Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін акцияны «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырып отыр. Аталған шара аясында 3 түрлі бастама қолға алынды. Атап айтсақ, «Парктер тынысы» фотокөрмесі, «Сырдың көркі – тораңғы» атты қоқыс тазалау шарасы және «Қазақстан – қызғалдақтар отаны» акциясы.
Бұл бастаманың мақсаты – туған жер табиғатына ұқыпты қарауды насихаттау, экологиялық мәдениетті дамыту және құқық бұзушылықтың алдын-алу. Шараға Туризм рекреация экоағарту бөлімінің меңгерушісі Айгерім Тажиева, Ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің меңгерушісі Нұрила Төре қатысып, сөз сөйлеп, оқушыларға іс-шараның маңыздылығын атап өтті. Іс-шара барысында оқушылар тақырыпқа сай 4 командаға бөлініп, бақ сынасты. Сайыс соңында барлық қатысушыларға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығында отырарлық жастар да аудандағы қариялардың үйлеріне барып, аулаларында тазалық жұмыстарын жүргізуде. Атқарылған жұмыстар барысында қарияның ауласына қоршаулар орнатылып, ретке келтірілді. Сонымен қатар, шөптер шабылып, үй айналасы күл-қоқыстан тазартылды. Ақсақал ауласын ретке келтіріп, тұрғын үйін әрлеп берген жастар мен еріктілерге ақ батасын берді.
Бүгінде Отырар ауданында акция аясында көгалдандыру және тазалық шаралары белсенді түрде жүргізілуде. Науқанның әрбір күніне іс-шаралар бекітіліп, үш апта көлемінде көшеттер отырғызылып, абаттандырылуда. Акция басталғалы бері ауданда зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметшілері, жастар, еріктілердің қатысуымен тазалық шаралары қарқынды өтіп жатыр.
Отырарда республикалық экологиялық акциясының «ТАЗА ӨЛКЕ» апталығы аясында сенбілік жұмыстары одан әріұйымдастырылу үстінде. Тазалық жұмыстары барысында Шәуілдір ауыл округіндегі «Арыс жағалауы» саябағы мен «Ардагерлер» паркінің және Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемемлекеттік мекесінің аумағын тазалау, аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің сыртын әктеу, сырлау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Жібек жолы даңғылының бойы, Ұ.Арғынбеков, Д.Алтынбеков, М.Әуезов көшелерінің бойындағы күл-қоқыстар тазартылып, арамшөптер оталды.
Тазалық жұмыстарына Шәуілдір, Темір, Арыс, Көкмардан ауылдарының тұрғындары мен бөлімдер мен мекеме қызметкерлері атсалысты. Аудан орталығы мен ауылдарды абаттандыру, «Таза өлке» апталығында ауыл тазалығын қалыптастыру мақсатындағы сенбілік жұмыстарына 400-ге жуық адам атсалысып, 6 арнайы техника жұмылдырылған. Аудан көлемінде жалпы 25 тонна күл-қоқыс шығарылып, арнайы полигондарға тасталды.
Облыстың орман тұқымбақтарының көлемі екі есеге ұлғайып, онда әр жылы 35-40 млн әртүрлі ағаш көшеттері өсіріледі. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылған «Сексеуілді сақтайық» республикалық ақпараттық науқанның аясында бұдан біраз бұрын Түркістанда арт-инсталляция ашылғанын да болатын. Құмды шөлдің қорғаны, «шөл даланың падишасы» атанған сексеуілді қорғау, сақтау, оны пайдалануға тыйым салу төңірегіндегі мәселелелер осыдан бірнеше жыл бұрын Түркістан облысы әкімінің сол кездегі орынбасары Ұлан Тәжібаев пен БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш қатысқан басқосуда да көтерілген-ді.
Шөлейтті дала құм көшкінін «кісендеп» ұстайтын, ұлан-ғайыр адырлардың топырағын эрозиядан сақтап, дауылдардан қорғайтын сексеуілдің басым бөлігі Отырар, Созақ, Шардара аудандарында өседі. Сексеуіл алқаптарын ұлғайту мақсатында әр жылы 11 400 га, оның ішінде 900 га сексеуілді көшеттерімен егу және 10500 га тұқымынан себу арқылы мәдени екпе алқаптарын құру жұмыстары жоспарланып, мерзімінде атқарылуда.
Түркістан облысында 3 млн 131 мың гектар орман қоры жерлері бар, оның 50 % -дан астамы орманмен көмкерілген. Өткен жылы орманды молайту шаралары бойынша 11 610 гектар жерге мәдени орман екпелерін жүргізу жоспарланып, толығымен орындалды. ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында Республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін 2 млрд ағаш көшеттерін отырғызу тапсырылған болатын. Осыған орай биыл Түркістан облысында 30 млн дана тал егіледі деп жоспарланып отыр.
Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту және тұрақтандыру мақсатында қала айналасынан 2019-2023 жылдары 7700 гектар аумаққа «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, қазіргі таңда бес жылға жоспарланған меже артығымен орындалды. Дәл осы тұста әр талды егіп, баптаудың оңай соқпайтынын атап өткен жөн. Түркістан облысының климатына байланысты көшеттердің жерсінуі 50 % -дан аспайды. Өзге өңірлерде 70% төңірегінде. Су тапшылығы кезең-кезеңмен шешілуде. Әр тал жеке-жеке суарылады. Алда облыс орталығының айналысындағы 20 мың гектар аумаққа жасыл белдеу қалыптасатын болады.
Облыс көлемінде 5 жылда 110 210 гектар жерге 170 млн. ағаш көшеттерін отырғызу бойынша Кешенді жоспар бекітіліп, жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Облыс әкімдігіне қарасты орман шаруашылығы мекемелеріндегі 21 питомникте бүгінде 8,6 млн. аса әртүрлі ағаш көшеттері өсірілуде. Олардың санын 30 млн-нан асыру жоспарланған.
Еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағындағы сексеуіл екпелерінде ағаш кесудің барлық түріне 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін тыйым салынған болатын. Осыған байланысты, сексеуілді заңсыз кесу оқиғаларын тоқтату мен сауда орындарында сатылуының алдын алу барысында орман шаруашылығы мекемелері, аумақтық инспекция, Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мен облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің табиғат қорғау полиция қызметкерлерімен халық арасында түсіндірме жұмыстары мен қатар рейдтік шаралар ұйымдастырып, тұрақты түрде жұмыстар атқарылғанын айта кетейік.
Тағы бір айта кетерлігі, Түркістан облысыда тазалық, абаттандыру жұмыстары жаңаша бағытта үйлестіріліп, жүйелене түседі. Таяуда өткен облыс әкімі аппаратының апталық отырысында өңір басшысы Дархан Сатыбалды тазалық пен абаттандыру мәселелерін шешудің жаңа жоспарын әзірлеуді ұсынды. «Таза Қазақстан» акциясын науқан емес, қалыпты өмір дағдысына айналдырып, жыл он екі ай бойы осы бағытта жұмыс жүргізуді тапсырды. Сонымен бірге көшесін, ауылын таза ұстаған тұрғындарды ынталандыру мәселесін көтерді. Мысалы, әлеуметтік нысандар мен жолды бірінші кезекте тазалық талаптарын сақтаған елді мекендерге салып беру және де ынталандыру шараларын әзірлеуді жүктеді.
– Тазалық пен абаттандыру – жыл он екі ай тоқтаусыз жүретін жұмыстар. «Таза Қазақстан» акциясы өмірлік дағдыға айналуы тиіс. Өңірдегі барлық мемлекеттік, бюджеттік, жеке меншік, ауыл шаруашылығы, спорт, мәдениет, жалпы мекемелердің бәрінің басшылығына тиісті ұсыныс берілсін. Әр мекеме ұжымы өздері тұратын нысанды сәндеп, жан-жағын көгалдандырып, тазалық жұмыстарын атқарсын. Әрбір аудан, қала, ауыл әкімдері өздері басқаратын аумақтағы мекемелер қызметкерлерін, тұрғындарды тазалық акциясына шақырсын. Жұмысты үйлестірсін. Бұл – бір. Екіншіден, тазалық пен абаттандыру жұмыстарын науқанмен шектемей, проблемаларын анықтап, жүйелі түрде шешуіміз керек. Коммуналдық мекемелер құру, оларды қаржыландыру жұмысы жандансын, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» акциясының үш аптасында атқарылған істерге тоқталды. «Таза өлке» науқанында 4352 шақырым көше бойлары және 120 мың шақырым аяқжолдар тазаланды. Бұдан бөлек, 608 шақырым өзен, көпір, канал бойлары және 1380 көпқабатты тұрғын үйлер аулалары тазаланған. Жалпы 1225 тонна қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарға 14571 адам, 692 техника тартылды. «Киелі мекен» апталығында 226 ауқымды іс-шаралар өткізіліп, тарихи-мәдени орындар тазартылды. Осы жұмыстарға 22251 адам, 496 техника тартылып, 1410 тонна қоқыс шығарылды. «Жасыл аймақ» науқанында 153 мыңнан аса ағаш көшеті егіліп, 175 мыңға жуық ағаш әктеліп, бұталды. Сондай-ақ 346 саябақ пен сквер, 731 балалар ойын алаңшасы акция аясындағы жұмыстармен қамтылды. Жалпы 22 мыңнан аса адам, 477 техника тартылып, 983 тонна қоқыс тазартылды. Акцияның ауқымдылығын қамтамасыз ету үшін, салалық басқармаларға нақты тапсырмалар беріліп, 775 діни мекеме, 912 білім беру орны, 853 денсаулық сақтау, 46 спорт және 853 мәдениет мекемесі науқанға атсалысқан.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат