Айта кету керек, Шұбарсуды ауыз сумен қамту үшін 5 кезеңмен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірінші кезең бойынша нысан құрылысы аяқталып, 1 965 тұрғын немесе 655 абонент ауыз сумен қамтылды. Екінші кезең бойынша 3 333 абонент ауыз сумен қамтылатын болады. Нысанды биыл мамыр айында пайдалануға беру жоспарлануда.
Үшінші кезеңде 3 584 абонент ауыз сумен қамтылатын болады. Нысанды биыл мамыр айында пайдалануға беру көзделіп отыр. Ал,бесінші кезең 3 191 абонент ауыз сумен қамтылмақ.Жылдың соңына дейін барлық кезеңмен ауыл толық ауыз сумен қамтылатын болады.
Бүгінде облыс тұрғындарының 80 пайызы ауылды елді мекендерде тұрады. Сондықтан ауылдарды қажетті инфрақұрылыммен қамту – басты бағыттардың бірі. Түркістан облысында бір жылда мүлдем ауыз суы жоқ 10 елді мекендегі 9 мың тұрғын ауыз сумен қамтылды. Сондай-ақ 10 елді мекендегі тозығы жеткен ауыз су құбырлары жаңартылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың қорытындысымен Түркістан облысының халқы 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысын әрдайым қатаң бақылауда ұстап келе жатқаны мәлім. Облыста 720 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін 16 елді мекенде су жүйелері жүргізіліп, ауыз су беріледі.
Елді мекендерді үздіксіз және сапалы ауыз сумен қамту үшін жер асты су кен орындарын, су көздеріне іздеу-барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан уәкілетті органдар тарапынан су қорлары бекітілуде. Өңірде халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2018 жылы облыста 622 елді мекен (7 қала, 615 ауылдық елді мекен) ауыз сумен қамтамасыз етілген болатын. 6 жылда орталықтандырылған ауыз сумен елді мекендердің жалпы саны 720-ға жетті (7 қала, 713 ауылдық елді мекен) немесе 86,4 %-ға артып, 2025,3 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылып отыр.
Осыдан үш жыл бұрын елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба бастау алған еді. Ұлттық жобаға сәйкес, іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай ауыз сумен толық қамтамасыз етуге (сумен жабдықтау және су бұру желілерінің 16 мың км салу және реконструкциялау), қалаларда сарқынды суларды 100 пайыз тазартуға қол жеткізіледі, инженерлік желілердің тозуы (жылумен, сумен жабдықтау, су бұру) 55 пайыздан 47 пайызға дейін қысқарады. Өз кезегінде, аталған көрсеткішке қол жеткізу үшін Түркістан облысының әкімдігі тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Ендігі жерде өңірдегі ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстарға тоқталып өтсек.
Ең алдымен, биылғы жылдың басында облыстағы елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары күшейтіліп, жұмыс жоспары қатаң қадағалауға алынатын болған. Мұны облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде өңір басшысы Дархан Сатыбалды айтып, жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеп, бірінші кезекте ауыз су мәселесі толық шешуді және салаға қатысты жобаларды жеделдетуді тапсырған болатын. Облыс басшысының айтуынша, ауыз су мәселесін шешуге арналған жобалар сапалы болып, жұмыс тиянақты атқарылуы тиіс. Алдымен жер асты суын іздеу-барлау жұмыстары жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттарын әзірленеді. 2025 жылы елді мекендер 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін орындау мақсатында өңір басшысы қажетті ұсыныстарды жүйелеп, қаржы бөлу мәселесін шешуді тапсырған-тұғын.
2023 жылдың басындағы жағдай бойынша өңірдегі 831 елді мекеннің 719-ы ауыз сумен қамтамасыз етілгені белгілі. Бұған дейін облыстағы жүзден астам елді мекен ауыз суға жарымай отырған. Десе де, бұл түйткілді шешу бағытында біраз шаруа қолға алынып, атқарылып жатыр. Мәселен, былтыр 57 ауыз су нысанының құрылысына бюджет есебінен 13,3 млрд теңге бөлінді. Соның ішіндегі 43 нысанның құрылысы аяқталды. Қалған 14 нысан биыл, яғни, 2024 жылы пайдалануға беріледі. Сөйтіп су құбыры жүргізілмеген 17 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 11 елді мекендегі тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылмақ.
2015-2021 жылдары аралығында жергілікті атқарушы органдар тарапынан облыс көлемінде жалпы 267 елді мекендегі жер асты су қоры бекітілген. Биыл да бұл бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, 22 елді мекендегі іздеу-барлау жұмыстарын бітіруге және 88 елді мекенде іздеу-барлау жұмыстарын бастауға, сонымен бірге 15 шекара бөлімшесіндегі іздеу-барлау жұмыстарына облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлініпті.
Сәуір айында ауыз суға зәру болып келген Сарыағаш ауданына қарасты, Дербісек елді мекенінде су құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатқаны мәлім болды. Ауыз судың азабын тартқан ауылдағы бұл жұмыс аяқталса, 15 мыңнан астам тұрғын таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі екен. Одан бөлек, осы аудандағы Қабланбек ауылдық округіне қарасты Ақниет, Қанағат, Жонарық елді мекендерін таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқын алған. Аталған құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін 878 тұрғын үй, яғни үш елді мекеннің 7 мыңнан аса тұрғыны таза ауыз суға қол жеткізеді деп көзделген. Демек биылдың өзінде жиырма екі мыңнан астам сарыағаштық сапалы ресурсты тұтынуға мүмкіндік алады деген сөз.
Сондай-ақ көктемнің орта тұсында облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Жетісай ауданында да ауыз сумен қамтылған ауылдардың саны артатынын хабарлаған. Сол мәліметте Жетісайдағы қала, кент пен ауылдық округтерге қарасты 112 елді мекеннің 105-і ғана орталықтандырылғын ауыз су жүйесімен қамтылғаны, ол жерлерде 83 ауыз су ұңғысы мен 85 су мұнарасы, 24 су сақтағыш пен санитарлық қорғау аймақтары талапқа сай жұмыс істеп тұрғаны баяндалған. Ресми дерекке сүйенсек, өткен жылы Жетісай қаласының ауыз су жүйелерін қайта құру үшін 272 млн 289 мың теңге, Жаңа ауыл ауылдық округінің Жаңа ауыл, Қарой, Ынтымақ, Атаконыс елді мекендерін ауыз сумен жабдықтау жүйелерін салу үшін 1 млрд. теңге қаржы бөлінген. Сонымен бірге ауыз сумен қамту мақсатында Қазыбек би ауылдық округіндегі екі жарым мыңнан астам тұрғыны бар Құрбан ата елді мекеніне 422 млн 778 мың теңге, Ж.Ералиев ауылдық округіндегі Сейфуллин елді мекеніне 610 млн 613 мың теңге бөлінген еді. Одан бөлек, Сарқырама, Дархан, Тың, Алтынсарин, Жазықсай, Қызылқұм елді мекендеріндегі ауыз су жүйелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 136 млн 652 мың теңге, «Мембрана», «Омега» қондырғыларына және кәріз жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 52 млн 670 мың теңге бағытталған.
Көктемде Сауран ауданындағы Аша ауылына таза ауыз су берілді. Ол уақытқа дейін ашалықтар құдық суын ішіп келген екен. Ресми ақпаратқа сәйкес, жобаның жалпы құны 628,203 млн теңгені құрайды. Бұл қаржыға құбыр жүргізуден бөлек, тереңдігі 720 метрлік 2 су ұңғымасы қазылып, сыйымдылығы 200 текше метрді құрайтын екі су қоймасы салынған. Оған қоса, ауданға қарасты Ескі Иқан, Ибата, Қосмезгіл, Жүйнек, Қарашық және Шорнақ елді мекендеріне де жуырда таза ауыз су тартылмақ.
Сонымен қатар, көп уақыт өтпей жатып Бәйдібек ауданындағы Ақжар және Сарқырама елді мекендеріне де ауыз су берілді. Жалпы, бүгінгі таңда Бәйдібек ауданда 50 елді мекен болса, соның 44-іне орталықтандырылған ауыз су құбырлары жүргізіліп, біреуіне модулді су қондырғысы орнатылыпты.
Жалпы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін Түркістан облысының халқы түгел сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Сондықтан облыс басшылары аталған саладағы өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырған емес. Мәселен, жуырда ғана жиын өтіп, Түркістан және Кентау қалаларын Мырғалымсай жер асты су кен орны арқылы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі жан-жақты талқыланды. Өз кезегінде, өңір басшысы жауапты сала басшыларына Геология комитетімен бірлесіп, қысқа мерзімде елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және проблемалық мәселелерді шешу жолдары жөнінде нақты ұсыныс әзірлеп, ұсынуды тапсырды және ауыз су тапшылығының алдын алуға қатысты тиісті жұмыстарға күш салуды жүктеді.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының бір бағыты – тұрғындарды толықтай сапалы ауызсумен қамту болғандықтан, Түркістан облысында да ауылдарды қажетті инфрақұрылыммен қамту басты бағыттардың бірі ретінде белгіленген. Себебі бүгінде Түркістан өңіріндегі тұрғындарының 80 пайызы ауылда өмір сүріп жатыр. Осыған орай, биылғы жылдың басынан бері өңірдегі мүлдем ауыз суы жоқ 10 елді мекендегі 9 мың тұрғын сапалы ресурспен қамтамасыз етілді. Одан бөлек, тағы он елді мекендегі тозығы жеткен ауыз су құбырлары жаңартылған. Сәйкесінше, қазір облыстағы 720 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілген болса, жыл соңына дейін 16 елді мекенде су жүйелері жүргізіліп, тұрғындар тіршілік көзіне қол жеткізеді деп жоспарланған.
2024 жылы 61 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен 14,1 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде, биыл 35 нысан аяқталады, қалған 26 нысан 2025 жылға өтпелі. Нәтижесінде 12 елді мекен (Сарыағаш – 2, Отырар – 1, Төлеби –1, Келес – 4, Созақ –4) ауыз сумен қамтылады, 12 елді мекеннің (Бәйдібек –1, Арыс –1, Сарыағаш – 1, Төлеби – 3, Жетісай – 2, Мақтаарал – 2, Түлкібас –1, Шардара –1) тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады.
2024 жылдың қорытындысымен, 829 елді мекеннің 768-ін (7 қала, 761 ауылдық елді мекен) немесе 92,6%-ын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Яғни, 29 елді мекенде ауыз су мәселесі шешіледі. Облыс елді мекендерін 100% ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді.
Ол құжатта 41 елді мекенге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, 21 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, биыл 13 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға беріледі, қалған 8 елді мекен 2025 жылға өтпелі. 29 елді мекенде кешенді блок-модуль (КБМ) орнату жоспарлануда. Атап айтқанда, 3 елді мекенге (Келес – 2, Сарыағаш – 1) кешенді блок-модуль қондырғысы орнатылған, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. 11 елді мекенге КБМ орнатуға 2024 жылға ОБ есебінен 336,8 млн. теңге бөлінді.
Өңірде аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе талдау жұмыстары жүргізіліп, қорытындысымен «Облыс аумағындағы кестемен берілетін елді мекендерге тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, 2024 жылы 32 елді мекен 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етіледі. 2025-2027 жылдары аралығында 133 елді мекенді тәулік бойы ауыз сумен қамту жоспарлануда. Жаңа су көздерін барлау жұмыстары да қолға алынбақ.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат