Бүгінде аудандағы жолдардың жағдайын жақсартуға жылдан жылға жақсы көңіл бөлініп келеді. Мәселен 2023 жылы ұзындығы 45,5 шақырымды құрайтын 73 көше орташа жөндеуден өтсе, 2024 жылға ұзындығы 56 шақырымды құрайтын 78 көшені жөндеу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда сметалық құжаттамалар әзірленіп, сараптама қарауына жолданды.
Халықты спортқа баулу мақсатында да бірқатар істер атқарылған. 2023 жылы 7 спорт алаңшасы тұрғындардың пайдалануына тапсырылса, 2024 жылы 8 ашық спорт алаңшасын орнату жоспарлануда. Мердігер мекемелермен келісім шарттар түзілуде. Сондай-ақ, Еңбекші ауданы әкімі аппараты тарапынан 2024 жылы 5 гүлзар салу жоспарлануда. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес «ВI Group» ЖШС-нің демеушілігімен Жібек жолы көшесінің бойынан қала тұрғындары мен қоңақтарына арналған қоғамдық кеңістік құрылуда.
Аудан аумағында күз, көктем мезгілдерінде жауын-шашын суларының басуының алдын алу мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізіліп 57 мекен-жай анықталған. Шымкент қаласының маслихат шешімімен ирригациялық арықтарды орнату жұмыстары Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы тарапынан жүргізілуде.
Бүгінде Еңбекші ауданы аумағындағы 29 шағынаудан мен тұрғын алаптардың халық шоғырланған негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған.
Еңбекші ауданының аумағы 22 800 гектар құрап, халық саны 228 830 болды. Ауданда 18 тұрғын алап және 11 шағынаудан бар. Еңбекші ауданында 728 көше, 1 саябақ, 2 гүлзар, 283 көпқабатты және 37061 жеке тұрғын үйлер орналасқан.