Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024 12:17

Түркістан: Дархан Сатыбалдының кезекті жеке қабылдауы өтті

Түркістан өңірінің орталығы мен барлық аудан, қалаларында облыс басшысының ашық форматтағы жеке қабылдауы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды кезекті рет азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініштерін тыңдады. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды.

Қабылдауға құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен жауапты аудан, қала әкімдері де қатысып, мәселелердің оң шешімін табуына атсалысты. Өңір басшысы әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, оларды тиімді шешу жолдарын түсіндірді және жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді.

Облыс басшысының тікелей қабылдауына жазылғандардың өтініштері сан алуан. Басым көпшілігі әлеуметтік көмек, жер, субсидия сұрап келді. Атап айтқанда, Шардаралық тұрғын көктемгі егін жұмыстарына арналаған жеңілдетілген несиенің қол жетімсіздігін айтып, шағымданды. Мәселе жауапты басқарма тарапынан түсіндірілді.

Сайрамнан келген азаматша жұмыс орнын ауыстыру мәселесіне көмек беруді сұрады. Белгілі болғандай, оған осыған дейін де бірнеше ұсыныс берілген. Қабылдаудан кейін жаңа ұсыныс бойынша таңдау жасайтынын айтып тарқасты.

Қазығұрттық тұрғындар мектептегі күзет қызметінің жекеге өтуін көтерді. Сонымен қатар Қызылқия ауыл округі бойынша суғармалы жерлерге су тапшылығы мен ауданда жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарының сапасы туралы баяндады. Ордабасы ауданынан қабылдауға жазылушы құқық қорғау органдарына қатысты шағымын жеткізді.

Облыс тұрғындары онлайн арқылы да байланысқа шығып, сауалдарын қойды. Тұрғындарды мұқият тыңдаған облыс әкімі әрбір мәселені жауапты тұлғалар жан-жақты зерттейтінін, шешімін тапқанша өз бақылауында болатынын жеткізді. Заңды жолдарын түсіндірді. Оңтайлы шешілуі үшін тиісті басқарма басшыларына тапсырма берді. Тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-пікірлер мен өтініштер хаттамаға енгізілді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 7 наурызында «Әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі туралы» жарлыққа қол қойғаны белгілі. Онда «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін»делінген.

Жаңа құжат бойынша, облыс әкімі жарты жылда бір рет әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесу, республикалық маңызы бар қала, астана әкімі қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу, аудан әкімі әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу өткізуі тиіс. Сондай-ақ, жеке қабылдаулар өткізіп тұруы тиіс.

Әкім кездесулерінің икемді жылдық күнтізбесі қажет болған жағдайда тиісті мәслихаттың келісімімен жыл басында әзірленіп, жыл сайын 20 қаңтарға дейін үкіметке ұсыылуы қажет. Бұған қоса, әкім халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде халықпен күнтізбеден тыс кездесіп отыруы тиіс болады. Жарлықта әкім кездесуінің регламенті де нақтылана түскен. Енді аймақ басшысы жоспарланған уақыттың "төрттен бірден аспайтын бөлігін" баяндама оқуға арнайды, ал қалған уақытты сұрақ-жауап форматында өткізеді. Бұл үшін әкім алдын ала жергілікті қоғам өкілдерінен халықтың сұрауы мен ұсыныстарын жинау жөнінде комиссия құрады. Әкімдік пен әкім аппараты кездесуге мүдделі адамдардың ауқымды аудиториясын, оның ішінде мәслихат депутаттарын, партия, қоғамдық ұйым және оппозиция өкілдерін тартсын делінген жарлықта.

Әкімдердің халықпен кездесуі – билік пен қоғамның, әсіресе өңірлердегі диалогын орнатуға негізделген кері байланыстың маңызды бағыты екенін айта кеткен жөн. Жаңа өзгерістерге сәйкес, әкімдер кездесу аяқталғаннан кейін азаматтарды жеке қабылдайды. Содан кейін проблемалы мәселелер жүйеленіп, оларды қаржыландыру мәслихат сессиясында қарастырылады. Осылайша, Қазақстан Республикасының барлық елді мекенінде тиісті өңірлердің басшылық құрамымен кездесулер өтеді.

Кездесулер халықтың талабымен және күнтізбеден тыс қажет болған жағдайда өткізіліп келеді. Егер бұған дейін ондай кездесулер есеп беру үшін ғана ұйымдастырылса, енді бұл міндетті шарт болып бекітілген. Бұған қоса, тұрғындардың талабымен кездесу бірнеше мәрте өтуі де мүмкін. Бұл ретте азаматтардың белсенді ұстанымы да маңызды. Сонымен қатар барлық деңгейдегі әкімдер тоқсан сайын ресми интернет-ресурстарда және «электронды үкімет» веб-порталында кездесу барысында халық көтерген проблемалы мәселелердің шешілу барысы туралы ақпарат жариялап отырады. Халықпен сөйлесіп, олардың мәселелерін шешуде десек, қателеспейміз. Тетіктері белгіленген. Ең бастысы - орындалуы және бақылануы маңызды!

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 17 рет