Дүйсенбі, 22 Сәуір 2024 17:27

ШЫМКЕНТТЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» СЕНБІЛІГІНІҢ ҮШІНШІ АПТАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

 

Бүгін Шымкентте Таза Қазақстан жалпы халықтық сенбіліктің үшінші аптасы қарқынды жұмыстармен жалғасын тапты. «Жасыл аймақ» деп аталған апталық аясында жоспар бойынша көшет отырғызу жұмыстарын жүргізу керек болатын. Бірақ көшет егу маусымы аяқталғандықтан сенбілікке қатысушылар талдарды әктеп, орындықтар мен жақтауларды сырлаумен айналысты.

Таза Қазақстан акциясы аясында Қаратау ауданына қарасты Тұран-1 шағынауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында орналасқан балалар ойын алаңшаларында сырлау жұмыстарын жүргізудеміз. Акцияға тұрғындар да белсене қатысуда. Жалғыз әкімдіктің көмегімен барлық жерді тазартып шығу мүмкін емес. Сондықтан тұрғындарды белсенді болуға шақырудамыз, - деді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Парманов.

Тұран 1шағынауданында өткен тазалық акциясына жастар ресурстық орталығының жастары, Шымкент қалалық опера және балет театрының қызметкерлері, Қаратау аудандық коммуналдық мекемесі, тұрғындар, мектеп оқушылары атсалысып, жалпы 100 ге жуық адам тазалық жұмыстарын атқарды. Қаратау аудандық коммуналдық мекемесінен 20ға жуық техника жұмыс істеп, өсіп кеткен шөптерді орып, ағаш бұталарды қырқып, ретке келтірді.

Тілге тиек етейік, бүгінгі таңда мегаполисте 8 саябақ, 39 гүлзар бар. Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасының мамандарының айтуынша, 30 жыл ішінде экология саласында көп жұмыс атқарылды. Статистикаға сәйкес, еуропа елдерінде әр адамға 24 шаршы метр жасыл желек келеді. Шымкентте әзірге 5-6 шаршы метр. Жан басына шаққандағы жалпы стандарт бойынша жасыл желектер кемінде 10 шаршы метр болуы керек. Қала әкімдігі қызметкерлерінің жоспарлары бойынша, қаланы көгалдандыруға және абаттандыруға байланысты әзірленген арнайы бағдарламаға сәйкес, 2025 жылға қарай қосымша 23 гүлзар, 4 саябақ салынады.

Оқылды 135 рет