Алдымен қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы үйде оқытылатын оқушыларға сыйлық жолдау шарасына қатысты. Қала әкімі өз құттықтауын жеткізе отырып, сыйлықтар салынған көлікті шығарып салды. Мерекелік шарада балалар өздерінің мектеп қабырғасында жасаған қолөнер бұйымдарын ұсынса, сурет салу өнерін меңгеріп келе жатқан жеткіншектер асфальтке және қағазға сурет салып, бейбіт өмір мен балалар қуанышын, егемен елге ризашылықтарын қылқалам арқылы жеткізді.
Қаладағы мектептердің «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» тақырыбындағы кітап көрмесі, балабақша ұжымдарының шығармашылық көрмесі, жас спортшылардың сайыстары да мереке барысында көпшіліктің көңілінен шықты. Балабақша бүлдіршіндері ата-аналарымен бірге спорттық сайыста шеберліктерін көрсетумен қатар сахнада өз өнерлерін жоғары деңгейде паш етті. Сахна төрінде балаларға жылы лебіздерін жеткізген қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы бірқатар балаларға арнайы сыйлықтарын тарту етсе, барлық балаларға балмұздақ таратып, зор қуаныш сыйлады.
Халықаралық балаларды қорғау күні 1949 жылы қарашада Парижде өткен Әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясы конгресінің шешімімен бекітіліп, ағаш рет 1950 жылы атап өтілді. Негізгі халықаралық шарт – 1989 жылы 20 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған Бала құқықтары туралы конвенция.
Қазақстанда айтулы датаға орай еліміздің барлық өңірінде түрлі мерекелік іс-шаралар мен спорттық сайыстар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 18 жасқа дейінгі балалар саны - 6 841 527. Оның ішінде 3,5 млн – ұл, 3,3 млн – қыз бала. Балалардың 59,7% қалалық жерде тұрады.
Халықтың жалпы санында 18 жасқа дейінгі балалардың үлесі 34,1% құрайды. Өңірлер арасында халық санындағы балалардың ең жоғары үлес салмағы Түркістан облысында 18 жасқа дейінгі балалар жалпы өңірде тұратын халықтың халықтың 43,3%-ын құрайды. Одан кейін Маңғыстау облысы (41,9%) және Шымкент қаласы (40,6%).
Бүгінгі таңда елімізде балаларды дамытуға бағытталған 10 871 мектепке дейінгі ұйым бар. Оларда 922 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жүр. Осы 10 871 ұйымның 7 390-ы балабақша болса, 3 481-і шағын орталық.Елімізде 7550 жалпы білім беретін мектеп бар. Онда шамамен 3 млн 600 мыңнан астам бала оқиды.
Балаларды қорғау күнінің мақсаты не және оны қалай атап өту керек? Балаларды қорғау күнінің атап өтілуі – олардың құқықтары қазіргі қоғамда қалай қорғалып жатқандығына назар аударудың басты себептерінің бірі болып табылады. Бұл дүниежүзіндегі балалардың өзекті мәселелерін шешуге арналған мүмкіндік болып саналады. Ал балалар үшін отбасымен қарсы алатын, естен кетпес естеліктерге толы мереке болып есте қалмақ.
Балалаларды қорғау күнінің міндеттеріне келсек,мерекелік күннің негізгі міндеті – Халықаралық конвенцияда бекітілген, балалар құқықтарын қоғамға тағы бір рет еске салу әрі оны насихаттау болып табылады. Олардың қатарына төмендегілер жатады: Өмір сүру құқығы. Балалар өмірі түрлі әскери қақтығыстардан, ауыр сырқаттардан, аштық пен кедейліктен қорғалуы тиіс. Лайықты өмір сүруге, тәрбие алуға, оқуға және физикалық әрі рухани тұрғыда дамуына тең құқылы болу. Балалар құқығын қорғау күнінде сонымен бірге әлем бойынша балаларға қатысты шешілмеген, түйткілді мәселелерге назар аударып, оны шешу жолдарын ұсынуға баса мән беріледі.
Мұндай өзекті мәселелердің қатарына мыналар жатады: Кей елдерде халықтың басым көпшілігі, оның ішінде балалар аштықтың зардабын шегеді. Балалар әскери қақтығыстардан, ЖИТС, ВИЧ-инфекциясы және өзге де күрделі аурулардан көз жұмады. Үшінші әлем елдерінде кәмелет жасына толмаған балаларды ауыр еңбекке салып, құлдыққа сатады. Оқу орындарының болмауы салдарынан кей балалар кейде тіпті бастауыш мектепте білім ала алмай жатады. Көптеген дамыған елде теледидар, интернеттің теріс әсері сынды проблемалар да бар. Салдарынан жасөспірімдер арасында интернетке тәуелділік, жағымсыз әдеттерге деген қызығушылық артып келеді. Балалардың күйзелісі көп жағдайда психикалық ауытқушылықтарға, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға әкеп соқтырып жатады. Бұдан бөлек олардың арасында шылым шегу, ішімдік ішу, есірткі сынды күрделі мәселелер белең алып келеді.
Қазақстанда балалар құқығын қорғау конвенциясы 1994 жылы қабылданды. Олардың басты талаптары елдегі балалар құқығын қорғау жүйесінің негізіне айналды. Республикада балалардың құқығын барлық деңгейде қорғайтын мынадай заңдар қабылданды: ҚР Конституциясына сәйкес (27 бап) отбасы және балалар мемлекет қорғауында болады. "ҚР балалар құқығы туралы" Заңында балалардың өмірін және денсаулығын қорғау, олардың ар-ожданына қол сұқпау, қажетті өмір сүру деңгейі, білім алу, балалардың мүліктік құқығы, мемлекеттік көмек және демалыс, бос уақытын өткізу сынды құқықтары бекітілген. ҚР "Неке және отбасы туралы" кодексінде кәмелет жасына толмаған балалардың құқығын қорғау баптары енгізілген. Қазақстанда Білім және ғылым министрлігі жанынан Балалар құқығын қорғау комитеті құрылған. Ол аталған сала бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асырады.
1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні әлем елдерінде қалай тойланады? "International Children’s Day 2023: Date, History, Activities & Gift Ideas" мақаласында әлем елдерінде балалар күнінің қалай тойланатыны туралы қызықты ақпарат берілген. Германияда балалар күні Kindertag деп аталады. 1950 жылдан бастап тойланатын бұл мерекені неміс балалары асыға күтеді. Бұл күні балаларды ата-аналары құттықтап, сыйлықтар береді. Балалар экскурсияларға, мектептегі арнайы іс-шараларға қатысады. Польшада халықаралық балаларды қорғау күні ерекше күн болып саналады. Мектептерде спорттық ойындардан тұратын арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады. Ата-аналар балаларымен көбірек уақыт өткізіп, сүйікті тағамдарын пісіреді немесе ойыншықтар, тәттілер сыйлайды. Балалар күнінде поляк отбасылары табиғат аясында демалыс өткізуді дәстүрге айналдырған. Вьетнам балалары бұл күні ойын ойнап, хайуанаттар бағына барады. Кейбір ата-ана балаларын сүйікті мейрамханасына апарып тамақтандырады. Балалар мектептерде өтетін арнайы ән мен би шоуларына қатысады. Оқу жылын үздік аяқтаған оқушыларға мұғалімдері сыйлық беріп, марапаттайды. Қытайда 1 маусым күні эксклюзивтік спектакльдер ұйымдастырылады. Оған қоса бірнеше туристік бағыт, мейрамханалар мен кинотеатрлар тарапынан балаларға жеңілдік жасалады. Мерекеге орай ересектерге, соның ішінде үкіметтік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге балаларымен көбірек уақыт өткізу үшін арнайы демалыс күні беріледі.
Балаларды қорғау күніне қатысты дәстүрлер туралы айта кетер болсақ, мереке "Өмір сүру құқығын қорғаймыз" қағидасы аясында атап өтіледі. Балаларда 1 маусым ересектер ұйымдастырған түрлі мерекелік іс-шараларға қатысумен өтеді. Жеткіншектер бұл күнді жазғы демалыстың басталуы, демалу, өзіне ұнайтын іспен айналысу кезеңімен байланыстырады. Оқу орындарында бұл күні ертеңгіліктер, мәдени шаралар мен өзге де мерекелік жобалар ұйымдастырылады. Ал әлеуметтік әлсіз топтардың балаларына бұл күні қайырымдылық шаралары өткізіліп, сый-сыяпаттар таратылады. Мәселен бұл күні оларға театр, киноға бару, парктер мен түрлі аттракциондарда қыдыру сынды шаралар ұйымдастырылады. Балаларды осы күні арнайы құттықтап, тәттілер пісіру дәстүрге айналған.
Жасөспірімдерге бұл мерекеге қандай сыйлық сыйлауға болады? Төменде осы сауалға жауап беріп көрсек: Спортпен айналысуға арналған заттар немесе арнайы үлгідегі киім. Шығармашылықпен айналысуға арналған бұйымдар. Ойыншықтар мен конструкторлар. Балаларды қорғау күнін қалай өткізуге болады? Бұл күні балаларға көптен бері уәде беріп жүрген дүниеңізді жасаңыз. Мысалы кішкентай балалармен ойын алаңдарына барсаңыз, ересек балалармен саябақтар мен аттракциондарға бара аласыз. Бұл күні сіздің мақсатыңыз оған естен кетпес жылы естеліктер қалдыру болу керек. Ал кешкісін балалармен өздері ұнататын дәмханаға барып қайтсаңыз болады. Бұл күн балалар үшін көптеген сыйлық алып, жақындарының айрықша махаббатына бөленетін ерекше күн. Сол себепті оны ерекше ыстық естеліктерге толы етіп өткізуге тырысыңыз.
Адамзат өркениетінің ең басты жетістігі демократиялық құндылықтардың қоғам құрылысын реттейтін халықаралық стандарттар деңгейіне көтерілуі дейтін болсақ, «бала құқығы» ұғымы сол демократиялық құндылықтардың негізгі нышандарының бірінен саналады. Адам құқығы, әйел құқығы, бала құқығы дейтін асыл ұғымдардың түпкілікті маңызын түрліше тәпсірлеп, сан-саққа жүгіртіп, пікір таластырып жататын қазақ қоғамына қарап, демократиялық құндылықтар елімізде іс жүзінде қаншалықты салтанат құрып тұрғанын көруге болады.
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті биыл жүргізген әлеуметтік зерттеу кезінде қазақстандық балаларға «Сіздің құқықтарыңыз жиі бұзылып тұра ма?» деген сұрақ қойылған екен. Сұраққа көбісі жоқ деп жауап берген. Нақтырақ айтсақ, «ешқашан»-38,2%, «кейде кездеседі» -30,3%, «білмеймін»-23,1%. «Иә» деп жауап бергендердің ішінде 3,7%-ы «үнемі тап болатынын», 4,7%-ы «жиі ұшырайтынын» айтқан.
Жауаптарды жас санаты бойынша қарастырсақ, 10-11 жастағы респонденттердің жартысына жуығы (43,4%) «жоқ, ешқашан кездескен жоқ» десе, 3,4%-ы жиі кездесетінін айтқан. Сауалнамаға қатысқандардың жасы ұлғайған сайын «құқығым жиі бұзылады» дегендердің үлесі артып отырған. Бұл әсіресе 12-15 жас аралығындағы балалар арасында байқалады. Мұнда 5,1% «жиі», 3,8% «тұрақты кездеседі» деп жауап берген.
Респонденттердің 34%-ы әрекет ету еркіндігін шектеуге және жеке өмірге өрескел араласуға тап болатындарын айтқан. Ал 30,03%-ы адамдық қадір-қасиетін қорлауға тап болатындарын көрсетсе, 32,35%-ы өздерінің пікірлерінің еленбейтінін және ересектер оларды жеке тұлға ретінде қабылдамайтынын атаған. Сондай-ақ, 25,35%-ы оларға қатысты физикалық және психологиялық жазалау әдістері қолданылатынын атап көрсеткен.
Қазақстан заңнамасында алғаш рет кәмелетке дейінгі балалардың құқықтарына арналған нормалар «Неке және отбасы туралы» ҚР Заңында қабылданды. Бұл Заң қабылданғанша балалардың құқықтары ата-аналар мен балалардың құқықтық қатынастары призмасында қарастырылып келді. Бұл ретте балалар өз қабілетсіздігіне байланысты дербес құқық иесі емес, ата-аналар қамқорлығының пассивті объектілері ретінде көрінетін. Кәмелетке толмаған балалардың құқықтарына арналған жеке тарауды заңға енгізу бұл тәсілден арылуға көмектесті.
2002 жылы 8 тамызда елімізде «Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары туралы» Заң қабылданды, ол ҚР Конституциясында кепілдік берілген баланың негізгі құқықтары мен мүдделерін іске асырудағы қатынастарды реттейді. Бұл заңда балалар мүддесіндегі мемлекеттік саясат мақсаттары, олардың негізгі құқықтары мен міндеттері жазылды. Баланың отбасындағы қарым-қатынасына, бала мен қоғамға, мүгедек баланың құқықтарына және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарына бөлек тараулар арналған.
Сонымен, мемлекеттік саясаттың балалар мүддесі үшін негізгі мақсаттары мынадай:
1) балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, оларды кемсітушілікке жол бермеу;
2) олардың құқықтары бұзылған жағдайда қалпына келтіру;
3) бала құқықтары кепілдіктерінің құқықтық негіздерін қалыптастыру;
4) балалардың дене бітімі, зияткерлік, рухани және өнегелік жағынан дамуына жәрдемдесу.
Баланың қандай құқықтары бар?
Баланың өмір сүруге құқығы, қорғалуға құқығы, денсаулығын сақтауға, баспанаға, білім алуға құқығы, жеке даралыққа және оны сақтауға және мемлекеттік көмек алуға құқығы бар.
Сонымен бірге, баланың негізгі құқықтарынан кейін төмендегі құқықтар айқындалған:
* отбасында тұруға және тәрбиеленуге;
* өз ата-анасының кім екенін білуге;
* олармен бірге тұруға (бұл оның мүдделеріне қайшы келетін жағдайларды қоспағанда), олардың тарапынан көрсетілетін қамқорлыққа;
* ата-ананың тәрбиесіне, олар болмаған жағдайда немесе ата-ана құқығынан айырылса – қамқоршының немесе балалар мекемесінің тәрбиесіне;
* жан-жақты дамуға;
* адамның қадір-қасиетін құрметтеуге;
* ата-аналармен, ата-әжелермен, бауырларымен және өзге де туыстарымен байланыс орнатуға;
* өз пікірін білдіруге;
* тегін, атын, әкесінің атын алуға;
* өмір сүруге және өз кірістеріне қаражат алуға.
ҚР ІІМ мәліметінше, соңғы жылдары балалардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы қылмыстар саны күрт өсті. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Балалардың құқықтарын зорлық-зомбылықтан қорғау саласындағы заңнаманы қатаңдатуды тапсырды. 2019 жылы 27 желтоқсанда Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл арқылы Қылмыстық кодекстің 120 «Зорлау» және 121 «Сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық» баптары бойынша жауапкершілік күшейтілді. Олар 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен тағы да орта санаттан ауыр санатқа ауысырылды.
Ал жас балаға қатысты сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері 20 жыл бас бостандығынан айыру немесе баламасыз өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілікті көздейді. Жас балаларды өлтіргені үшін де осындай жаза қарастырылған.
Мұндай істердің бір санаттан екінші санатқа ауысуы еш татуласу көзделмейтінін де білдіреді. Айта кетейік, ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, бұрын зорлау қылмысы ауырлығы орташа санатта болған және істердің жартысынан көбі татуласуға байланысты сотқа жетпеген, ал ымыраға келуде көбінесе жәбірленушілерге қысым көрсетіліп отырған. Одан бөлек, педофилия фактілерін хабарламағаны, жасырып қалғаны және бұрмалағаны үшін (ҚК 416, 432, 434-баптары) бас бостандығынан айырудың ең ұзақ мерзімі – 6 жыл болып бекітілді.
Нәтижесінде, ҚР Бас прокуратурасының мәліметі бойынша, Президенттің жазаны қатайту туралы тапсырмасынан бір жыл өткен соң, елімізде жыныстық зорлық-зомбылық қылмыстарының саны 30%-ға азайды, ал жазаны қатаңдатудың өзі мұндай әрекеттерді жасаудың алдын алды.
Өзін-өзі дамыту құқығы
Мемлекет басшысы балалардың интеллектуалды дамуы жөнінде «Жақсы мұғалімдерсіз білімді қоғам шығару мүмкін емес» деп айтқан еді.
«Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру сөзсіз басымдық болып табылады. Бұл – бүкіл қоғамның дамуындағы маңызды фактор. Біз мектептерді материалдық жағынан қаншалықты қамтамасыз етсек те, жақсы мұғалімдерсіз білім сапасын көтеру мүмкін емес», - деп атап өтті Президент 2022 жылғы 11 қаңтарда депутаттар алдында сөйлеген сөзінде.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы мұғалімдер тапшылығы бар өңірлер үшін қолдау шараларының тиісті пакетімен бірге үздік педагогтерді тартудың арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.
Еске сала кетсек, 2019 жылы Президент қазақстандық мұғалімдердің жалақысын төрт жыл ішінде екі есеге көтеруді тапсырған болатын. Биыл 1 қаңтардан бастап балабақша, мектеп және колледж педагогтарының жалақысы 25%-ға өсті. Білім және ғылым министрлігіне қарасты ЖОО оқытушыларының жалақысы 2019 жылдың қыркүйегінде 20%-ға, 2020 жылдың қыркүйегінде тағы 20%-ға артты.
Сонымен бірге Президент «Қазақстан халқына» жаңа қоғамдық әлеуметтік Қоры денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешумен айналысатынын атап өтті.«Қалаларда, аудандарда, кенттерде, ауылдарда балаларға арналған спорт нысандарын саламыз. Қабілетті балаларға көмек көрсетеміз. Мәдениетті қолдаймыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұқаралық балалар спорты
Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық балалар спортын дамытуды тапсырған еді. Президенттің пікірінше, Қазақстанда бұқаралық спортты дамыту балаларға интернетте азырақ уақыт өткізуге мүмкіндік береді.
2021 жылдың 1 мамырынан бастап елімізде балалардың бұқаралық спорты мен шығармашылығын дамыту үшін жан басына қаржыландыру енгізілді. Нәтижесінде, бүгінде 500 мыңнан астам бала спорттық және шығармашылық үйірмелерге тегін қатысады.
Әлеуметтік осал балаларға арналған квоталар
2021 жылы Қазақстанда жаңа оқу жылына білім гранттарын бөлу кезінде алғаш рет халықтың әлеуметтік осал топтары үшін квоталар қарастырылды. Бұған дейін квоталар тек жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және мүгедектерге берілетін. 2021 жылдан бастап үш жаңа квота қосылды.
Кәмелетке толмаған төрт және одан да көп бала тәрбиеленетін отбасы балаларына гранттардың жалпы санының 5%-ы, соңғы үш жылда толық емес отбасында өскен балаларға -1%, І, ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасы балаларына білім беру гранттарының 1%-ы көзделген. Квоталар ҰБТ тапсыру кезінде шекті балл жинау шартымен беріледі.
ҚР БҒМ мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру басқармасының мәліметінше, 2021 жылы көпбалалы отбасылардан шыққан 3,5 мыңнан астам бала грант иегері атанды, толық емес отбасылардан – 1000 адам және ерекше қажеттіліктері бар балалар тәрбиеленетін отбасылардан – 300-ден астам бала грант иеленген. Сондай-ақ, жетім балалар арасында 400-ге жуық адам, 2021 жылы 300-ге жуық адам грант алған. Қазіргі уақытта олар жоғарғы оқу орындарында оқиды. Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы 2022 жылды Қазақстанда «Балалар жылы» деп жариялаған болатын.
«Балалар - мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
WWW.AQ-QARA.KZ