Сәрсенбі, 07 Қазан 2020 20:21

Түркістан облысында газдан улану фактілері азайды

Түркістан облысында газдан улану жағдайлары төмендеген.

Мәселен, 2018-2019 жылғы жылыту маусымында 17 оқиға орын алып, улы газдан 23 адам қайтыс болып, 19 адам жарақат алған. Ал 2019-2020 жылыту маусымында 7 оқиға орын алып, 5 адам уланып қайтыс болса, 4 адам жарақаттанған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов мәлімдеді.

«Департамент тарапынан газдан улану себептеріне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Әлеуметтік желілерге бақылау жүргізіліп, қауіпсіздік талаптары сақталмаған тұрғын үйлерге ескерту жасалып, жергілікті атқарушы органның, «ҚазТрансГазАймақ» пен «Оңтүстікжарық» өкілдерінің қатысуымен рейд жүргізіліп тұрады. Аталған жұмыстар барлық қала-аудандарда қолға алынып, арнайы жұмыс тобы осы бағытта қарқынды жұмыс атқаруда»,- деді департамент бастығы.

Бүгінде республика көлемінде 15 қыркүйектен бастап өрт қауіпсіздігі айлығы жүріп жатыр. Ол 15 қазанға дейін жалғасады.

«Түркістан облысында өрт қауіпсіздігін алдын алу жұмыстары маусым және тамыз айларында жүрді. Үйлерді аралау кезінде өрт қауіпсіздік нормалары мен талаптарын бұза отырып, пайдаланып отырған автономды жылыту жүйелеріне, электр сымдарының ақауына баса назар аударылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бүгінге дейін облыс көлемінде 26 167 үйге рейд жүргізіліп, 45 367 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталған. Сондай-ақ, департамент тарапынан БАҚ арқылы тұрғындарға ескертпелер, түсіндірмелер айтылып келеді»,- дейді Нұрғали Сырлыбайұлы.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат

 

Оқылды 227 рет