Бүгінде тұрғындарды алаңдатқан мәселені шешуге ғалымдар да атсалысып отыр. Ғылыми сүйемелдеу жұмыстарын жүргізген Зоология институтының аға ғылыми қызметкері Қаршыға Көшкімбаев пен «Защита-растений-К» ЖШС-нің энтомолог-мамандары Отырар ауданы мен Арыс қаласының шекаралық аумағында орналасқан «Көксарай» су реттегіші шіркейдің таралу, яғни дернәсілдерінің жетілу ошағы болып отырғанын жеткізді. Ғалымдармен шіркей дернәсілдерінің жетілуі, залалсыздандыруға қажетті дәрілерді суға жіберу мезгілі мен мөлшері жіті нақтыланып, ақпан айынан бастап жергілікті тұрғындардың қатысуымен шіркейлердің имогаларына, өзендегі дернәсілдерге үзіліссіз бақылау жасалған болатын.
БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген мердігер ұйым өкілі Тағабек Қалшораев дезинфекциялау жұмыстарын Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында және Шардара, Отырар, Мақтаарал, Келес аудандарында жүргізіп жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар қанатты шіркейлерді толығымен төмендетуді мақсат етіп отырғанын атап өтті. Мамандар шіркейлер соңғы 8-10 жылда көбейгенін алға тартып отыр. Сырдария өзенінің бойында шіркейлердің жалпы 8 түрі анықталған.
Қазіргі таңда Сырдария өзені және Көксарай су реттегіш бойында орналасқан елді мекен аумақтарында шіркейлерге қарсы дезинсекция шараларын «Satti Tulik» ЖШС жүргізуде. Мердігер ұйым ғылыми негізде нақтыланған тұжырымдама аясында күрес шараларын биологиялық препараттарды суға жіберу әдісі, ал су қорғау аймақтарындағы ағаштардың бұталары мен елді мекен, демалыс аумақтарында химиялық өңдеу әдісі қолданылады.
Айта кетейік, дезинсекция жұмыстары биылғы жылдың ақпан айында басталған. Тұрғындар мен төрт түлікті әбігерге салған қанаттыларға қарсы жұмыстар ғылыми негізге сүйене отырып жасалады. Сырдария өзенінің флорасы мен фаунасына зиян тигізбей, тек шіркейлердің санын азайтып, жергілікті тұрғындардың күнделікті тіршілігіне қолайлы жағдай жасау жұмыстары шілде айына жүйелі түрде жалғасады. Бұл бағыттағы жұмыстарды қамтамасыз ету үшін 42 техника, 96 жұмысшы күші жұмылдырылған, қосымша техника қажет болған жағдайда мердігер мекеме өз тарапынан жұмылдыруға дайын.
Дернәсілдері ағын судың астыңғы қабатына бекініп, ал қанаттанғандары судан тыс та тіршілік ететін шіркей бүгінде жұрттың жиі шағымдануына себеп болып тұр. Негізінен таңертең, ымыртта шағатын, сілекейі улы кішкентай шіркейіңіз Түркістан облысында үлкен мәселенің біріне айналған.
Сырдария өзенінің бойы мен Көксарай су реттегіш қоймасы маңындағы елді мекендерде кейінгі жылдары көбейіп, тұрғындарды тұмшаланып жүруге мәжбүр еткен шіркеймен күрес 20-30 жылға созыла беруі де мүмкін екен. Ғалымдар осылай деп болжап отыр.
«Шіркейді 100 пайыз жойып жіберу мүмкін емес. Бір аналығы неше жүздеген жұмыртқа салады. Сондай-ақ бір жазда 4-5 рет жұмыртқалауы мүмкін. Биыл дәрілеу жұмысын жүргізбесек, келесі жылы дәл бұрынғы қалпына келеді. Бұл – құрымайтын нәрсе. Көксарай су реттегіші тұрған кезде шіркейден құтылмайсыздар», дейді ғалым Қаршыға Көшкімбаев.
Дегенмен жауапты мекемелер құтылмайды екенбіз деп қарап отырған жоқ. «Көксарай» су реттегіш қоймасы маңындағы елді мекендерде шіркейлердің көбеюіне байланысты Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Отырар, Шардара, Мақтаарал, Келес аудандары дезинсекция жүргізу аймақтары ретінде белгіленген. Биыл шіркеймен күрес ерте, яғни наурызда басталды.
«Жалпы, биылғы дезинсекция шараларына 655,9 млн теңге қаржы қаралып отыр. Қазіргі таңға мердігер «Өсімдіктерді қорғау-К» ЖШС тарапынан ғылыми топ құрылып, шіркейлердің көбею ошақтарын анықтау жұмыстарын бастады. Топ құрамына Алматы қаласындағы Зоология институтының аға ғылыми маманы Қаршыға Көшкімбаев, басқа да білікті мамандар тартылған. Шіркейлердің санын азайту кезінде биологиялық және химиялық препараттарымен өңдеу жұмыстары жүргізіледі», дейді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков.
Мамандардың мәліметіне қарағанда, өткен жылмен салыстырғанда биылғы шіркей, шегірткелердің таралу аймағы бірнеше есе ұлғайып, 270 мың гектардан асқан. Тиісінше, шығын да өскен. Өңірде қолайлы фитосанитарлық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында, химиялық өңдеу жұмыстарын 25 күнде аяқтау жоспарланған. Облыс әкімі бұл жұмыстарды ширатып, 10 күнде аяқтауды міндеттеп отыр. Өңірде марокко шегірткесі көп таралған. Негізгі ошақтары Арыс, Сарыағаш, Келес аудандары болса, кейінгі жылдары Бәйдібек, Ордабасы, Қазығұрт, Төлеби, Сауран, Шардара, Отырар аудандарында да кездеседі. Фитосанитарлық шаралардың жүргізілуіне облыстық аумақтық инспекция тарапынан 20-дан аса жұмыс тобы, 40 инспектор, өзге облыстардан, болжам орталығынан 100-ге жуық маман және аудан, қала әкімдіктерінен қосымша 245 анықтаушы қатысып жатыр.
«Биыл ерте басталған жұмыстар өз нәтижесін береді. Жүргізілген ғылыми зерттеу қорытындысымен шіркейдің екі түрі анықталды. Оның зияны жоқ. Дәрілеуден пайда болары сөзсіз. Тек бір айтарым, шыбын-шіркейді түбімен жойып жіберу мүмкін емес. Оның қауіпсіз деңгейі болады. Сол деңгейге жеткізу керек. Шілденің басына дейін жұмысты тоқтатпаймыз», деді Қ.Көшкімбаев.
Шіркейге қарсы дезинсекция жұмыстары барысында алдымен облыс аумағындағы ұзындығы 352 шақырым Сырдария өзені 6 бөлікке белгіленіп, әрбір 60 шақырымы дәріленеді. Мамандардың айтуынша, дәрілік заттың төрт түлікке, ара, балық және басқа да тіршілік иелеріне зияны жоқ. Дернәсілдермен күресуге биологиялық препараттарды суға жіберу әдісін, ал су қорғау аймақтарын, яғни жағалаудағы ағаштардың бұталары мен елді мекен, демалыс аумақтарында химиялық өңдеу әдісі қолданылады. Бұл бағыттағы жұмыстарды қамтамасыз ету үшін 42 техника, 96 жұмысшы күші жұмылдырылған.
Айта кетелік, экологияға қатысты проблемаларды шешу жолдары талқыланған облыс әкімдігінің аппарат мәжілісінде экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұржас Нұрболат басқа өңірлермен салыстырғанда экологиялық жағдай қолайлы екенін атап өтті. Арыз-шағымдар бойынша жүргізілген 109 тексеру жұмысының нәтижесінде 431 жеке және заңды тұлғаға 2 млрд 120 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Кей аудандарда атмосфералық ауаға шығатын шығарындылардың шекті нормадан асып кету дерегі мен су нысандарының ластану фактілері анықталған. Уран өндірушілердің кен орындарында күкірт қышқылдарының заңсыз төгілу деректері орын алған. Ол бойынша айыппұл салынып, бүлінген жерлерге тазалау, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу туралы тапсырма берілген.
Аталған шіркейлердің мәселесі туралы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ілесбек Байжанов та өзінің ойын айтып жүр. Ол кісінің айтуынша, соңғы он жылда Сырдария мен Арыс бойының тұрғындары бұрын – соңды болмаған жағдай - қара шіркейлердің шамадан тыс көбейгендігін айтып келеді. Алғашында бұл жәндіктерден үй жануарлары зардап шексе, енді міне қазір адамдар, әсіресе жас сәбилер қаптаған шіркейлердің шабуылына ұшырап, дене мүшелерін түрлі жаралар басып кеткен.
«Отырар ауданының алқабында алғаш рет пайда болған бұл шіркейлердің қара бұлты қазір Арыс, Шардара, Жетісай, Сарыағаш аудандарынан асып, Ордабасы мен Шымкент қаласының шет аймақтарына дейін жетіпті. Алайда тұрғындардың бұл жан айқайына билік басындағылар ешбір айла да, іс - шара да таба алмай келеді. Негізі көктемгі тасыған артық суды, яғни табиғатымызға да, өмірімізге де аса қажетті тіршілік нәрін Өзбекстан жеріндегі Айдаркөлге жібермей, оны Көксарай су реттегішіне жинап, шілде айына дейін толығымен Сырдарияға қайта тастауға тиісті су қоймасының табанында сарқынды сулар көптеп қалып, маса мен шіркейдің көбеюіне әкеліп отыр дейтін мамандар да жеткілікті.
Әрине заңы белден басылатын, тәртібі бетімен жіберілген қоғамда құрылысшыларды айыптауға да толық негіз бар! Бірақ қоғамды дамытудың орнына кері қарай сүйреп бара жатқан жемқорлықтың ажырамас бөлігі «тендер» - деген «тажалға» тосқауыл қоймай, экономикалық өмірдің бар саласына білікті басшылық жасап, тегеуірінді тәртіп орнатпай 30 елдің қатарына кіреміз дегендердің барлық ұрандары мен айқайының ешқашанда жүзеге аспайтынына қазір көзіміз толығымен жетіп отыр! Қайта бұл әбден қалыптасып үлгерген жемқорлық жүйе мемлекетімізді құрдымға тартып барады. Ендігі жерде мұны ескермеу мемлекетті толығымен тоқыраулы тығырыққа әкелмек?!... Жалпы Сыр бойындағы шыбын - шіркейлердің көбейіп кетуінің басты себебі табиғи тепе - теңдіктің бұзылуынан болып отыр.
Осы шыбын – шіркейлермен қоректенетін бақаларды байлық пен ақшаға құныққан ашкөздер мың – мыңдап, тонналап аулап, Қытай мен Францияға асырып жіберіп, осылайша бұл бишаралардың тұқымдарына бұл өңірде тұз құйылды. Осы шіркейлердің суда өсіп көбейетін личинкаларымен қоректенетін балықтардың шабақтары да бақаның күнін кешуге таяп қалды. Өзен - көлдерде балықтар тым азайып кеткен. Оның да басты себебі көктем айларында мың – мыңдап қаптап Сырдария бойында түрлі техникалармен жарақтанған екі аяқты жыртқыш «браконьер» деген табиғат пен адамзаттың қас жауларының электр тогымен, қытайдың мың жылға дейін шірімейтін торларымен есепсіз аулауларының кесірінен жойылуда. Электр тогының әсерінен шабақтар мүлдем қырылып қалса, үлкендері уылдырық шашпайтын бедеулікке ұшырайды. Осындай үрдістер жалғаса берсе, өзен – көлдеріміз балықсыз, киелі Ұлы Даламыз аң мен құссыз қалатын түрі бар, мынандай немқұрайдылық пен жауапсыздықтардың арқасында?! Сонда бұл Құдайдан да, заңнан да қорықпаған жүйе келешек ұрпаққа не қалдырмақ?!
Қырғыз бен өзбек жерінде орналасқан химиялық, металлургиялық өндірістерінің шайынды суларымен, және де олардың агроөндірістерінің гербицидті улармен бүлінген тастанды былғаныш суларының Сырдария өзеніне жауапсыздықпен көптеп тасталынуына байланысты бұл елді мыңдаған жылдар бойы асырап келген өзен суы қазір мал суаруға да жарамайтын болған. Мұндай ластанған суларда балықтардың толыққанды өсіп - көбеймейтіндігі де белгілі» - дейді ол.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат