Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024 12:20

Түркістан облысындағы экоакцияға Алтай республикасынан келген туристер де өз үлестерін қосты

Түркістан облысында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының екінші апталығы қарқынды жүргізіліп жатыр.

«Киелі мекен» апталығында Сауран ауданына қарасты Серт ауылындағы «Үкаша ата» кесенесінің аумағы абаттандырылып, көгалдандырылды. тазалық және көгалдандыру жұмыстарына аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев және жүзге жуық ерікті жас пен тұрғын қатысты. Іс-шара барысында 400 жуық жеміс ағашы мен қара ағаш отырғызылды.

Экоакцияға киелі мекенге Ресей Федерациясынның Алтай Республикасынан келген туристер де атсалысты. Олар киелі орынға жыл сайын дәстүрлі түрде келетіндерін айтып, ағаш көшеттерін отырғызуға ниеттерін білдірді.

«Бүгін Мемлекет басшысының бастамасымен өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» эко акциясының «Киелі мекен» апталығында қоршаған табиғат пен көне дәуір рухы үйлесім тапқан киелі орын – «Үкаша ата» кесенесі аумағын көгалдандырудамыз. Туризм саласын дамытып, келушілердің ынтасын арттыру тек аңыз-әңгімелерді насихаттаумен шектелмей, тарихи орындардың көркі мен келбетін жақсарту, халыққа жайлы жағдай жасау мақсатында ағаш егу жұмыстарын атқарудамыз. Қазіргі таңда аудан көлеміндегі 53 тарихи-мәдени нысандарды абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр» – деген аудан әкімінің орынбасары белсенділерге алғысын білдірді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бес аптаға созылады. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты болмақ.

«Таза өлке». Бірінші аптада елді мекендердің тұрғындары, қоғам қайраткерлері, ұйымдардың қызметкерлері өз аумағындағы аулаларды тазалайды.

«Киелі мекен». Екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналады.

«Жасыл аймақ». Үшінші аптада көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізіледі.

«Өнегелі ұрпақ». Акцияның төртінші аптасында ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумағын тазалау, абаттандыру көзделеді.

«Мөлдір бұлақ». Акцияның қорытынды, бесінші аптасында өзендер мен көлдер қоқыстан тазартылады.

Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Туған жерімізді, туған ауылымызды, қаламызды аялау, оны көздің қарашығындай қадірлеу ортақ іс. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жер-жерлерде сантиарлық жұмыстар жүргізіліп, оған жергілікті тұрғындар да, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері де атсалысып, тиісті тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тазаланған жер таза емес, ластамаған жер таза. Сана тазармай, қала тазармайтыны секілді, әр адам тазалықты өзінен бастар болса, ауылымызда,  қаламызда тазалық жөнінен мәселе қозғалмас еді. Ауа ластанбай, тазалық шарасы сақталған жерде ғана қоршаған ортаға зиян келмесі анық. Сол үшін сіз бен біз болып туған өлкеміздің тазалығын басты назарда ұстайық! Өскелең ұрпақ бойына тазалық мәселесінің адам өміріндегі маңызы туралы айта жүріп, өз мекеніне зияны тиетін іс жасамауына кепіл болайық.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 237 рет