Жұма, 10 Мамыр 2024 18:19

Отырар ауданында Арыстанбаб кесенесінің маңында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды

Түркістан – еліміздің туристік әлеуеті зор өңірдің бірі. Облыс орталығынан бөлек, Отырар өңірі де киелі аймақ саналады. Ежелден ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің ордасы болған Отырар - қазақ өркениетінің алтын діңгегі деп те аталады.

Отырар ауданындағы тарихы терең киелі орынның бірі Арыстанбаб кесенесі. Мұнда шет мемлекеттер мен еліміздің әр өңірлерінен келетін туристер саны жыл санап артып келеді. Аталған аймаққа келушілерге қолайлы жағдай жасау арқылы туризмді дамытудың мүмкіндігі жоғары.

Осы мақсатта “Таза Қазақстан” акциясының “Киелі мекен” апталығы аясында кесене аумағын қоқыс қалдықтарынан тазартты.  “Мұрагер” қоғамдық бірлестігінің мүшелері, ауыл тұрғындары мен ерікті жастар қатысқан тазалық шарасы барысында қоршаулар сырланып, ағаш түптері әктелді, арамшөптер оталып, жаяу жүргіншілер бойындағы қоқыс қалдықтары жинақталып, шығарылды.

Арыстанбаб – 11-12 ғасырларда өмір сүрген, ислам ғүламаларының бірі, Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы. Кесенеде Қарға баба, Лашын баба және Шерімбет әздер жерленген. Құрылыстың бастапқы мазары XIІ ғасырда басталған. XІV ғасырда Әмір Темір кесене тұрғызған. ХХ ғасырдың 1907-1909 жылдары (хижра бойынша 1327 жыл ) Қалмырза Мүсәпірұлы Арыстанбаб кесене-мешітін, және басқа да жерлеріне қайта жөндеу жүргізген. Соңғы жөндеу жұмыстары 2004 жылы жүргізілген. 2023 жылы кесенеге келушілер 278844 адамды құраған.

Сондай-ақ, мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының “Киелі мекен” апталығы аясындағы тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы орайда Қоғам ауыл округіндегі Әмір Темір ескерткіші маңында және ауданымыздың басты көшесі “Жібек-жолы” даңғылының бойы мен орталық саябақта аудан тұрғындарының белсене қатысуымен сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.

Қоғамдық шара барысында көше бойларына әктеу, сырлау жұмыстары жүргізіліп, қоқыс қалдықтары шығарылды. Сондай-ақ туризмді дамыту әлеуеті жоғары “Арыстанбаб” кесенесінің маңындағы саябақ қоршаулары жаңартылып, кейбір бөліктері қайта қалпына келтірілді.

Жалпы Отырар ауданындағы тарихи орындарға 2023 жылы 215 мың турист келсе, 2024 жылдың 3 айында 50 мыңға жуық адам қызығушылық танытқан. Аймақта туризм кластерін дамыту бағытындағы мақсатты жұмыстар қолға алынып, тарихи орындарды зерттеу жұмыстары жалғасып келеді.

Айта кетейік, науқан 5 аптаға созылады. 6 сәуірден басталған игі шара 11 мамырға дейін жалғасын табады. Одан кейін осы жұмыстарды дағдыға айналдыру көзделген. Әр аптаның өзіндік атауы мен нақты мақсаттары бар. 6-13 сәуір аралығында «Таза өлке» апталығы өтсе, 13-20 сәуір аралығында – «Киелі мекен», 20-27 сәуір аралығында – «Жасыл аймақ», 27 сәуірден 4 мамырға дейін «Өнегелі ұрпақ» апталығы, 4 мамырдан 11 мамырға дейін «Мөлдір бұлақ» апталығы өтпек. Жұмыстар қарқынды алғасын табады.

Түркістан облысыда тазалық, абаттандыру жұмыстары жаңаша бағытта үйлестіріліп, жүйелене түседі. Таяуда өткен облыс әкімі аппаратының апталық отырысында өңір басшысы Дархан Сатыбалды тазалық пен абаттандыру мәселелерін шешудің жаңа жоспарын әзірлеуді ұсынды. «Таза Қазақстан» акциясын науқан емес, қалыпты өмір дағдысына айналдырып, жыл он екі ай бойы осы бағытта жұмыс жүргізуді тапсырды. Сонымен бірге көшесін, ауылын таза ұстаған тұрғындарды ынталандыру мәселесін көтерді. Мысалы, әлеуметтік нысандар мен жолды бірінші кезекте тазалық талаптарын сақтаған елді мекендерге салып беру және де ынталандыру шараларын әзірлеуді жүктеді.

– Тазалық пен абаттандыру – жыл он екі ай тоқтаусыз жүретін жұмыстар. «Таза Қазақстан» акциясы өмірлік дағдыға айналуы тиіс. Өңірдегі барлық мемлекеттік, бюджеттік, жеке меншік, ауыл шаруашылығы, спорт, мәдениет, жалпы мекемелердің бәрінің басшылығына тиісті ұсыныс берілсін. Әр мекеме ұжымы өздері тұратын нысанды сәндеп, жан-жағын көгалдандырып, тазалық жұмыстарын атқарсын. Әрбір аудан, қала, ауыл әкімдері өздері басқаратын аумақтағы мекемелер қызметкерлерін, тұрғындарды тазалық акциясына шақырсын. Жұмысты үйлестірсін. Бұл – бір. Екіншіден, тазалық пен абаттандыру жұмыстарын науқанмен шектемей, проблемаларын анықтап, жүйелі түрде шешуіміз керек. Коммуналдық мекемелер құру, оларды қаржыландыру жұмысы жандансын, – деді Дархан Сатыбалды.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 244 рет