Шараның мақсаты Сауран ауданында өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдері арасындағы татулықты нығайту, этносаралық кикілжіңдердің алдын-алу, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз ету болып табылады.
Алғашқы баяндаманы «Қоғамдық келісім» мекемесінің Сауран аудандық басшысы жасады. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық округінің Ақсақалдар алқасының төрағасы Оңлас Опабековке сөз берілді. Онда қоғамды демократияландыруды тереңдету, оны топтастыру, азаматтық татулықты, тұрақтылықты, әлеуметтік жаңғыртуды, этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету негізінде қоғамдық келісімді және ұлттық бірлікті одан әрі нығайту бағытында сөз қозғалды.
Бүгінде Сауран ауданында 111282 халық тұрады. Оның ішінде: қазақтар – 49531, өзбектер – 61101, орыстар – 93, татарлар – 46, әзірбайжандар – 182, тәжіктер – 154, кәрістер – 1, ұйғырлар – 163, шешендер – 1, қырғыздар – 4, бақұрттар – 2, чуваштар – 2. Сауран ауданында Сауран аудандық өзбек этномәдени бірлестігі заңды тұлға ретінде тіркеліп, жұмыс атқаруда.Сауран ауданы өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Құрманбай Рысбеков. Бірлестік мүшелерінің саны 12-ні құрап отыр.
Қазіргі таңда Сауран ауданында 10-нан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Этнос өкілдері бір шаңырақ астында тірлік қылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда. Тарихи топырақта бой көтерген Сауран ауданының құрылғанына да 3 жылдан аса уақыт өтті. 2021 жылдан бастап, өзбек этно-мәдени бірлестігімен қатар, Ассамблея жанындағы «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар кеңесі», облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің аудандық филиалы құрылып, этносаралық татулықты нығайтуда белсенді жұмыс атқарып келеді.
Бір шаңырақтың астында ұзақ жылдар бойы 140-қа жуық ұлт пен ұлысты, қырық түрлі дінді уағыздайтын үш мыңға жуық діни бірлестіктерді тату-тәтті ұстап отыру оңай емес. Алайда, еліміз қанша уақыттан бері шашау шығармай, достық пен бірлікті ту етіп, ортақ мүддеге жұмылдырып, олардың ортақ Отаны бола алып отыр.
Егер кезінде еліміздің құрамы көпэтносты және көпконфессиялы болуына байланысты күмәнді болжамдар айтылып, сонау Тәуелсіздік алып, еліміз енді аяғынан тұра бастаған тұста сарапшылардың «Қазақстанды қақтығысқа қолайлы, яғни, конфликт қаупі жоғары аймаққа жатқызғанын» ескерсек, мұның қаншалықты қиын шаруа екенін түсінеміз. Алайда, тәуба! Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, күні бүгінге дейін еліміз мемлекет үшін ең маңызды ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен тұрақтылықты, достықты өзіндік ұстаным етіп өмір сүруде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бірлік пен тұрақтылықтың сақталуына айрықша мән береді. Мұны оның халыққа арнаған Жолдауларынан да байқауға болады. Яғни, өзінің баяндамаларының барлығында әрқашан да елдегі ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтап қалудың маңыздылығын айрықша атап өтіп отырады. Сондықтан, елдік ұстанымға сай, еліміздегі барлық этностар арасында достық қатынас орнатып, олардың ауызбіршілікте өмір сүруі және әртүрлі діндер арасында өзара түсіністіктің орнауы берік қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, бүгінде елімізде этносаралық тату-тәтті қарым-қатынас пен қоғамдық келісімнің қазақстандық өзіндік үлгісі қалыптасқан. Бұл қазақстандық үлгінің астарында «алуан түрлілік арқылы тұтастыққа» деген халқымызды біртұтастыққа шақырушы ұстаным жатыр. Бұл ұстанымның еліміз үшін бағасы қашанда қымбат болған! Және алдағы уақытта да қымбат бола береді. Өйткені, елдік ұстаным осы!
Осы орайда атап өтер жайт, еліміздегі барлық этностардың өздерінің ұлттық тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға деген ұмтылысын, ынтасын байқап, еліміз барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұдайы қолдап отырады. Елбасының елімізде нәсiлдiк, этникалық, тiлдiк, дiни және өзге де белгiлерiне байланысты кемсітуге жол бермеy туралы нақты ұстанымын да айта кеткен жөн. Бұл бағытта елімізде бірде бір заң жоқ. Яғни, еліміздегі барша ұлттың баласы теңдікте өмір сүріп жатыр деуге болады.
Сонау аласапыран жылдары елімізге мыңдаған саяси тұтқындар келіп, қоныстанды. Бүгінде қазақ жерін мекен етіп отырған ұлттардың қай-қайсысы да кезінде елімізге жетіскеннен келмеген. Оларды сол кездегі саясат еркіне қарамай қоныс аудартты. Алайда, жарты бидайды бөліп жеген қонақжай қазақ халқының кең пейілінің арқасында олар естерін жинап, етектерін жапқан. Мұны сол кезде елімізге табан тіреген, көз көрген көнекөздердің барлығы да ашық айтады, алғысын жаудырып отырады. Қиыр Шығыс, Күнгей Кавказ, Солтүстік Кавказ, Қырым, Еділ арнасынан және өзге де елдерден жаппай жер аударулардың арқасында елімізге келген өзге ұлт өкілдері бүгінде өсіп, өніп отыр. Тіпті олардың бүгінгі ұрпақтары қазақ тілінде ана тіліндей сайрайды. Қазақстанның кең-байтақ жерін игеру, тың және тыңайған жерлерге түрен салуға қатысты ұрандатқан жылдары мыңдаған жастар Қазақстанда өз жаңа Отандарын тапты. Қандай мақсатта болмасын, елімізге табаны тиген өзге ұлт өкілдерін халқымыз ерекше жылылықпен және кең пейіл мінезімен қарсы алғандарын еске сала кету қажет.Мұны олардың өздері де сан қайтара айтып жүр.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кейбіреулер Қазақстан Республикасын құру мүмкін емес деген болжамдар айтып жатты. Олардың мұндай «диагноз» қоюына республиканың көп ұлтты болуы себеп болса керек. Тіпті, елімізге қатысты «көп ұзамай ұлтаралық жанжалдар туындайды» деген болжамдар да айтылды. Әлбетте, мұндай негізсіз, дәйегі жоқ болжамдардың барлығы барша халықтың еліміздің ертеңіне, ұлтымыздың болашағына, күдікпен қарауға себеп болды. Тәуелсіздік алған жылдары талай жұрттың елімізді тастап көшкені соның дәлелі. Алайда, соның өзінде елімізде қалған сан түрлі этнос өкілдері жетерлік еді. Сондықтан, осынау аумалы-төкпелі кезеңде еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынасты, конфессияаралық жағдайды тезірек қолға алу қажет болды. Жағдайды тез бағдарлап үлгерген Мемлекет билігінің ұзақ жылдарға арналған, стратегиялық саясатының арқасында көздеген мақсатымызға жете білдік. Осы жылдар ішінде ел бірлігі бұзылған емес. Еліміздің бұл бағыттағы ұстанымы алдағы уақытта да жалғаса берері сөзсіз.
Осы орайда атап айта кетер жайт, еліміздің этносаясатын күшейту, ел бірлігін нығайту бағытындағы елеулі қадам 2008 жылы жасалды деуге болады. Осы жылы қабылданған Қазақстанның ел бірлігі доктринасы көп мәселелердің шешілуіне түрткі болды. Аталмыш маңызды құжатта еліміздегі барлық этнос өкілдерін біріктірудің маңызды негізгі мақсаттары мен ұлттық бірлікке жету міндеті қойылған. Тұтастай алғанда, этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімге қатысты мемлекеттік саясатты жүргізудің нәтижесінде бұл салада саяси-құқықтық үлгі қалыптасты. Бұл үлгіде жергілікті халықтар, яғни, қазақтар мәдени-тарихи өркениетті өзек ретінде көрініп, мемлекет құраушы негізгі ұлт ретінде танылған.
Сан түрлі ұлттың әртүрлі сенімде болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан, ел бірлігіне қоса діни көзқараста да тұтастық қажет екенін мемлекет басшысы түсініп, бұл мәселені де қолға алды. Осы орайда соңғы жылдары еліміз дін саласында біршама мәселелерді шешіп, діни жаңғыруды бастан өткізіп жатқанын айта кету керек. Шын мәнінде, солақай саясаттың кесірінен бір кездері атеистік көзқарасқа ие болған еліміздің елеулі бөлігі дінге сенушілердің қатарына өте бастады. Уақыт өте «Ұлтаралық және дінаралық келісімнің Қазақстандық моделін жаңғырту жөніндегі 2006-2008-жылдарға арналған бағдарлама» қабылданып, ол табысты жүзеге асырылды. Күрмеуі түйінделген талай мәселені осы бағдарлама айқындап берді. Ал, 2011 жылы елімізде Дін істері агенттігі құрылды. Өмірге жаңадан келген агенттік осы саладағы түйткілдердің шешілуіне мұрындық болды. Және сол жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң қабылданды, жаңа заңның талабына сәйкес діни ұйымдарды қайта тіркеу жүзеге асты. Бұл елімізде сол жылдары қаптап кеткен түрлі діни бірлестіктерді сүзгіден өткізіп, олардың жауапкершілігін көтерді.
Аталмыш Заңды қабылдар алдында елімізде 50-ге жуық конфессия мен деноминацияларды білдіретін 4500-ден астам діни қауымдастық бар болатын. Қайта тіркеу нәтижесінде он жеті конфессияны білдіретін 3100-ден аса діни бірлестіктер қалғаны белгілі болып отыр. Бұл да болса дер кезінде ушыққан мәселені қолға алып, шешілуіне түрткі болған жайт. Өйткені, осынау статистикаға қарап-ақ заңның қоғам жауапкершілігін қалай көтергенін байқаймыз. Шын мәнінде бір республиканың астында он жеті конфессияны насихаттайтын үш мыңнан астам діни бірлестік пен жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілін тату-тәтті ұстап тұру үлкен күш-жігерді қажет етері сөзсіз. Алайда, елімізде тиімді жүргізілген саясаттың арқасында бұл мүмкін бола алып отыр.
Негізінен, халқымыздың этно-демографиялық құрамына орай ислам дінін ұстанатындардың көп болуына орай Қазақстан ислам дінді елдер қатарына жатқызылады. Өйткені, халықтың 70 пайыздан астамы мұсылман дінін ұстанады. Алайда, ислам дінінің басымдық етуі басқа діндердің іс-әрекетіне ешқандай кедергі келтірмейтінін байқап отырмыз.
Тәуелсіздігімізге түрлі діни конфессиялардың артуы да еш көлеңке түсіре алмайтынын бір кездері анық дәлелдедік. Елімізде мұсылмандық емес конфессиялардың күрт артқан кездері де болған. Алайда, олардың арасында діни сенім қайшылығы орын алмауын ел саясаты қамтамасыз етті. 2006 жылы елімізде өмір сүріп жатқан негізгі діндер — ислам және христиан мерекелері — демалыс күндері болып жарияланды. Елімізде салынып жатқан мешіттер мен шіркеулердің саны арты түсті. Халықтың діни сауатын арттыру мақсатында дінтанушылар шекара асып, діни білімдерін жетілдіріп келді. Мұның өзі дінге қатысты құрметті арттыра түсіп, азаматтардың діни сеніміне қатысты құрметті арттыра түсті. Ел ішінде дінге бет бұрған азаматтардың қатары арта түскені осының дәлелі бола алады.
Сондай-ақ, Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің төрт рет өткізілуі кездейсоқтық емес. Атап айтар болсақ, 2008 жылдың қазан айында Астанада «Ортақ әлем: әралуандылық арқылы прогреске» атты ислам елдерінің Сыртқы істер министрлерінің форумы өтсе, 2010 жылы маңызы жоғары ЕҚЫҰ саммиті өткізілді. Ал, 2011 жылы Ислам ынтымақтастық ұйымы елдерінің Сыртқы істер министрлерінің кеңесі болып өтті. Бұл халықаралық жиындардың барлығы саяси маңызы салмақты жиындар болатын. Еліміз бұл жиындарды сауатты өткізіп қана қоймай, өз көзқарасын да батыл білдіріп отырды. Соның айғағы — төрағалық ету жылында Ислам конференциясы ұйымы Ислам ынтымақтастық ұйымы болып атауы өзгертілді. Осының өзі Қазақстанның әлемді ынтымақтастыққа шақыруының бір белгісі еді. Бұл әлем елдерінің назарын елімізге аудартқан жиындар болды десек қателеспейміз.
Бүгінде Қазақстан дінаралық үнқатысу орталығы ретінде әлемге танылып отыр. Оның айқын дәлелі — үздіксіз, Астанада араға үш жыл салып, 2003, 2006 жылдары және 2009, 2012, 2015 жылдары тұрақты түрде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің съездері дәлел бола алады. Бұл айтулы шаралардың әрқайсысы бір-біріне ұқсамайтын, өзіндік маңызымен ерекшеленеді. Өйткені, барлығында әртүрлі әлемдік мәселелер қамтылды. Бұл шараларға сол жылдары әлем елдері жоғары баға беріп, Қазақстанның жағымды бет-бейнесін қалыптастыруға себеп болды.
Ең бастысы, біз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізді мекен еткен барлық халықтың арасындағы этникааралық келісімді, дінаралық ауызбіршілікті сақтай алдық. Елімізде мұндай деңгейде тұрақтылықты сақтау мемлекетіміздің негізгі бағыттарының біріне айналды десек те болады. Соның ішінде елімізде Ассамблеяның құрылуы ұлтаралық жағдайдың дұрысталyына айтарлықтай үлес қосты. Бұл консультативтік кеңесші органның арқасында этносаралық және конфессияаралық келiсiмнiң стратегиялық бағдарламасы жүзеге асты. Бұл осындай мәселелерге ықпал ететін бірден бір орган болып саналды.
Осы орайда айта кетер жайт, Қазақстанда ұлтаралық жағдайлардың дұрыс шешілуінің арқасында ұлтаралық жанжалдар мен қақтығыстар жоқтың қасы. Осының арқасында Қазақстан әлемнің басқа мемлекеттері үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақты дамудың үлгісі бола алды. Осынау береке-бірлігімізді мақтанышпен айтып, ұлттар мен диаспоралары осындай келісімде, түсіністікте өмір сүріп жатқан бірде бір ел жоқ деп айта аламыз.
Сонымен қатар, дүниежүзіне этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін паш ету, мемлекет пен саяси элитаны біріктірген Ассамблея құру, ел ауызбірлігі үшін ең қажетті құндылықтарды қалыптастыру еліміздің дамуының негізі болып табылады. Ұлтаралық келісім де үнемі мемлекеттік саясатымыздың негізі болып келеді.
Ассамблеяның бір жұмыс істеу бағыты медиация болуы тегіннен тегін емес. Өйткені, бірлі-жарым ондай оқиғаларды өз мүддесіне жұмыс істеткісі келгендер қай уақытта та болады. Сондықтан, шиеленісті жағдайға жеткізбей, мәселені дер кезінде ауыздықтап отыру бүгінде медиациялық кабинеттердің міндеті десек те болады. Бүгінде бұл шешімнің дұрыс болғанын уақыт дәлелдеп келеді. Осы орайда айта кетер жайт, еліміздің аумағындағы түрлі ұлт пен ұлыстардың ұзақ уақыт бойы түсіністікте өмір сүруі, үлкен қақтығыстарға бармауы, қоян-қолтық тіршілік кешіп, мамыражай өмір сүруіне бұл мемлекеттің түпкі иесі — қазақ халқының қанында бар кеңпейілділігі мен сабырлы-салиқалылығы себеп болып отырғанын елдің даму тарихына жіті қарап отырған кез келген сарапшы жоққа шығармайды. Сондықтан, халықаралық сарапшылар мұны керісінше, жоғары бағалап отыр.
Бүгінгі таңда әлем бойынша түрлі қақтығыстар мен тұрақсыздықтардың барлығы дерлік ұлттар мен діндер өкілдерінің арасындағы қарама-қайшылықтардан, өзара түсіністіктің жоқтығынан туындап жатқанын ескерсек, еліміздегі ауызбіршіліктің маңызы зор екенін түсінеміз. Кезінде талай сарапшылардың елімізді «көп ұзамай-ақ өзара түсініспей, мемлекетті құлатып тынады» деп, «ұлттар лабораториясы» атандырып, ертеңімізге күмәнді болжам айтқанымен, ел бола алатынымызды дәлелдедік. Тіпті, бүгінгі күні еліміздің өз бірлігін сақтап қана қоймай, әлем халқына тұрақтылықты, бейбітшілікті насихаттап, бірнеше жыл қатарынан саяси маңызды халықаралық жиындар өткізуге мұрындық болып, діндер мен ұлттар арасында түсіністіктің қалыптасуына ықпал еткен бірегей тәжірибелі, елге айналуымыз талай елдің ерекше қызығушылығын тудырып отыр.
Ел ішінде қалыптасқан осындай ахуалдың арқасында еліміз ұдайы даму үстінде. Жыл сайын ішкі жалпы өнімнің үлесі артып, зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылар еселеніп көбейіп, халықтың өмір сүру көрсеткіші артып келеді. Бұл, ең алдымен, еліміздегі тұрақтылықтың арқасы екені даусыз. Алдағы уақытта одан әрі дамуды мақсат еткен еліміз бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылуды мақсат етіп отыр. Әрқашан ел ішінде ғана емес, әлемде бейбітшілікті, ауызбіршілікті қолдаған елдің ертеңі жарқын болары сөзсіз. Этносаралық мәселелерді әрқашан әділетті түрде шешіп, еліміздегі барша ұлт пен ұлыстың көңілін табу арқылы, ел егемендігін сақтап, еліміздің дамуына тиімді жағдай жасай алдық. Бүгінгі күні бұл ұстанымымыздың дұрыс болғанын көріп отырмыз. Ең бастысы да — осы!
Қазақстанда өзге барлық ұлттар мен этностардың өкілдеріне білім алу мүмкіндігі берілген және олар оны қолданып та жүр. Бұрынырақта мемлекеттік тілде сөйлейтін қазақ емес адамды табу проблема болатын. Қазір бұл мүлдем сирек кездесетін жайт емес. Еліміздегі барлық этностардың арасында мемлекеттік тілді жақсы білетіндер саны артып келе жатыр. Мемлекеттік тіл жалпы мойындалған азаматтық маркерге айналды және көршілеріміз де соған бара жатыр. Бұл тек мемлекетті құраушы ұлттың тіліне деген құрмет қана емес. Өйткені, тіл барлығын біріктіреді.
Ширек ғасырдың ішінде Ассамблея нәтижелі консультациялық-кеңес органынан өзінің парламенттік өкілі бар жалпыхалықтық институтқа айналды. Ол азаматтық қоғамның әмбебап құрылымының барлық үздік сипаттамасын өзіне сіңіріп, достық, бейбітшілік, тыныштық пен сенім Қазақстанның қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы үшін маңызды үлес қосты. Дәл осы тәуелсіздігіміздің дамуы мен ұлттың қалыптасуы үшін бастапқы шарт болды. Бұл жетістік ең алдымен еліміздің барлық азаматтарының арқасында орын алғаны белгілі.
Қазақстанда этносаралық, конфессияаралық келісімді бұзатын кез келген әрекеттің Конституцияға сай еместігін нақтылайтын заң қабылданғанын атай кеткен жөн.Сол арқылы біз барлық азаматтарымыздың құқығын қорғаймыз. Бұл саладағы Қазақстан саясаты қабылданған барлық халықаралық стандарттарға жауап береді. БҰҰ, ЕҚЫҰ сынды ұйымдар біздің этносаралық қарым-қатынас моделімізге және ұлттар бірлігін нығайтуға бағытталған күш-жігерімізге жоғары баға беріп, жұмысымызды өзгелерге үлгі етіп отыр. Біздің елімізде «Рухани жаңғыру» деген атаумен қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы жүргізіліп жатыр. Оның мақсаты – жаңа шынайы жағдайда халқымыздың санасын, ойлау образын, өмірін өзгерту. Мұны терең түсіну қажет. Қазір өмір мүлдем өзгеріп, қоғамымызға тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген жаңа буын келді.
Қазақстанда қоғамдық келісімді қалыптастыру мәселесі елдің көпұлтты болмысымен түбегейлі тығыз байланысты. Ал өзіндік ерекше, көп бағытты және кейде өзара шектелетін мүдделері бар әр түрлі топтарды бір бүтінге біріктіру - өте күрделі міндет. Әдетте, бұл процесс ұлттық өзін-өзі тану жағдайындағы белгілі бір қиындықтармен, этно-ұлтшылдық сезімдердің мерзімді көріністерімен бірге жүреді.
Әмбебап механизм жоқ, оның арқасында белгілі бір идея негізінде азаматтық ұлт қалыптастыруға болар еді. Әр мемлекет өз мемлекетінің этникалық құрамына, тарихи -аумақтық ерекшеліктеріне, заңнамалық нормаларына, стратегиялық және идеологиялық принциптеріне назар аудара отырып, этнополитика мәселесін шешеді. Қоғамдағы тұрақтылықтың негізгі шарты - әр түрлі этностардың мүдделерін үйлестіруді жүзеге асыру әлеуметтік тұтастықтың бұзылуына әкелмейді және ұлтаралық шиеленістің көрінуіне ықпал етпейді. Жалпы, ұлтаралық шиеленістің болуы әрқашан ашық қақтығыстарға әкелмейді, сондықтан бұл құбылыстың факторларын уақытында болжап, алдын алу қажет.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік қоғамдағы азаматтық бейбітшілікті сақтаудың ең оңтайлы әдісі ретінде мемлекет пен оның институттарының белсенді ынтымақтастығы жағдайында мүмкін болады. Қазақстан үшін қоғамдық келісімді сақтау мен ұлттық бірлікті нығайту саласындағы негізгі институт - Қазақстан халқы Ассамблеясы. ҚХА бейбітшілік пен рухани келісім принциптерінің дирижері ретінде бүкіл Қазақстан бойынша көптеген этномәдени бірлестіктердің қызметін біріктіреді.
Бүгінде республикада 367 этномәдени бірлестік аккредиттелген, оның ішінде 14 республикалық. Жалпы алғанда, бүкіл ел бойынша 43 этностың 1025 этномәдени бірлестігі жұмыс істейді.
Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі, «әртүрлілікте бірлік» принципіне сүйене отырып, қазірдің өзінде елде де, одан тыс жерлерде де жеткілікті түрде қайталанатын бренд болып табылады. Бұған көп күш пен мемлекеттік бағдарламалық құжаттар бағытталды.
Көп ұлтты қоғамдағы диалогтың табысы кешенді шаралар мен идеологиялық конструкцияларды әзірлеу мен енгізуді қамтамасыз етеді. Осыған байланысты қоғамдық келісімнің моделі мемлекеттің республиканың барлық этностарымен қарым-қатынасын анықтайтын және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеудің, ұлттық мүдделерді қорғаудың, әріптестік қарым-қатынастың демократиялық принциптеріне негізделуімен анықталады.
Қоғамдық келісімді жасанды түрде сақтауға болмайтыны түсінікті. Қоғамның өзі бұл процеске мемлекет пен азаматтық институттардың өзара әрекеттестігі негізінде қатысуы керек. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттық масштабта азаматтық сектормен, халықаралық ұйымдармен, мемлекеттік органдармен, ғылыми және шығармашылық интеллигенциямен, бұқаралық ақпарат құралдарымен белсенді түрде өзара әрекет жасайды. Осылайша этносаяси және этномәдени құзыреттіліктердің қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз етеді.
Қызмет аясы кеңейіп, қойылған міндеттер жүйелі түрде жүзеге асқанда, ҚХА жергілікті деңгейдегі қоғамдық бақылау, қайырымдылық, делдалдық және т.б сияқты жұмыстың жаңа институционалды бағыттарын дамытады.
Барлық аймақтарда ҚХА қамқорлығымен 3 мыңнан астам қоғамдық келісім кеңестері мен облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейдегі 1793 аналар кеңестері, сондай-ақ ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. Қоғамдық кеңестер құрудың негізгі мақсаты азаматтық институттардың, саяси және басқа да бірлестіктердің қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті нығайтудағы күш-жігерін шоғырландыру болды.
Қазақстанның теңдестірілген этносаралық саясаты демократияның тұжырымдамалық негіздерін құрайды. Бірақ демократия, біз білетіндей, басқаша. Бұл жағдайда қазақстандық демократия этносаралық қатынастардағы принциптерді бөлу парадигмасынан интеграциялық қатынастарды біріктіру принциптеріне айналды.
Біз тәуелсіз ел атанған соң бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісі заңнамаға, мемлекеттік және азаматтық бастамаларға, сондай -ақ азаматтық қоғам институттары мен мемлекет арасындағы сындарлы диалог негізінде қалай байып, дамығанын көрдік. Сонымен қатар, осы салыстырмалы қысқа уақыт ішінде, іс жүзінде, мүмкін болатын іске асыру тұрғысынан оларды шешуді және талдауды қажет ететін көптеген мәселелер жинақталды.
Осы орайда, Қазақстан халқы Ассамблеясының 29 жыл ішіндегі қызметі көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамалар шеңберінде бірталай жетістіктер мен іске асырылған міндеттерге толы екені анық. 2019 жылдың өзінде ҚХА 11 мыңнан астам қайырымдылық акциясын өткізді, 600 мыңнан астам адамға 3,8 миллиард теңге сомасында көмек көрсетті. ҚХА қызметін қамтамасыз етумен айналысатын «Қоғамдық келісім» РМУ этномәдени бірлестіктерді тарта отырып, 236 қоғамдық, ғылыми, сараптамалық, мәдени, танымдық және имидждік іс -шаралар ұйымдастырылды.
Этносаралық және конфессияаралық қатынастардың саласы өте күрделі. Мұнда кез келген жағымсыз фактор үлкен шиеленіс немесе күрделі мәселе тудыруы мүмкін. Жаһандық үдерістерге тән экономикалық дағдарыс, әлеуметтік әділеттілік принциптерінің бұзылуы, адамгершіліктен айырылу этникалық топтардың агрессивтілік, әлеуметтік қашықтықтың ұлғаюы, алыстау сияқты қорғаныс реакцияларын туғызады, бұл түптеп келгенде ұлтаралық шиеленістің күшеюіне әкеледі. Бұл елдің имиджіне де, одан әрі дамуына да әсер етері сөзсіз.
Жалпы алғанда, кез-келген мемлекет үшін қоғамдық келісімді сақтау мен нығайтудың маңызы жоғары болып қала береді, өйткені ол тұрақтылық пен ұлттық бірліктің нығаюының кепілі, олар мемлекеттің даму саясатының негізгі принциптері ретінде берік бекітілген.