Бірлігі бекем қызметкерлер мен жергілікті тұрғындар құрал-жабдықтарымен келіп, тазалық жұмыстарына жұмыла кірісті. Сенбілік барысында «Шәуілдір-Көксарай» көпірінің маңындағы демалыс орны мен Сырдария өзенінің бойы шөп-шаламдардан, күл-қоқыстан тазарды. Сондай-ақ ағаш түптері әктеліп, сырланды. Бұдан бөлек 300-ге жуық көшет егілді. Егілген көшеттердің арасында жай арша, қарағаш, өрік, долана, алма, шаған сынды ағаштар бар. Сенбілікте аталған аумақтар мен туристік орындар бойынша көше бойларында санитарлық тазалау жұмыстары жанданды.
Тазалық науқаны аясында 100-ге жуық адам табиғи парк пен аудан ажарының ашылуына белсене атсалысты. Арнайы 10 техника жұмылдырылды. Ел бойынша бір мезетте басталған ағаш отырғызу науқаны бес аптаға созылады. Ерекшелігі – әр апта белгілі бір тақырып аясында өтпек.
Айта кетейік, Отырар ауданы Көксарай елді мекенінде «Парктер шеруі» акциясының ашылуы өткен болатын. Бұл – жыл сайын дәстүрлі түрде табиғатты қорғау мақсатында өткізілетін акция. Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен сенбілікте «Сырдың көркі – тораңғыл» атты қоқыс тазалау шарасы да назардан тыс қалмады.
Мұнымен қоса, "Таза Қазақстан" экологиялық акциясының “Киелі мекен” апталығы аясында аудан орталығындағы "Менің Қазақстаным" саябағында "Жастар орталығы"КММ мен «Белсенді ұзақ өмір» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы КММ-нің қызметкерлері және аудан тұрғындарының қатысуымен сенбілік жұмыстары жүргізілді. Акция аясында ұлы сазгер, жерлесіміз Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіш мүсіні мен саябақ ішіндегі туған өлкеміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан еңбек ардагерлеріне арналған ескерткіштерінің айналасындағы арам шөптер шабылып, күл-қоқыстан тазартылды. Туған жеріміздің табиғатын аялау мен таза ұстауға шақыратын игілікті шараға 300-ге жуық адам қамтылған.
"Таза Қазақстан" экологиялық акциясынан Ш.Қалдаяқов ауыл ауылының тұрғындары да шет қалмады. Қарақоңыр ауыл округіне қарасты Ш.Қалдаяқов ауылының тұрғындары қазақ вальсінің падишасы Шәмші Қалдаяқов атындағы музей үйінің ауласында тазалық жұмыстарын жүргізді.
“Киелі мекен” апталығы аясындағы тазалық шарасына мекеме қызметкері, ауыл жастары мен тұрғындар қатысып белсенділік танытты. Шара барысында музей үйінің айналасы ретсіз өскен ағаштардан аршылып, арам шөптер оталып, күл-қоқыстар шығарылды. Тазалық жұмыстарында белсенділік танытқан ауыл тұрғындары: “Туып-өскен ауылымыздың тазалығына қарап оны күтіп-баптау әрбіріміздің қасиетті борыштарымыздың бірі” - дейді.
Шәмші Қалдаяқов музей үйі Отырар ауданы Қарақоңыр ауыл округі Шәмші Қалдаяқов елді-мекенінде орналасқан. Аталған нысан 2020 жылы ұлы сазгердің туғанына 90 жыл толуына орай ауыл азаматтарының демеушілігімен салынған. Музейде Қазақ вальсінің патшасы Шәмші атамыздың тіршілігінде қолданған заттары,киген киімдері ән-жинақ кітаптары отбасылық және жеке суреттері орын алған.Сондай-ақ Шәмшінің әкесі темір ұстасы Қалдаяқ шебердің де жасаған бұйымдары мен жеке құжаттары сақталған.Жалпы музей қорында әйгілі тұлғаның өмірінен сыр шертетін 100 ден аса экспонат бар.
«Таза Қазақстан» акциясының «Киелі мекен» апталығы аясында отырарлықтар Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің аумағын да күл-қоқыстардан тазартты. Тазалық жұмыстары барысында аудандық Емхана қызметкерлері мен «ЗАРЕЧНОЕ» БК АҚ мамандары, аудан жастары музей қоршауларын сырлап, жаяу жүргіншілерге арналған жол бойлары мен этно-тарихи кешенінің аумағындағы қоқыс қалдықтарын жинап, шығарды. Сондай-ақ музей жанындағы тарихи ескерткіштерді тазартылып, айналасындағы арам шөптер оталды. Сенбілік жұмыстарына 250-ден аса адам қатысып, 6 арнайы техниканың көмегімен 25 тоннаға жуық күл-қоқыстар полигондарға тасталды.
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі 1979 жылдың 11-мамырынан бастап Қазақстанда алғаш рет археологиялық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесі болып құрылған. 1982 жылы Отырар аймағындағы тарихи ескерткіштерді қорғайтын қорық-музей болып қайта ашылды.
Қазіргі таңда музей Республика көлемінде археологиялық жәдігерлерді зерттеу, қазба жұмыстарын жүргізетін, реставрация және консервация арқылы ескерткіштердің сақталуын қадағалайтын, сонымен қатар халқымыздың этнографиялық және рухани, мәдени мұраларын жинақтап сақтау, зерттеу жұмыстарын жүргізетін бірден-бір мекеме. Қорық-музей қарамағында жалпы көлемі 11000 гектарды алып жатқан 3-республикалық 73-жергілікті дәрежедегі тарихи-мәдени ескерткіштер бар.
«Таза Қазақстан» акциясының «Жасыл аймақ» апталығы аясында облыс көлемінде тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, көшет егу, аулаларды абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Аталған акцияға отырарлықтар да үн қосып, Шәуілдір ауылындағы көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін ретке келтіру, көкшелерді күл-қоқыстардан тазарту секілді жұмыстарды бастап кетті. №6 А көпқабатты тұрғын үйінің қабырғаларын әктеп, шатырлары мен іргетасын сырлап, абаттандыруға атсалысқан шәуілдірлік тұрғындар аудан орталығына өзге аймақтардан келушілерге аудан жайында дұрыс көзқарас қалыптастыруда аталған шараның маңызы зор дейді.
Айта кету керек, отырарлықтар бұған дейін «Киелі мекен» апталығы аясында аудан көлеміндегі киелі орындарға сенбіліктер өткізген болатын. Енді жоспарға сәйкес «Жасыл аймақ» апталығы аясында тазалық жұмыстары ұйымдастырылмақ. Жалпы апталық аясындағы шараларға 1500-нан аса адам қамтылады деп күтілуде.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат