Нақтырақ айтсақ, аудандағы Ұзын ата, Алатау батыр, Қызылқұм, Сүткент, Ақалтын, Егізқұм, Достық, Көксу, Қоссейіт, Шардара ауылы мен Шардара қаласындағы «№14 Бекет», «Мұнай базасы», «Өтеғұл», «№3 және №4», «Наурыз», «Нұр Отан», «Мелдеби», «Қанай Датқа», «Әсем-ай», «Абай», «Қызылжар» шағынаудандарының тұрғындары «көгілдір отынға» толық қол жеткізген.
2023 жылы табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 3 нысанға құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, «Майқала», «Ақбала» және «Төменгі тоғай» шағынаудандарына табиғи газ пайдалануға тапсырылды. Ал Жаушықұм елді мекенінде газ нысанының құрылыс жұмыстарына өткен жылы республикалық бюджет есебінен қаржы қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталған. Аталған нысанның құрылысын «Gas Energy Construction» ЖШС жүргізуде. Нысан құрылысы биыл тапсырылады деп жоспарлануда.
Биыл Қ.Тұрысбеков ауылына қарасты Ақберді елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жоба әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Облыстық бюджет есебінен қаржы қарау үшін бюджеттік өтінім берілді. Сондай-ақ Қоссейіт елді мекеніндегі жобаға енбей қалған тұрғын үйлерге газ құбырын тарту бойынша жоба әзірленіп, сараптама қорытындысын алуға жолданды. Аталған жобаның құрылысына қаржы қарау үшін биылғы жылға бюджеттік өтінім жолданатын болады.Айта кетейік, Шардара ауадынының халық саны – 75 704 адам. Аудан тұрғындарының 89%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген.
Жалпы, Түркістан облысындағы елді мекендерді газдандыру мәселесіне көз жүгірте кетер болсақ, 2023 жыл қорытындысымен газ тұтынушылар саны 1 млн. 659 343 абонетке (78,3 %) жетті. Осылайша өңірдегі 833 елді мекеннің 522-і газбен толық қамтылды. Алдағы 3 жылда қосымша 200 елді мекенді табиғи газға қосып, қамту деңгейі 86,7%-ға жеткізіледі. Өңірде құрылысы жүргізіліп, бірақ іске қосылмай тұрған газ құбырлары мен газ таратушы станцияларын жөндеп, қайта іске қосу, елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамту жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі әрбір жиын сайын жұмысты жандандыруды, жобаларды қаржыландыруды жүйелеуді жүктеп келеді.
- Стратегиялық тұрғыда маңызды, газдандыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жоспарға сай жұмыс жүргізген жөн. Қараусыз қалған нысандар қайта іске қосылу керек. Газ кіргізу жұмыстарын да мейілінше жылдамдату қажет. Жоспарланған жұмыстар белгіленген мерзімінде аяқталуы тиіс. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдері жұмысты ширату керек. Бүкіл әлемде жыл сайын экологиялық таза энергия ресурстарына, ең алдымен газға сұраныс артып келеді. Инфрақұрылым бойынша әрбір жобаны қатаң қадағалап, соңына дейін жеткізу қажет, – дейді Дархан Сатыбалды.
– Аудан, қалаларда халықпен кездесулерде ел инфрақұрылым, соның ішінде газ мәселесін жиі қозғайды. Кейбір жобалар қаржы бөлінсе де, сапасыз орындалған немесе соңына дейін жүзеге аспаған. Мәселені жасыру емес, шешу жолдарын қарастыру керек. Егер газ жүргізуге жауапты мердігер жұмысын келісімшартқа сәйкес атқармаса, заң органдарына ұсынылсын. Бұл түйткілді өзім тікелей бақылауыма аламын. Жұмыс уақтылы атқарылмаған соң қаржыландыру да қиынға соғады. Ондай мысалдар бар. Аймақты газдандыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жоспарға сай жұмыс жүргізген жөн. Газ кіргізу жұмыстарын мейілінше жылдамдату қажет. Газды үйлерге кіргізу, құжаттарын реттеу да уақытты алады. Биыл жоспарланған жұмыстар жедел атқарылып, елді мекендерге газ берілсін. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдері жұмысты ширатыңыздар. Инфрақұрылым бойынша әрбір жобаны қатаң қадағалап, соңына дейін жеткізу қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Жалпы, ел тұрғындарын газбен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы назар аударып отырған басым бағыттардың бірі. Халық игілігіне айналатын бұл маңызды жоба республика бойынша жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе ауыл-аймақтарды газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әлемдік энергетикада көгілдір отынның маңызы айрықша. Кез келген мемлекеттің де экономикасында стратегиялық мәнге ие. Табиғи газ анағұрлым экологиялық таза отын, оның үстіне өнеркәсіпте құнды шикізат саналады. Сол үшін ол бизнеске де, тұрғындарға да қажет. Әлемдік экономикадағы газға деген зор сұраныс осымен байланысты. Ал оны пайдалану – қай елдің болсын даму деңгейінің көрсеткіші.Көптеген дамыған елдердің өз энергетикасында көмірден газға дейінгі өрлеу жолын жүріп өткені бекер емес. Бұл негізінен Еуропа, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея басынан кешірген құбылыс. Көмірмен салыстырғанда, газ қоры жер бетінде шашыраңқы орналасқан. Сондықтан оны өндіру мен тұтынушыға жеткізу ірі инфрақұрылымды қажет етеді.
Ал қазақ жері газға бай. Қазіргі табылған көлемінің өзі шамамен 70 жылға жетеді. Қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанда алуға келетін 3,8 триллион текше метр газ қоры бар деп бекіткен екен. Әлеуетті ресурстары 6-8 трлн текше метрге дейін жетеді. Газ қоры жөнінен Қазақстан әлемде 22-орында. Ал ТМД бойынша Ресей және Түрікменстан елінен кейінгі 3-орында тұр. Айта кетейік, тәуелсіздік алған 1991 жылы елде 7,9 млрд текше метр «көгілдір отын» өндіріліпті, ал одан бергі 30 жыл ішінде ол 56 миллиард текше метрге жуықтаған.Иә, көгілдір отынның қажеттілігі күн санап артуда. Әсіресе көмір бағасының жыл сайын шарықтауы ауылдағы ағайынға ауырлық туғызып жатқаны анық. Қазіргі кезде газбен қамтылмаған аймақтарды газдандыру жұмысы қолға алынып, соған сәйкес қажетті қаржы сомасы да қарастырылып жатыр.
Түптеп келгенде көгілдір отынның жүргізілуі елді мекеннің еңсесін тіктейтіні сөзсіз. Бұл күнді шалғайдағы ауыл халқы тағатсыздана күтіп жүр. Газдың келуі халықты пеш жағу тауқыметінен арылтып қана қоймасы анық. Экологиялық ахуалдың жақсаратынын айтпағанның өзінде, ол аймақ экономикасының қарқынды дамуына пәрмен берері сөзсіз. Әлбетте, мыңдаған шақырымнан құбыр тарту оңай болмасы анық. Бюджеттен бөлінетін қыруар қаржының арқасында келген газдың игілігінен құр қалмай, әр тұрғынның үйінде көгілдір отынның жанғаны екі жақты тиімді. Көгілдір отын – ел өміріне береке, табыс, шуақ алып келеді. Елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайына да үлкен серпін береді. Газ Ұлы Даланың қуаты, сондай-ақ ол мемлекеттік ауқымдағы бірқатар міндеттерді шешуге мүмкіндік туғызады.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат