«Ауыл халқын қажетті инфрақұрылыммен қамту – басты міндеттің бірі. Біз бюджеттің мүмкінгінше ауылдарды газбен қамтып жатырмыз. Екі жылда 90-нан астам елді мекен табиғи газға қосылуда. Түркістан облысында жылдар бойы тоқтап тұрған 40-тан астам газ нысандарының мәселесі шешіліп, «сақалды құрылыстар» ретке келтірілді. Бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпаймыз. Жергілікті тұрғындарды ауыл-аймақты таза ұстауға, елді мекенді абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамын», деді Дархан Сатыбалды.
Келес ауданындағы қолданыстағы газ тарату станциясы 1976 жылы іске қосылған. Бастапқы қуаттылығы – сағатына 2,8 мың текше метр болса, кейінгі жылдары қуаты 17,8 мың текше метрге дейін ұлғайтылды. Соңғы жылдарда аудан көлемінде табиғи газға қажеттілік артқан. Осыған орай, Келес ауданы елді мекендерін үздіксіз, тұрақты және жеткілікті көлемде сапалы табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Абай» АГТС нысанына құрылыс (қуаттылығын ұлғайту) жұмыстары жүргізілді. «Келес ауданы ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен қолға алынған жобаның құрылыс жұмыстарын «Газ КZ» ЖШС жүргізген. Жер көлемі 0,80 гектарды құрайтын нысанның құрылысы 2019 жылы басталған. Жобаның жалпы сметалық құны – 699 494,5 мың теңге.
Нысан соңғы заманауи қондырғылармен жабдықталған және толық автоматтандырылған. Жобаның қуаттылығы сағатына 30 мың текше метрді құрайды. Қазіргі уақытта 22 елді мекен (42 480 адам) табиғи газ тұтынуда. Алдағы уақытта осы АГРС арқылы «көгілдір отынға» қосымша 10 елді мекен (9 807 адам) қосылады. Жалпы аудандағы 32 елді мекен немесе 52 287 тұрғынды сапалы табиғи газбен қамтымақ. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік нысандар мен кәсіпорындар осы станцияға қосылады.Айта кетейік, облыс бойынша соңғы екі жылда 187 мың тұрғын немесе 90-нан астам елді мекен табиғи газға қосылды. Нәтижесінде, газбен қамтылған халықтың жалпы саны 1 млн 820 мыңға немесе 84,9%-ға жетеді (557 елді мекен).
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат