– Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде бекітілген уақыттан бастап, «Транстелеком» акционерлік қоғамы әкімшілік-іскерлік және мәдени-рухани орталықтарын оптикалық байланыспен толығымен қамтамасыз етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы интернет сапасын жақсарту жөнінде тапсырма берді. Осы бағытта жұмысты күшейтуіміз керек. Осы ретте, облыс аумағындағы мемлекеттік мекемелер мен тұрғындарды жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосу үшін 435 ауылдық елді мекенді оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етуді қарастыру қажет. Ауылдық елді мекендерді сапалы байланыспен қамту үшін, біз, өз тарапымыздан, орын алған мәселелер бойынша заң шеңберінде қарастыруға дайынбыз. Халқы тығыз орналасқан өңірімізде әріптестік орнатып, жұмыс істеу сіздерге де тиімді болатыны анық, – деді Дархан Сатыбалды.
Кездесуде Сүйеніш Әбділдин компанияның өңірде атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Алдағы жоспарларын тілге тиек етті. Оның айтуынша, өңірдегі 8 мыңнан астам абонентке, 389 мектепке «Транстелеком» АҚ қызмет көрсетеді. Компания Түркістан қаласында байланыс сапасын жақсартуға 2022-2023 жылдары 200 млн теңге инвестиция салған, жалпы 240 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен бірге 145 көпқабатты үй осы компанияның қызметіне қосылған.
– Түркістан өңірінде интернет сапасын жақсарту бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім салаларын цифрландыруға да мүмкіндігіміз бар. Түркістанда аймақтық филиалымызды ашу да жоспарланған, – деді «Транстелеком» АҚ-ның басқарма төрағасы. Жиында Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәулет Жасардың баяндамасы тыңдалды.
2023 жылы «Транстелеком» АҚ-на қарасты қызмет көрсетуші компаниялармен 25 400 тұрғын үй шаруашылықтары үй жағдайындағы интернет желісімен қамтылып, 2022 жылмен салыстырғанда 3834-ке артқан. Дегенмен, тұрғындардың басым көпшілігі радиокөпір технологиясы арқылы интернет желісіне қосылуына байланысты интернет сапасында олқылық анықталған. Осы мәселені реттеу, талапқа сай технологияларды қолдану жөнінде ұсыныс берілді. Сонымен бірге мектептердегі интернет жылдамдығын жақсарту жолдары, демалыс орындары мен туристер көп шоғырланған аумақтарда жалпы қолданысқа ие Free Wi-Fi қызметіндегі анықталған кемшіліктер де айтылды. Қос тарап облыста интернет жылдамдығын арттыру және әріптестікті нығайту жөнінде уағдаласты.
Бүгінде сапалы интернет дүйім жұрттың маңызды мәселесіне айналып отыр. Әсіресе кейбір ауылды аймақтарда кең жолақты интернет жүйесі атымен ұстамайды. Алайда ауылшаруашылығы мол білімді, көп күш жігерді талап ететінін мойындау керек. Интернет жүйесі қолжетімді болған жерде адамдардың көзі ашық көкірегі ояу. Қоғамның дамуы мен ел экономикасы жөнді жолға қойылуы үшін кең жолақты сапалы интернет болуы маңызды. Бүгінгі таңда сапалы интернет көзі білімнің кілтіне айналғандай. Онлайн-оқу, телемедицина, eGov, zoom, Smart TV деген заманауи қызмет түрлері «Қазақтелекомның» жоғары жылдамдықты интернеті келгелі ауыл тұрғындары үшін өмірінің бір бөлігіне айнала бастады. Елімізде індет ауруы жайлаған кезеңдерде онлайн оқу жүйесі қолға алынған болатын. Міне сол кезеңдер көптеген адамдардың жүйкесін тоздырғаны хақ.
Осы кең жолақты интернет жүцесі бойынша Түркістан облысында цифрландыру бағытында түрлі жобалар жүзеге асып келеді. Сонымен қатар облыс аумағында жалпы 831 елді мекен бар екендігі анықталды. Оның ішінде 824 ауылдық елді мекен және 7 қала Түркістан, Кентау, Арыс, Жетісай, Шардара, Ленгер, Сарыағаш бар. Талдау нәтижелері бойынша 654 ауылдық елді мекенде 1 942 542 тұрғын 3G (437 АЕМ) және 4G (217 АЕМ) мобильді интернет желісімен қамтылып, облыс халқының санына шаққанда интернетпен қамтылу деңгейі 93% құрайды. Қалған 145 968 тұрғыны бар 177 ауылдық елді мекенде интернет жоқ, ол дегеніміз 7% құрайды. Интернетпен қамтылмаған 177 АЕМ-нің 115 АЕМ 2G мобильді байланыс желісімен қамтылған, қалған 62 АЕМ-де байланыс мүлде жоқ.
Аталған 62 АЕМ-нің 43 АЕМ Министрлік қойған критерийлерде халық саны 250 астам болуы қажет деп көрсетілген. Халық санының сәйкес келмеуіне байланысты ұялы байланыс операторлары базалық станция орнатудан бас тартуда. Қалған 19 АЕМ алдағы жылдарға ұялы байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелеріне енгізу пысықталуда. Жалпы Түркістан облысы бойынша сапалы интернетпен қамтуды қажет ететін, бірақ техникалық мүмкіндігі жоқ 134 АЕМ бар. Қазіргі уақытта осы елді мекендерді сапалы интернетпен қамту мақсатында салалық министрлікпен және Түркістан облысы әкімдігі арасында жол картасын бекіту жұмыстары жүргізілуде. Күтілетін нәтиже 2023-2027 жылдар арасында облыс тұрғындарын сапалы интернетпен қамту деңгейі 99,8% жетеді. Қалған 0,16% құрайтын 3403 тұрғыны бар халық саны 250-ден кем 43 АЕМ-ге тиесілі.
Сонымен қатар, Түркістан облысы бойынша 3G стандартын қолдайтын 437 АЕМ-нің (халық саны 1 015 047) базалық станцияларын 2023-2029 жылдар аралығында 4G стандартына модернизациялау жоспарлануда. Қазіргі таңда орталық атқарушы органдармен «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы 2023-2027 жылдар аралығына әзірленуде. Облыс бойынша негізгі іс-шаралар жоспары айқындалды. Олар: Талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы (бұдан әрі-ТОБЖ) АЕМ-де қолжетімділікпен қамту. Іске асыру мерзімі: 2027 жыл. Қазіргі уақытта облыс бойынша 376 АЕМ-де 855 мемлекеттік мекеме ТОБЖ қамтылған. Қосымша, Ұлттық жобаға 389 АЕМ-де 758 мемлекеттік мекеме ұсынылды Министрлікпен айқындалған критерийлерге сәйкес кемінде екі әлеуметтік нысан болуы қажет. Республикалық және негізгі облыстық жолдарды 4G технологиялары мобильді кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету, және бұл жобаның іске асу мерзімі 2027 жыл болып табылады.
-Халықаралық маңызы бар 294 шақырым жол;
-Республикалық маңызы бар 429 шақырым жол;
-Облыстық маңызы бар 4014 шақырым жол торабы (жалпы: 4737 шақырым жол) жобаға ұсынылды.
Туристік аймақтарды мобильді кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз етуді іске асыру мерзімі 2027 жылға барады.
Түркістан облысына қарасты ұлттық табиғи саябақтары:
-Төлеби ауданы: Сайрамсу, Қасқасу, Біркөлік, Турбаза, шатқалдары.
-Түлкібас ауданы: Машат, Көкбұлақ, Өгем шатқалдары.
«Соңғы мильді» субсидиялау арқылы интернетті АЕМ-дегі үйшаруашылығына дейін жеткізу. Іске асыру мерзімі: 2027 жыл.
Қазіргі уақытта ТОБЖ тартылған 82 АЕМ 6736 тұрғын үй және 30 мың тұрғын қамтылған. Сондай-ақ, 5G желісін енгізу жоспары қолға алынбақ. Түркістан қаласының бүкіл тарихи әрі маңызды орталығын қамтитын 9 сыртқы 5G базалық станциялары орнатылды. Түркістан қаласы әкімдігі, «Конгресс Холл» сарайы, «Түркістан Арена» стадионы, автовокзал, «Фараб» кітапханасы, «Батыр» жастар сарайы, Керуен сарай, Түркістан қаласы әуе жайы, «Rixos» қонақ үйі сияқты маңызды туристік нысандарда бесінші буынды 5G мобильді интернеті іске қосылған.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат