Бейсенбі, 02 Мамыр 2024 12:49

ШЫМКЕНТ: ТАЗАЛЫҚ АУЛАДАН БАСТАЛАДЫ

Шырайлы Шымкент қаласы күн өткен сайын гүлденіп келеді. Өйткені жылдағыдай емес, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына қызметкерлерден бөлек, қала тұрғындары да бір кісідей атсалысуда. 

Бұл аптада «Өнегелі ұрпақ»науқаны бойынша ілкімді істер жүзеге асқан. Соның бірі Әл-Фараби ауданына қарасты «Достық ауласында» ұйымдастырылды. Қазыбек би 6 көшесіндегі тұрғын-үй алқабының көлемі үлкен және ардагерлер көп. Сондықтан осы аумақта тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Шараға 10 -нан аса техника мен 200 -ге жуық қызметкерлер жұмылдырылып белгіленген нысанды толықтай тазартты.

- «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы оң өзгерістерді байқаймыз. Халық көп шоғырланатын орындарда тазалық деңгейі біршама өскен. Қуантарлығы бұл шараға ЖОО-ның студенттері көп қатысады. Жастардың белсендігілі тек оқу-ғылымнан емес, қоғамдық жұмыстардан да жоғары деңгейде көрінуде. Ұрпағымыздың саналы, тәрбиелі, тазалыққа жақын болуы үшін біздер әрқашан үлгі болатын игі істердің басы-қасында жүруіміз керек,- дейді Қалалық мәслихаттың депутаты Төреайым Сұлтанова. Өнегелі істі дәріптеу тек бір күнмен шектелмесі анық. Алдағы уақытта қала тұрғындарына қуаныш сыйлағын акция жалғасын таба бермек.

Айта кетейік, аталмыш шара Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы жүзеге асыру мақсатында өткізілуде. Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізудің іс-шара жоспары бекітілді.
Экологиялық акцияның алғашқы «Таза өлке» апталығында қала тұрғындары ерекше қолдау білдіріп, қоғам белсенділері, ерікті жастар, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарына белсене қатысты.
Акция аясында 380 арнайы техника, 49 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Сонымен бірге, 282 шақырым көше бойы, 85 шақырым аяқ жолдары, 59 мың дана ағаштарды әктеу және қырқу жұмыстары жүргізілді.

Нәтижесінде қаладан 300 тонна шамасында қоқыс шығарылды. 355 шақырым ирригациялық жүйе, 95 аялдама жуылып, 1200 дана қоқыс жәшігі (урна), 285 дана орындық сырланды.

 

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 103 рет