Жұма, 19 Сәуір 2024 13:34

ШЫМКЕНТ: ПРОКУРОРЛАР ДЕНДРОБАҚТЫ ТАЗАЛАДЫ

Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы демалыс күні де барлық ауданда жалғасын табуда. Бүгін акция аясында дендробақ аумағы айнадай етіп тазартылды.
Дендробақты тазартуға қалалық прокуратура қызметкерлері атсалысты.

Жұмыс тобы саябақты толықтай тазалап, шөптерді орып, жинаумен айналысты. «Киелі мекен» апталығы аясында өтіп жатқан бұл тазалық жұмыстарының алдағы уақытта да жалғасып, ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Өйткені тазалық жұмыстары жүйелі жүргізілгенде нәтижелі болары анық.

—Бүгін сенбіліктің екінші аптасы аяқталып жатыр. Қаламызда көптеген жұмыстар атқарылды. Басты мақсат - тазалықты, таза жүріп-тұруды, қаламызға сүйіспеншілікпен қарауды тұрғындарға дәріптеу. Бүгінгі шараға қалалық прокуратурадан 170-ке жуық қызметкер қатысты. Бізден бөлек коммуналдық мекемелер арнайы техникаларымен тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тазалық күнінде ерікті жастар, тұрғындармен бірге үлес қосуды мақсат тұттық. Әр аптаның әр түрлі атаулармен аталуында да өзіндік мән бар. Біз акцияның алдағы апталықтарына де белсене қатысамыз, - деді Шымкент қалалық прокуратурасының басқарма бастығы Бақытжан Байғазиев.

Шымкент қаласындағы тарихи-мәдени орындар, саябақтар мен аллеялар, ескерткіштерді тазалау осы аптамен аяқталмайды. Тұрғындар мұны дәстүрлі шараға айналса екен дейді. Алдағы уақытта акцияның үшінші апталығы басталмақ. Апталық аясында көшет отырғызу жұмыстары жүреді.

Тілге тиек етейік, бүгінгі таңда мегаполисте 8 саябақ, 39 гүлзар бар. Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасының мамандарының айтуынша, 30 жыл ішінде экология саласында көп жұмыс атқарылды. Статистикаға сәйкес, еуропа елдерінде әр адамға 24 шаршы метр жасыл желек келеді. Шымкентте әзірге 5-6 шаршы метр. Жан басына шаққандағы жалпы стандарт бойынша жасыл желектер кемінде 10 шаршы метр болуы керек. Қала әкімдігі қызметкерлерінің жоспарлары бойынша, қаланы көгалдандыруға және абаттандыруға байланысты әзірленген арнайы бағдарламаға сәйкес, 2025 жылға қарай қосымша 23 гүлзар, 4 саябақ салынады.

Оқылды 47 рет