Ол өз баяндамасында 2024 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ұзындығы 13,7 шақырым болатын 16 ішкі көшеге орта жөндеу жұмыстары жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұдан бөлек ағымдағы жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 48,5 шақырым автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 15 елді мекендегі көшелер ретке келтірілмек. Соның ішінде Ақтөбе ауыл округі, Ақтөбе елді мекеніндегі «Шілік-Ақтөбе» автожолына, Шілік ауыл округі, Жаңа Шілік елді мекеніндегі №1, №2 көшелеріне ағымдағы жөндеу және С.Сейфуллин, Ескі Шілік елді мекеніндегі №3 көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.
Кездесу барысында Жансұлтан Әділжанұлы ауыл тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауап еріп, жиында көтерілген кейбір өзекті мәселелерді өз бақылауына алатынын айтып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Кездесу соңында ауыл қариялары аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжановтың есебін оң бағалап, ақ баталарын берді
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 7 наурызында «Әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі туралы» жарлыққа қол қойғаны белгілі. Онда «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін»делінген.
Жаңа құжат бойынша, облыс әкімі жарты жылда бір рет әр ауданда және облыстық маңызы бар әр қалада кемінде бір көшпелі кездесу, республикалық маңызы бар қала, астана әкімі қаланың әр ауданында тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу, аудан әкімі әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу өткізуі тиіс.
Әкім кездесулерінің икемді жылдық күнтізбесі қажет болған жағдайда тиісті мәслихаттың келісімімен жыл басында әзірленіп, жыл сайын 20 қаңтарға дейін үкіметке ұсыылуы қажет. Бұған қоса, әкім халықтың талап етуі бойынша және қажет болған кезде халықпен күнтізбеден тыс кездесіп отыруы тиіс болады. Жарлықта әкім кездесуінің регламенті де нақтылана түскен. Енді аймақ басшысы жоспарланған уақыттың "төрттен бірден аспайтын бөлігін" баяндама оқуға арнайды, ал қалған уақытты сұрақ-жауап форматында өткізеді. Бұл үшін әкім алдын ала жергілікті қоғам өкілдерінен халықтың сұрауы мен ұсыныстарын жинау жөнінде комиссия құрады. Әкімдік пен әкім аппараты кездесуге мүдделі адамдардың ауқымды аудиториясын, оның ішінде мәслихат депутаттарын, партия, қоғамдық ұйым және оппозиция өкілдерін тартсын делінген жарлықта.
Әкімдердің халықпен кездесуі – билік пен қоғамның, әсіресе өңірлердегі диалогын орнатуға негізделген кері байланыстың маңызды бағыты екенін айта кеткен жөн. Жаңа өзгерістерге сәйкес, әкімдер кездесу аяқталғаннан кейін азаматтарды жеке қабылдайды. Содан кейін проблемалы мәселелер жүйеленіп, оларды қаржыландыру мәслихат сессиясында қарастырылады. Осылайша, Қазақстан Республикасының барлық елді мекенінде тиісті өңірлердің басшылық құрамымен кездесулер өтеді.
Кездесулер халықтың талабымен және күнтізбеден тыс қажет болған жағдайда өткізіліп келеді. Егер бұған дейін ондай кездесулер есеп беру үшін ғана ұйымдастырылса, енді бұл міндетті шарт болып бекітілген. Бұған қоса, тұрғындардың талабымен кездесу бірнеше мәрте өтуі де мүмкін. Бұл ретте азаматтардың белсенді ұстанымы да маңызды. Сонымен қатар барлық деңгейдегі әкімдер тоқсан сайын ресми интернет-ресурстарда және «электронды үкімет» веб-порталында кездесу барысында халық көтерген проблемалы мәселелердің шешілу барысы туралы ақпарат жариялап отырады. Халықпен сөйлесіп, олардың мәселелерін шешуде десек, қателеспейміз. Тетіктері белгіленген. Ең бастысы - орындалуы және бақылануы маңызды!
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат