Шара барысында «Арыстанбаб» кесенесінің аумағы мен «Отырартөбе» қалажұртының маңы, сондай-ақ, ұлы ойшыл, ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің туған жері «Оқсызтөбе» аумағы мен күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасов музейінің ауласын тазарту жұмыстары жүргізілді.
Киелі Отырар – Орталық Азиядағы ең ежелгі шаһарлардың бірі. Оның екі мың жылға жуық тарихы бар. Қазақ өркениетінің алтын діңгегі саналған Отырар жеріне жер жүзінен аса қызығушылықпен келетін ғалымдар мен саяхатшылар жылдан-жылға артып келеді. Көне тарихымыздан сыр шертетін осынау бай мұраларымызды насихаттай отырып, ішкі туризмді дамыту алға қойылған негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Жалпы аталған аймақта киелі нысандар мен табиғатты тамашалауға келген шетелдіктерге қолайлы жағдай жасау үшін тазалық жұмыстары тұрақты ұйымдастырылып отырады.
Жалпы сенбілік жұмыстары тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауына, экологиялық мәдениет қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізері анық. Сенбілік - тазалық кепілі. Әр адам сенбілікке кішкене де болса атсалысып, үлесін қосса тазалыққа деген жауапкершілігі де арта түседі. Олар сенбілікке шығу арқылы тазалыққа деген жауапкершілікті нығайтады. Себебі,өзің тазалаған жерді сен ешқашан шашпайсың, керісінше, ауыл-ды бүлдіріп жүргендерге көз жұмып қарай алмай оларға ақылыңды айтасың. Сенбілік осыған үйретеді.
Осыны кейінгі жастарға өнеге еткен тұрғындар көше мен аула тазалығын күн сайын қадағалап отырудың маңыздылығын айтуда. Себебі, тазалық - жанның саулығы, ішкі мәдениеттің бастауы. Сенбілік жұмыстары барысында жиналған қоқыс қалдықтары мен арам шөптер арнайы полигондарға жеткізілді.
Ауыл тазалығы, оның көркі мен сәні әрбір тұрғынның өз ауласы мен үйінің маңайынан басталады емес пе? Кейбір тұрғындар аудан орталығында тұратынын көбіне ұмытып кететін болуы керек. Жан-жағыңызға қарасаңыз үй иелерінің жекеменшік баспанасының ауласы мен маңайын абаттандыруға құлықсыздығының, жан-жағына қоқыстарын қалай болса солай лақтыра беретіндігінің куәгері боласыз. Тіпті көршілес тұратындар бір-бірімен санаспайды, ұялмай көршісінің тазалаған аумағына қоқыстарын лақтырумен болады. Міне, осындай тәртіпсіздікке аудан, ауыл басшылары қатаң шара қолдануы керек.
«Тазалығымен ерекшеленген қандайда бір көрініс жанға жылу береді. Жанымызға рахат, көңілімізге шаттық сыйлайтын тазалақ шараларына алдағы уақытта да белсене қатыссақ нұр үстіне нұр болар еді» - дейді отырарлық тұрғындар. Ауылдарды гүлдендіріп, көшелерді көркейтеміз десек, санитарлық тазалықты әркім өзінен, үйінің, ауласының маңынан бастауы керек. Туған өлкенің тазалығын қадағалау әрбір тұрғынның азаматтық парызы екенін естен шығармайық!
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат