды

9 қараша күні Түркістан қаласында өткен «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері» күніне арналған «ALTYN KUZ-2023» мерекесінде Созақ ауданы «Түйе» шаруашылығын дамытуда ОЗАТ аудан номинациясын иеленді.

Сонымен қатар, осы мерекеде Созақ ауыл округінен «Жаңа Қазақ Елі» АӨК-і төрағасы Әлібеков Еркебұлан Амангелдіұлы Түркістан облысы әкімінің «Озат мал бордақылаушы» дипломы мен «Қазақстан Фермерлер Қауымдастығы» заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлер қауымдастық нысанындағы бірлестік төрағасы Ж. Дайрабаевтың «Үздік Фермер» төсбелгісімен марапатталды.

Осы ретте, бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен Созақ ауыл округінен құрылған «Жаңа Қазақ Елі» АӨК-і төрағасы Әлібеков Еркебұланды қабылдады. Аталған номинациялар мен төсбелгіні табыс етіп, құрмет көрсетті. Алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы саласын дамытып, өнімділікті арттырудағы жұмыстарды бірлесе атқаруға сенім білдірді.

Айта кетейік, 2020 жылдан бастап түйе шаруашылығын дамыту мақсатында аудан бойынша 1980 бас түйе аналығы сатып алынды. Оның ішінде 1000 бас түйе несие алу арқылы жүзеге асса, 980 бас түйе азаматтардың өз қаражаты есебінен алынған.

Шолаққорған ауылдық округінің агроқұрылымдары 30 тонна «Golden Camel Group» ЖШС-не, 60 тоннасын «Казфут» ЖШС-не, Қарақұр ауылдық округінің агроқұрылымдары 53 тонна, Созақ ауыл округінің агроқұрылымдары 113 тонна «Казфут» ЖШС-не, барлығы 256 тонна түйе сүті қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізілген. Кейінгі жылдары «Golden Camel Group» ЖШС-і өз жұмысын тоқтатуына байланысты аудан агроқұрылымдары сауылған сүттерді ішкі нарыққа өткізуде.

2023 жылдың 9 айындағы есеп бойынша жалпы ауданда 15 979 бас түйе өсірілсе, 3 жылдың ішінде 117 пайызға өскен. Сондай-ақ ауданда «Ауыл Аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Созақ, Құмкент, Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері ұсынылды. Аталған ауылдық округтерінен 4 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды. Олар: Созақ ауыл округінен «Жаңа Қазақ Елі» АӨК-і (төрағасы Әлібеков Еркебұлан Амангелдіұлы) мүшелікке 91 азамат тіркелеген. «Ауыл Аманаты» бағдарламасының V-бағыты бойынша 26 млн.теңге несие қаржы алып, 2 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алды.

Жартытөбе ауыл округінен «Сембек ата» АӨК-і (төрағасы Бахбергенов Жарқынбек Сембекұлы) мүшелікке 70 азамат тіркелеген. «Ауыл Аманаты» бағдарламасының V-бағыты бойынша 20,3 млн.теңге несие қаржы алып, 3 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алды.

Шолаққорған ауыл округінен «Созақ Агро Өнімдері» АӨК-і (төрағасы Қасымбек Арман Нұрболұлы) мүшелікке 181 азамат тіркелеген. «Ауыл Аманаты» бағдарламасының V-бағыты бойынша 27,6 млн.теңге несие қаржы алып, 4 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алды.

Құмкент ауыл округінен «Рауан» АӨК-і (төрағасы Досбаев Мұрат Мақсұтұлы) мүшелікке 70 азамат тіркелеген. «Ауыл Аманаты» бағдарламасының V-бағыты бойынша 15 млн.теңге несие қаржы алып, жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алуға келісім-шартқа отыру жұмыстарын жүргізуде.

Жайылым жағдайына байланысты үнемі көшіп жүруді дағды еткен Азия халықтары оның ішінде біздің ата бабаларымыз түйені өсіруге, оны қолға үйретіп мініс көлігі ретінде пайдалануға, сүтін сауып, шұбатын ішуге ықылым заманнан бері ерекше мән берген. Сол себептен де түйе шаруашылығы — еліміздің шөл және шөлейт аймақтарындағы жұтаң жайылымдарда мал өнімін өндіру мақсатында халқымыздың ғасырлар бойы айналысып келе жатқан негізгі саласының бірі болып қалыптасқан. Ата- бабаларымыз еліміздің шығысы Алтайдан, батысы Атырауға дейінгі ұлан байтақ жерімізде мал жайылымын ауыстырып жаз жайлауға шыққанда, күз күземде болып, қыс қыстауға көшкенде ең басты көлігі ретінде түйені пайдаланғандықтан оны «дала кемесі» деп атауы да тегін болмаса керек.

Түйе шаруашылығы мал шаруашылығы ішінде ең көне, ежелгі шаруашылықтың бірі. Түйе шаруашылығы саласы жөнінде кенжелеп қалған шаруашылық деген түсінік пен көзқарас қалыптасқан жағдайы бар. Бұл түйе өсірудің көп назар аударыла бермейтін, түйе өсіруге көп шығын жұмсауды талап ете бермейтін өзіндік ерекшелігіне байланысты болса керек. Түйе шаруашылығын кенжелеп қалған шаруашылық деп айтуға ешқандай негіз жоқ. Түйе малы санының тұрақты өсіп отыруы өткен ғасырдың 40-шы жылдарынан бастау алған. Әлем мемлекеттеріндегі түйе саны 1939 жылы 7,8 млн бас болса, 1960 жылы 10,3 млн бас, 1972 жылы 14,6 млн бас түйе болған.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы 233,6 мың бас түйе өсіре отырып түйенің етін, сүтін және жүнін мол өндіретін бірден-бір мемлекет болып саналады. Облысымызда 35,0 мың басқа тарта түйе өсіріліп отыр. Ауданымыз республикамыз-дағы түйе түлігін өсіру үшін ең қолайлы аймақтың бірі саналатындықтан түйе саны жыл сайын тұрақты өсіп келеді. 1989 жылдары Кеңестік шаруашылықтар дәуір-леп тұрған шақта ауданымызда 7745 бас түйе болса, бүгінгі таңда ауданда өсіріліп отырған түйе саны 13452 басқа жетіп отыр.

Созақ ауданында өсіріліп отырған түйелермен селекциялық асылдандыру жұмыстарын ғылыми негізде жүргізуге қай кезде болмасын үнемі ерекше маңыз беріліп келген. Созақ ауданында түйе түлігімен асылдандыру жұмыстары «Оңтүстік Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу орталығы» ЖШС ғалымдары ұсынған мына бағыттар бойынша жүргізілуде. Бірінші бағыт — Қазақтың қос өркешті түйесін өсіру. Түйенің бұл тұқымы жоғары өнімді малдарды іріктеу, сұрыптау жолдарымен халықтық селекция нәтижесінде шығарылған. Қазақстанда түйенің бұл тұқымының 5 типі: Орал-Бөкей, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Батыс типтері өсіріледі. Осы малдардан Созақ ауданы жағдайына Оңтүстік Қазақстан типі сәйкес келеді. Бұл малдарды одан әрмен еттілігін жетілдіру үшін Қызылорда типімен шағылыстыру арқылы таза қанды өсіру немесе Орал-Бөкей қос өркешті түйесімен шағылыстырып, аралас ұрпақ түрінде өсіру ұсынылған. Оңтүстік Қазақстан типінің інгенін Қызылорда типінің бурасымен шағылыстырғанда алынған ұрпақтың тірі салмағы 12%-ға, ал Орал-Бөкей типімен шағылыстырғанда 20%-ға артады және ет шығымдылығы 5-7-%-ға өседі. Қазақтың қос өркешті түйесін өсіргенде оның тұқымын асылдандырудың негізгі бағыты — салмағын көбейту, жүн өнімділігін арттыру және малдың дене тұрқының қажетті ерекшеліктерін жетілдіруге бағытталған.

Екінші бағыт — Қазақы нар түйелерінің бір өркешті тұқымының популяциясын өсіру. Дара өркешті түйелердің қазақы популяциясы – қазақы нар — қазақтың қос өркешті түйесі мен түрікмен аруанасы тұқымдарын шағылыстырып, алынған төлді түрікмен аруанасы тұқымының қанын 87,5%, 93,75% және 96,875% дейін жеткізу жолымен алынған. Қазақы нардың ұрғашыларының тірі салмағы 650 кг, сауын мерзімінде 2200 кг тауарлы сүт береді. Сүттің майлылығы 4,2%, ақуызы 3,8% болады. Созақтың қатал табиғатына бейімделген тұқым болып есептеледі, сыртқы тұрқы түрікмен аруанасына ұқсас болып келеді, қысқалау «галифесі» болады, қазақтың қос өркешті түйесіне тән кекіл болмайды. Қазақы нармен жүргізілуге тиісті селекциялық жұмыстар негізінен сүт өнімділігін көтеру, малдың тез жетілгіштігін арттыру мен сойыс салмағын көтеру, сонымен қатар ет-сүт өнімділігі бағытындағы малдардың санын көбейтуге бағытталған.

Үшінші бағыт — Түрікмен аруанасы түйелерінің дара өркешті тұқымын өсіру. Таза қанды түрікмен аруанасының ірілеу келген бір өркеші болады. Түйенің бұл тұқымы негізінен сүт өндіру үшін, кейде ет-сүт бағытында да өсіріледі. Түрікмен аруанасының негізгі белгісі – жауырын тұсында «эполет» деп аталатын шудасы болады, бұндай шуда қос өркешті түйелерде болмайды. Сол сияқты бір өркешті түйелерде кездесетін «кекіл» мен «галифе» де болмайды. Мал тұқымын асылдандыру жұмысының негізгі бағыты сүттілігін, майлылығын және ақуыз құрамын молайту болып табылады.

Уран өндірумен айналысатын өңірде түйе сүті жоғарғы сұранымға ие. Сондықтан осы өңірде сапалы түйе сүтін өндіру үшін қазақтың бір өркешті түйелерін түрікмен аруанасымен шағылыстыру арқылы алынған будандардың санын көбейтуге бағытталған. Себебі будан түйелер ауданның қатал ауа райына өте төзімді және қатал климатқа бейімделгіш болып келеді.

Соңғы жылдары республикадағы түйе басының 12,5%-ға, асыл тұқымды малдың 2,4%-ға көбейгені байқалады. Қазіргі кезде ғалымдар қазақтың қос өркешті түйесі мен түрікмен аруаналарының жаңа асыл тұқымды типтері мен желілерін шығарумен айналысуда. Ғалымдардың алдында тұрған кезекті мәселелердің бірі – асыл тұқымды малдың гендік қорын сақтау және соларды пайдалана отырып түйе шаруашылығын одан әрі дамыта беру болып табылады.

 «AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 107 рет