Дүйсенбі, 27 Мамыр 2024 09:41

Шымкент: Бадамның жағалауы тазартылды

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Шымкент қаласындағы Бадам өзенінің жағалауында санитарлық тазалық жұмыстарына Тұран ауданының тұрғындары мен коммуналдық сала қызметкерлері, эко-белсенді жастар қатысты. Қаланың солтүстік-батыс аумағын қамтитын Бадам өзені қала тұрғындарының бір сәт демалуына және қала маңындағы елді мекендерде егін және бау-бақшаларды сумен қамтамасыз ететін бірден-бір өзен. 

100-ден астам аудан тұрғындары өзен аумағындағы түрлі қоқыстарды, бей-берекет шөп-шаламдарды және өзеннің суымен жиналған түрлі қоқыстарды тазалап, өзен маңайындағы су көздерін тазалады.

Тазалық жұмыстарына 10-нан астам техника жұмылдырылып, өзен бойындағы шөптер шабылды.

Іс-шараға қатысқандар қаламыздың тазалығы басты назарда екенін, оған әрбір қала тұрғындары белсене атсалысуы қажет екенін жеткізді.

Айта кетейік, аталмыш шара Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы жүзеге асыру мақсатында өткізілуде. Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын өткізудің іс-шара жоспары бекітілді.

Экологиялық акцияның алғашқы «Таза өлке» апталығында қала тұрғындары ерекше қолдау білдіріп, қоғам белсенділері, ерікті жастар, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарына белсене қатысты.
Акцияның бірінші декадасында 380 арнайы техника, 49 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Сонымен бірге, 282 шақырым көше бойы, 85 шақырым аяқ жолдары, 59 мың дана ағаштарды әктеу және қырқу жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде қаладан 300 тонна шамасында қоқыс шығарылды. 355 шақырым ирригациялық жүйе, 95 аялдама жуылып, 1200 дана қоқыс жәшігі (урна), 285 дана орындық сырланды.

 

Оқылды 187 рет