Жексенбі, 21 Сәуір 2024 13:56

Түркістан: Сауран ауданы жаңа ғимараттармен толығып жатыр

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына іссапармен барып, Шорнақ елді мекеніндегі Әкімшілік-іскерлік орталығындағы құрылыс нысандарын аралады. Құрылғанына 3 жылдан асқан ауданда инфрақұрылым жасақталып, жаңа ғимараттар көбейіп келеді.

Ең әуелі аумақтық органдар ғимаратының құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда нысан басында 60 жұмысшы, 4 техника бар. Жер ауданы – 2,1 га. Құрылыс алаңы 7 мың шаршы метрден асады. Ғимарат шатыры жабылған. Бұдан бөлек ішкі сылақ, ішкі электрмен жабдықтау, сыртқы жылумен жабдықтау, жылу қазандығы, сыртқы кәріз, терезе орнату, ғимаратқа кіретін баспалдақтар және пандус бетондары, сыртқы фасад жұмыстары аяқталған. Ішкі инженерлік желілері және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

– Мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға қолдау көрсетіліп жатыр. Соның ішінде Сауран ауданы да бар. Құрылыс сапасын қатаң қадағалауда ұстау керек. Ешқандай кемшілікке жол берілмейді. Жұмысты адал істеңіздер, – деген облыс әкімі жауаптыларға тапсырмалар берді.

Өңір басшысы Сауран аудандық полиция бөлімінің ғимаратын көрді. Бүгінде құрылысын «NTR» ЖШС мердігер мекемесі жүргізіп жатыр. Жер ауданы – 1,375 га. Құрылыс алаңы 2 мың шаршы метрден асады. Жалпы құны – 1,7 млрд теңге. Қазіргі таңда басты блоктары, гараж, фронт офис ғимараттарының шатыр жабу жұмыстары, қасбет, футбол алаңының металды каркастары, ішкі әрлеу, вентеляция, ішкі электрмен жабдықтау, сыртқы қоршау жұмыстары толығымен аяқталған. Ал абаттандыру бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда. Нысан басында 3 техника 30 адам жұмыс істеп жатыр.

Жалпы, ауыл­дарды дамыту бойынша алға қой­ған жоспарлар көп, соған байланыс­ты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақ­тарды дамытудың 2023-2027 жыл­дарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдама ауылдық аумақ­тар­дың географиялық ерекшеліктері мен бәсе­ке­лестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық әлеуетін арттыруға бағыт­тал­ған. Тұжырымдаманың аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған.

Құжаттағы басты назар «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуда болып отыр. Бұл – жалпы ауылдардың 90%-ға жуығы. Мұндай елді мекендер адамдардың жұмыс істеуі мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады. Басты мақсат – әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту арқылы қо­лай­лы ауыл ортасын қалыптастыру. Бұл – жаңа мектептер мен медициналық объек­тілерді салу, таза сумен және электрмен жабдықтау, кең жолақты интер­нет­ке және спутник­тік байланысқа қол­же­тімділікті қам­та­масыз ету, ауылдың ішіндегі жолдар­дың сапасын арттыру, мәдени нысандар – кітапханалар, клубтар, мұра­жай­лар мен кинотеатрлар, спорт ғима­рат­та­рын салу, халыққа қыз­мет көрсету орта­лық­тарын ашу. Ал онда­ғы тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін инженерлік коммуникация­лар­ды жаңа жер учаскелеріне жеткізу жұ­мыс­тары жалғастырылады. Бұл ретте елді мекендерде өз қызметкерлеріне тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жеңілдету мақсатында пайдалануға берілген ауданы 100 шаршы метрден аспайтын үй құнының 50% мөлшерінде субсидия беріледі.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агро­техникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дре­наж­дық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ық­пал етеді. Сонымен қатар қызмет ба­ғыт­­тарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орын­­дары пайда болады, осылайша ауыл­дан жас кадрлардың кетуі азаяды.

Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырым­да­масы бірқатар шараны қамтиды, со­ның ішінде ауыл тұрғындарын жер­гілікті өзін-өзі басқаруға тарту, әр­түр­лі мемлекеттік қолдау көрсету, ту­ризм­ді дамыту, экспортты ынталандыру, эколо­гиялық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету. Аталған тұжырым­да­ма­дан күтетін нәтиже – табысы ең төмен­гі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл хал­қының үлесі 5,8%-ға, ал ауылдық жер­лерде жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендейді. Сонымен қатар елді мекен­дерді таза сумен қамтамасыз ету – 100%, интернетпен қамту – 97%, нор­ма­тивтік жағдайдағы жергілікті жол­дар­дың үлесі 95% болмақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық экономика ми­нистрлігі 2019 жылдан бастап «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқанын айттық. Мәселен, 2023 жылға бекітілген республикалық бюджетте «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға 41 млрд теңге бөлінсе, жобаны жүзеге асы­руға республикалық бюджетті нақ­ты­лау кезінде қосымша 55 млрд теңге қа­рас­ты­рылды.

Ел ішінде «Көмектескің келсе, балық берме, қармақ бер» деген жақсы сөз бар. Ауыл тұрғындарының тұрмысын көтеру, ауылды жандандыруға берілген тиімді қармақ, бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бағдарламаның ең басты мақсаты – қарапайым ауыл тұрғындарын кәсіпке баулу арқылы тұрмыс-тіршілігін жақсарту, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігіп, бір-біріне қолдау көрсетіп, ауылдық жерде шикізат өңдейтін өндірісті дамыту. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына 5 жылдан 7 жылға  дейін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Алу шарттары да жеңілдетілген, яғни кепілге қойылатын жылжымайтын мүлік, меншіктегі жер немесе арнайы техниканы бағалап, соған сәйкес шағын несие алуға болады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 172 рет