Жұма, 19 Сәуір 2024 16:56

Түркістан: жастарға мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, қолдау көрсету жұмысы күшейген

Түркістан облысында 2 140 926 мың тұрғын бар. Соның 654 мыңы – 14-35 жас аралығындағы жастар. Оның ішінде 150 мыңнан астамы қала жастары болса, 500 мыңға жуық жас ауылда тұрады. Олардың сапалы білім алуы мен тұрақты жұмысқа орналасуы маңызды. Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірдегі жастар саясаты, жас өскінге қолдау көрсету мәселесі талқыланды.

– Жастарға қолдау көрсету, оларды жан-жақты дамыту, белсенділігін арттыру бағытындағы жоспарды қайта қарап шығуды тапсырамын. Басқа өңірлерді зерттеңіздер, үлкен қалалардың тәжірибесін қараңыздар. Облыста балаларға қатысты зорлық-зомбылық, құқықбұзушылықтар мен келеңсіз оқиғалардың алдын алу керек. Мектеп психологтарымен, сала мамандарымен кеңесіп, нақты алгоритмін бекіту қажет. Қазір көктем, жастардың белсенділігін арттырып, түрлі жұмыстарға тартқан жөн. Бірінші кезекте жұмыссыз жастармен жұмыс жүргізілсін. Онымен бірге жұмысы бар жастар арасында да лудоманияға және басқа да жаман әдеттерге еріп кеткендер бар. Олармен де жұмыс істеуді тапсырамын. Зерделеп, маған қорытындысын алып келіңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиын барысында Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев баяндама жасады. Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар бойынша өткен жылы 310309 жасқа, биыл екі айда 41331 жасқа кеңес берілген. Нәтижесінде «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша мыңға жуық жас оқуға түскен. Еліміздің солтүстігі мен орталығында орналасқан жоғарғы оқу орындарында келіссөздер жүргізілген. Бағдарлама аясында былтырғы оқу жылында Сайрам, Келес және Жетісай ауданынан жастар көптеп тартылған. Бұдан бөлек «Жастар практикасы» бойынша 9 мың жас жұмыспен қамтылған. «Дипломмен – ауылға» жобасы бойынша 500-ден астам жас маман жұмысқа орналасқан. Ал жастар кәсіпкерлігін қолдау бойынша 594 жасқа 2,5% көлемінде жеңілдетілген несие берілген. Бүгінге дейін мыңға жуық өтінім келіп түскен. 15 мыңнан астам жас колледждерге тегін оқуға түсіп, бөлінген грант толық игерілген.

Қазіргі таңда NEET санатындағы 58 510 жас бойынша мәліметтер «Отбасылық цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіне енгізілді. Жастарды келеңсіз жағдайдан қорғау мақсатында психо-профилактикалық шаралар, ыстық нүкте бойынша психопрофилактикалық шаралар тұрақты түрде өткізіліп, жастарға жеке мәселе бойынша психологиялық көмек көрсетілген. Бұдан бөлек ауылдар мен елді мекендерде де рейдтік және республикалық, облыстық деңгейдегі түрлі іс-шаралар ұйымдастырылған. Өңірде әскерге шақырушылар саны артып келеді. Облыс бойынша 122 волонтерлық ұйым жұмыс істейді, оған 8 366 белсенді жас мүше.

Жастар – қоғамның үлкен қозғаушы күші, мемлекеттің дамуына серпін беретін қоғамның бір бөлігі. Сондықтан жастар мәселесі мемлекеттің басты назарында. Оларға мемлекет тарапынан көрсетілер қолдау да ерекше. Біршама уақыт бұрын елімізде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» тұжырымдама бекітілген болатын. Осы заңнамалық құжат бүгінде жастар мәселесін шешетін негізгі құжат болып, қызмет етіп келеді.

Қалалық және облыстық жастар ресурстық орталықтарының жұмысы тікелей жастарға кеңес беріп, көмек көрсетуге арналған. Онда жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар және бос жұмыс орындары жайында ақпараттар алуға болады. Сондай-ақ,жұмыспен қамту орталығына тіркеуге тұру мүмкіндігі де қарастырылған.

Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жетіп, жастардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болады. Осы орайда, елімізде жастардың біліктілігі мен білімін ел дамуы үшін қолдану жұмыстары да жолға қойылып келеді. Мемлекет тарапынан жастар мен жас отбасылардың экономикалық ахуалын жақсарту мен табыс деңгейін көтеру, ұзақ мерзімді несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, басқа да экономикалық көмек түрлері арқылы білім алу мүмкіндігін кеңейту, іскерлік белсенділігін арттыру, тұрғын жайы мен үй шаруашылығын толыққанды жабдықтау үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағдай жасалуда. Соның бір дәлелі, жоғарыда атап өткендей, жастарды қолдау орталығы болса, екіншіден, арнайы мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдауды атап өтуге болады. Мысал ретінде еліміздегі жас азаматтар мен жас отбасыларды жеңілдікті ипотекалық несиелеу, жас мамандарды жұмыспен қамтудағы жеңілдіктер, ауыл жастарына берілетін көпсалалы квота, ауылға барған жастарға көтерме көмектерді тізіп шығуға болады. Және мұндай, мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтар жыл өткен сайын артып келеді.

Жастардың жұмыспен қамтылуы да мемлекетіміз үшін басты назарда. «Дипломмен – ауылға», «Бизнестің жол картасы»және тағы басқа бағдарламалардың сәтті жүзеге асқанын атап өтуге болады. «Жас келсе іске» демекші, жастардың лауазымды орындардан табылуы да олардың еліміздің дамуы жолында өз орны барын және соны тиімді қолданып отырғанымызды байқатады.  Жаңғыру арқылы жаңа әлемге бет түзеген елімізде жастар мемлекеттегі басты қозғаушы күшке айналып отыр. Маңыздысы осы.

Елімізде білімді, білікті жастар қалыптастыруды көздеген мемлекетіміз «Болашақ» бағдарламасы арқылы жастарды шетелде оқытуға ден қойды. Ешбір елде жоқ бұл бағдарламаның алғашқы түлектері қазір еліміздің дамуы жолында жемісті еңбек етіп жүр. Дамыған елдердің артықшылығын үйреніп, бойларына сіңіріп, елге әкеліп, өз еліміздің игілігі жолында пайдалануды көздеген білімді, озық технологиямен қаруланған, ойы азат жастарымыз бәсекеге қабілеттілігін аңғартуда. Жастарды қолдау мемлекеттің болашағына жағдай жасау екені сөзсіз.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 9 рет