Жұма, 19 Сәуір 2024 13:47

ШЫМКЕНТ: "БӘЙДІБЕК БИ" ЕСКЕРТКІШІ АУМАҒЫНДА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Бүгін "Таза Қазақстан" акциясының "Киелі мекен" апталығы аясында Абай ауданында орналасқан Бәйдібек би ескерткіші аумағына санитарлық тазалау, абаттандыру, талдарды әктеу, орындықтарды сырлау жұмыстары жүргізілді. Ескерткіш аумағының тазалық жұмыстарына Абай ауданының әкімдігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, ерікті жастар және белсенді тұрғындар атсалысты.

—Абай ауданында акция басталғалы әр жерде тазалау жұмыстары жүргізілуде. Осы аптада киелі оындарды тұрғындарға дәріптеп, оның аумағын таза ұстауға үйрету мақсатында көптеген ескерткіштер жуылып-тазаланды. Осы аймақтағы мәдени-тарихи нысандарды білсек те, оның тазалығына мән бере бермейміз. Жалпы бұл іс-шара тек тазалық жұмыстарымен шектеліп жатқан жоқ. Акцияның бірден-бір ерекшелігі де осында. Бұл апта киелі орындарда тазалық жұмыстарын жүргізу болғанымен, қаламыздың әр бұрышы, әр ауласы киелі. Сондықтан қазір ауданда ескерткіштерден бөлек тұрғын үйлердің аулаларында да тазалық жұмыстары жүріп жатыр, - дейді Абай ауданы әкімі аппаратының коммуналдық бөлімінің басшысы Мейіржан Әжиддин.

Бәйдібек би ескерткішінің аумағын тазартуға 200-ден аса адам қатысып, 10-ға жуық техника жұмылдырылды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шекпеген облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, елді мекендердің аумақтарын көгалдандыру және абаттандыру жөніндегі науқанды бастауды тапсырған болатын. Шымкенттіктер өз қалаларын көгалдандыруға және оны абаттандыруға белсенді кіріскенін атап өткен дұрыс. Қала әкімдігінің жұмысында қаланы көгалдандыру әрқашан бірінші орында тұр. Бүгінгі таңда мегаполисте 8 саябақ, 39 гүлзар бар. 2025 жылға қарай қосымша 23 гүлзар, 4 саябақ салынады.

 

Оқылды 45 рет